Әдебиет • 07 Маусым, 2018

Бас басылымның бес қасқасы

642 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Өзімнің де бұйырса қырық бесінші жазына тартып бара жатқан журналистік жолымда маған бір ылғи жақсы ағалар кездесіпті, бүтін елдің баспасөзінің баһадүр тұтқасындай бағландар батасын беріпті.

 

Бас басылымның бес қасқасы

Дәйім осыған шүкірлік етіп, іштей мерейленіп, қуанып та жүреміз. Қазақ баспасөзі ардагерлерінің осындай бір жарқын шоғыры Уақап Қыдырханов, Сарбас Ақтаев, Нұрмахан Оразбеков, Сабыржан Шүкірұлы, Бекболат Әдетов сынды марғасқаларға әріптес, сыйлас іні болып, ғибратын алғанымыздың ғанибеттігін сезінудің өзі қандай десеңізші. Осы арада Сарбас ағамыздың кітабын сыйлаған автограф қолтаңбасындағы: «Алдыңғы толқыннан алған тәлімің кішілік пен кісіліктен ешқашан танбас деп сенемін» деген сеніміне қалай селкеу түсірермін?!

Бұл аталғандардың ішіндегі жасы үлкені, жан тазалығын, ар сара­­лығын бойтұмар еткен сирек аға­лардың бірі Уақап Қыдырханұлы деп пайымдаймын. Өзінің ұстазы, бар­шамызға қадірменді Әзілхан абыз Нұршайықов Уақаң хақында: «Бірге істеген кезімде мен одан екі айрықша сипат аңғардым. Бірі – ешқашан құбылмайтын жібектей майда мінезі. Екіншісі – сөз шеберлігі» деген екен. Осы риясыз пікір біздің пайымды да растайтындай һәм қоштайтындай. Ал енді бақандай 20 жыл «Социалистік Қазақстанның» отымен кіріп, күлі­мен шыққан Қыдырханұлының сөз шеберлігі, тілінен май тамызар ма­қам-әуезесі өз алдына бір әдемі әлем.

Уақаң «СҚ»-да істеген жылдарын нағыз журналистік және өмірлік мектеп болды деп санайды. Ә дегеннен Әзағаның – Әзілхан Нұршайықовтың қолына түсіп, «Партия тұрмысы» атты жетекші бөлімде істепті. Осында жүріп Бауыржан Момышұлы, Ыбы­рай Жақаев, Сәбит Мұқанов сынды ел ардақтыларының мақала-сөзде­рін ұйымдастырады. Ұзақ Бағаев редактор болып келгесін мал шаруа­шылығы бөліміне меңгеруші етіп қояды. Ырыс-берекені молайтуға ша­қырған ізгі ниетті көп-көп мақа­лалар жазады.

Сол кезеңнен жүрекке жылы тиетін естелік – 1973 жылы «СҚ»-ның көшпелі редакциясымен Темір­тауда болуы. Сол жолы Уа­қаң бас­қа әріптестерімен бірге бола­шақ тәуелсіз еліміздің болашақ тұң­­ғыш Президентін алғаш рет көрді. Теміртау қалалық партия ко­мите­тінің екінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың парасаты мен тап­қырлығына тәнті болып, сөзіне сүйсініп, әніне қанаттанып қайтқан еді. Сол жақсылықтарды жарым ырыс­қа балап жазған да болатын. Үміті оны алдамағанын өмірдің өзі көрсетті.

Уақап Қыдырханұлы қазақ бас­па­­­сөзінде қадау-қадау көрнекті із қал­­дырды. Сырт қазаққа арналған еларалық «Шалқар» газетін шалқар айдынға шарықтатып шығарған да осы кісіңіз. Өстіп жер жүзі қазағының, шеттегі қандас бауырлардың тарихи Отанмен тілек табыстыруына қызмет етті. Ал енді исламтанушы ретін­де туған халқы алдындағы ең үлкен еңбегі, тартқан ең толымды кәделі сыйы Құран Кәрімнің түсін­дір­мелі-мағыналық тәржімасын жасап, Хақтың сөзін қазаққа алғаш өз ана тілімізде жеткізуі болатын. Бұл – 1991 жыл. 200 мың таралыммен шыққан Құран Кәрімнің сүйінші данасы Елбасына сыйланды.

Сонымен бірге У.Қыдырхан­ұлы­ның түн қатып, түс қашқан жур­налис­тік жанталаста жүріп «Шаң­қай түс», «Таң нұры», «Тасқайнат», «Ал­ты­­най», «Сағыныш саздары», «Әт­­­тең, Алтай-Марқакөл», «Өз елім – өзегім» сияқты прозалық тоғыз кітап тудыр­ған тағдырлы жазушы екен­дігін аңдар едіңіз.

Еліміздің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің ие­гері, биылғы жылдың соңында, Құдай қаласа, сексен бестің сеңгі­ріне шығатын сергек ағамыз өзінің «Егеменіне» әрқашан адал. Әр нө­мірін қалт жібермей, көз көріңкі­ремесе де, күнделікті лупамен қарап оқып отырған ардагерімізден айналып кетпейміз бе!

 Қазақ баспасөзі серкелерінің бірі, көрнекті қаламгер Сарбас Ақтаев кезінде Көкшетауда облыстық газеттің әдебиет-мәдениет бөлімін басқарыпты. Өзі Еркеш Ибраһимге үзең­гілес іні ақын. Орысша-қазақ­шаға бірдей, фельетоншылық атағы да дүрдей. Өстіп жүргенде Тың өлкесінің облыстарында қазақ тілді газеттер жабылып, облыстық орыс газеті Сарбасты қызметке алайын деп тұрған жерде біреулер оны жамандап алғызбай қойыпты-мыс. Олай болса... деп ызаланған Ақтаев Алма­тыға бір-ақ аттанып, айды аспан­ға шы­ғарып, аз жылда бүкіл Қазақ­стан­ға мәшһүр атақты журналиске айналған.

Иә, Сарбас көкеміз шынымен де өзінен кейінгі нешеме буын, бірнеше толқын қазақ журналистерінің асқар таудай ағасы, алпыс жыл бойы аттан түспей, баспасөздің салиқалы сардары да, сөз өнерін өрге сүйреген серек сарбазы да бола білді. Сырбай ақын­ның қолдауымен Алматыға келгеннен кейінгі кезеңдегі журналистік, қаламгерлік, қайраткерлік те қарым­ды жолы қауымның көз алдында. «Ара-Шмель» журналында ай сайын бір фельетонды орысшаға, бір фельетонды қазақшаға қотарып, үшіншісін өзі жазып отырды.

Мұндай бесаспапты Алматы облыстық «Жетісу» газетінің редак­то­ры Әбдуәли Қарағұлов «Ара-Шмель­дің» бас редакторы Жүсіп Алтайбаевтан табандап отырып арнайы қалап алды. Сөйткен Сарбастың тоғыз жыл орынбасар болғанда «Же­ті­судың» республикадағы облыс­тық газеттер ішінде тақырыпты қам­­туда да, көкейкесті мәселелерді көтеруде де, танымдық-көркемдік тұрғы­дан да мойны озық болуын не­гізгі қамтамасыз етушілердің бі­рі болғанын ешкім де өтірік дей ал­мас. Одан соң аға газет «Социа­листік Қазақстандағы» ұзын-ырға­сы 17 жылдық орынбасарлығы кезін­де де осы жауапкершілік пен сенім, алғырлық пен биік талап, шығар­ма­шылдық пен шынайылық үрдісі сақ­талып, жаңа сатыға, неғұрлым жоғары деңгейге көтеріле түскені анық.

Ең алдымен басшылардың бірі ретінде Сәкең «Жетісуда» да, «Со­циа­листік Қазақстанда» да газетке жақсы кадр, жүйрік журналистер тартуға мүдделі ықыласпен пейіл­­дене атсалысты. Бүгінгі нөмірді шығару. Ертеңгісін жоспарлау. Не сан ұйымдастыру мәселелері. Қала бер­ді, Орталық Комитетке сауатты анықтама дайындап отыру да орыс­шаға жетік орынбасардың мойнында болатын. Осындай ырғын жұмыстың ығында қалмаған алғыр да ықтиятты Ақтаевтың айына бір жақсы очерк бермеген кезі кемде-кем. Сөйтіп жүріп, еңбекқорлығы сонша, он екі роман, жиырмаға жуық хикаят аударып, қазақ оқырманына олжа салған екен.

Соңғы жиырма жыл­дың ішінде азаттығымыздың рухы­мен үндес­кен «Ханзаданың қасі­реті», «Абы­лайдың ақ жолы», «Қазақ ханымдары», «Алтын қалам» атты тари­хи-танымдық тұрғыдағы, деректі әдеби-көсемсөздік эсселер жан­рын­дағы айдынды кітаптар туды­руы көрнекті қаламгер Сар­бас Ақтаев­тың баспасөздегі қайрат­керлігінен бөлек, көркем әдебиеттегі де шығармашылық ерлігі деп баға­лағанымыз абзал. Текті тұлпар тегеу­рінді шабысынан әлі де тайған жоқ.

Өз қатарластарының, қаламдас­тарының ішінде өмір мектебінде шарболаттай шыңдалған қайсар қаранар­лығымен, ұлтжанды ұстанымымен бірбеткей турашылдығымен әмбе батылдығымен ерекшеленетін тұр­паты бөлегі Нұрмахан Оразбек ағамыз-ды. Тіптен, бұл кісінің 1955 жылы мектеп бітіре сала «Біз де тыңға барамыз» деп «Лениншіл жас­қа» суреті жарияланған. Алматы облысының «Іле» совхозында, Қостанайдағы Соко­лов-Сарыбай комбинатында бірер жыл істегенде тыңгерлердің тұрпа­йылығынан жүрегі шайлыққаны сонша, ҚазГУ-ды бітірердегі диплом жұмысынан ұстаздары ұлтшылдық тауып, ара талағандай қалған-ды. Әйтеуір, сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы, мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы Қасым Шәріпов бұл көлденең килік­кен қияметтен зордың күшімен сүйреп алып шыққан-ды.

Содан соңғы алпыс жылдай ғұмыр­­дың дені қалам еңбегі­не арналыпты. Осы салада корректор­лықтан, фототілшіліктен бастап бас ре­дакторлыққа, баспа дирек­тор­лығына дейінгі, аудандық газеттен бастап облыстық, республикалық басылымдарға дейінгі жолдан өтіпті. Қарап отырсаң, былтырғы сексен жыл­дығына жете алмай кеткен жаны жәннатта болғыр қайраткер аға Нұр­махан Оразбек өз өмірінде бұралаң-бұлтарыс, үлкенді-кішілі қақтығыс шайқастарды басынан мол өткеріпті. Сөйтіп күрескерлік һәм қайраткерлік тәжірибесі жиналыпты. Соның бәрі көзге түсу, ерлік жасау үшін емес, әрине әділет үшін.

«Лениншіл жаста» қызмет істеге­нінде: «Біз тегін танымайтын Иван болмайық» деп жазса да; Қазақстан ЛКСМ Орталық Комите­тінде: «Мұх­тар Мағауиннің «Қобыз сарынына» комсомол сыйлығын беру керек» деп бұлқынса да; «Социалистік Қазақстанда» партияның желбуаз қаулыларынан жақсылық күтуден жалығып, «Оразбеков – саяси сауатсыз» деген атқа қалса да; Партия тарихы институты мен ҚазТАГ-та биік сатылардағы жағымпаздықтан жиренсе де – бір нәрсе анық – Нұрмахан Оразбектің өзінің айнымайтын мі­не­зінде, турашыл ұстанымында қал­ғандығы.

Совет-кеңес заманында «Қазақ іздеп жүрміз» деп мақала бастырса да сол. Ақыр аяғы өзі басқарған Қарағандының облыстық партиялық газетінің басындағы 70 жыл бойы мызғы­май тұрған «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер» деген ұранды алып тастап, қазақтың: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген мәтелімен бірінші болып ауыс­тырса да сол. Азаматтық парызына, ар ұстанымына адалдығынан еді. 1991 жылғы ГКЧП-ның бүлігін бүкіл Кеңес Одағы бойынша еш тайсалмастан: «Бұл – мемлекеттік төңкеріс!» деп газет бетінде ашық мәлімдегені де содан. Сөйткен Нұрмахан Оразбек аға­мызды күллі қазақ журналистері: «Қа­һарманым!» деп қастерлесе кұба-құп.

Қазақ баспасөзінің осы Нұрекең сыпаттас тағы бір қаранар қайраткері Сабыржан Шүкірұлы туралы толға­мымызды, өкінішке қарай, өткен шақта айтуға мәжбүрміз. Сабыржан ағаны алғаш көруім, сірә, 1990 жылдың күзінде болар. «Социалистік Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасарлығына бекіп отырды деген хабарды естіп, өзінің ежелден бергі ежеттес досы Бекболат Әдетовпен бірге құттықтап шығуға каби­нетіне кіргенбіз. Тұрпаты келіс­кен зор денесі, әзіл-қалжыңға бейім ақжарқын келбеті, әдептен аспас ұстамдылығы адамға бірден-ақ ұнамды әсер қалдырғандай-ды. Біз­дің арамызда сол күннен бастап көзге көрінбес бір сыйластық орнады. Біраз жылдар бойы аға га­зеттің Торғай облысындағы мен­шік­ті тілшісі болған, одан бөлім мең­герушісі етіп Алматыға, орталық аппа­ратқа алдырған.

Бір жайтқа назар аударғанды жөн көремін. С.Шүкірұлының «Со­циалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 17 сәуіріндегі санында жарық көрген «Кіші 37» емес пе?» атты мақаласы қоғамда үлкен сенсация тудырғаны әлі есімізде. Бұл 1986 жыл­ғы Желтоқсан әділетін жоқтап, ақырып теңдік сұраған алғашқы мақалалардың бірі болатын. Кеңестік қызыл саясат әлі де үстем. Бірақ осын­дай қазақ мүддесін қорғаған, көптің көңілінен шыққан саяси сараптамаларды да, халқымыздың жүрер бағыт-бағдарын байыптаған байсалды ой-толғамдарды да Сәкең біліктілікпен, әрі батыл түрде көптеп жазды. Тәуелсіз Қазақстанның тілегін тіледі. «Қазақ тек қазақтығынан айы­рылмаса ғана тарих көшінде бола алады» деп Алаштың асқақ мұрат­тарына үндеді. Қазақтың ата жұртына көз алартып, ала қойды бөле қырыққан арам ойлыларға «Тарих тұлыпқа мөңіремейді» деп кесіп айтар кесек сөзбен тойтара жауап қайта­руды өзінің азаматтық борышы санаған да аяулы аға Сабыржан Шүкірұлы бола­тын.

1991 жылдан бастап Сәкең қолына алған «Сұхбат» апталығының тәуелсіз ұлттық баспасөзіміздің қаз-қаз басқан бастапқы тарихында алар орны ерекше. «СҚ»-да шыңдалған тәжірибелі журналшы басылымның бұрынғы жалаң үгіт-насихаттық жада­ғай миссиясын өзгертіп, ауқым­ды мақсат-міндеттер жүктеген саяси-экономикалық ұлттық апталық газет дәрежесіне көтергенін көзі қа­рақ­ты жұртшылық ұмыта қойған жоқ.

Ал енді Сабыржан ағаның мемле­кеттік тілдің өзекті мәселелерін арқау еткен талай өткір мақалалары, байыпты зерттеу еңбектері, пікірталас­­тары қазақ тілі жолындағы қажырлы да қайсар күрестің шежіресінен өшпей сақталар өнеге еді-ау. Олардың кезін­де жұртшылық көзінде «Ана тілі» газетінің де бәсі мен беделін биікке асыр­ғаны белгілі. Сол үшін Ақселеу Сейдімбектей айкөлдер ардақ тұт­ты. Қазақ тіл білімінің негізін салу­­шы­лардың бірі Құдайберген Жұбановтың ұлы, филолог ғалым Асқар Жұбанов: «Қазақ тіліне шын жаны ашитын адам – Сіз деп білем» деп ілтипат танытты. Осы қасиетін тап басып таныған халық жазушысы Әбіш Кекілбаев ардақты Сәкесін: «Қарымды ойшыл, арлы азамат, қабырғалы қаламгер, қазақ руханият кеңістігінде өз тұнығын, өз арнасын сақтаған салихалы талант» деп ағынан жарылған екен. Әбекеңдей абыз айтқан ақиқат бағаға біздің де қол қоймасқа әддіміз жоқ.

Бес қасқаның ішіндегі тағы бір белді қаламгер біздің Бекең. Көбі­міз­дің-ақ журналистикадағы көкеміз, алға салар айбынымыздай айкөл ағамыз Бекболат Әдетов. Алдағы тамызда сексенге келіп жатса да қашан­ғысынша жаны шуақ, көңілі мият. Қунақ та сергек. Бекең өзіне ғана тән мол мейіріммен жымиғанда ағаның дарқан жанының нұрымен аяланып, дәйім қуанып қалатынымыз да рас. Қыз­метті бертінде ғана қойса да, қо­лы­­нан қаламы түспеген. Шынында да «Социалистік Қазақстанның» жет­пі­сінші-сексенінші жылдардағы мүйізі қарағайдай бөлім меңгеруші сер­келерінің бірі, «Қайнар» баспасы мен «Қазақстан коммунисі» журналында көрнекті із қалдырған, он жыл бедерінде «Ауыл» («Дала дидары») және «Дәуір-Время» атты екі бірдей республикалық газеттің бас ре­дакторы болған Бекболат Әбиір­ұлының қазақ баспасөзіндегі қалам-қай­раты мен абырой-беделі, қабыр­ғалы қайраткерлігі ел-жұртқа ежелден мәлім.

Жас Бекболат 1962 жылы Қазақ университетін бітірген соң екі мәрте Торғайда, одан Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қаламын ұштады. Мақаланы оқтаудай жұтындырып шығару, олпы-солпы артық сөз қос­пау, саяси ұстамдылығын сақтау орайында партиялық журналда Құр­манбек Сағындықовтан да біраз са­бақ алды. Дегенмен де нағыз үлкен, сал­уалы мектептен «Социалистік Қазақ­станда» жүріп өтті десек, бір өтірігі жоқ. Бекеңнің өзі осы пайымға қол қойған. Әр сөзді салмақтап, саралап, ек­шеп қолдануға, ауа жайылып кетпеуге үйреткен осы мектеп. Біздің арда­геріміз қазіргі «Егеменнің» де сол байсалдылық, сарабдалдық дәстүрін сақтағанына қуанады.

Өзін әуелде Сарбас Ақтаевтың шақыруымен Торғай облысындағы меншікті тілші болып жүргенінде Алма­тыға, аппаратқа Сапар Байжа­нов алдыртыпты. Ұжымға бірден бауыр басып, араласып кетті. Редактор Сапакеңнің бір жақсы жері – әркімнің даралығын көре білді, бағалай білді. Ал бірінші орынбасар Балғабек Қыдыр­бекұлы қатаң тәртіптің адамы болыпты, өзінен жұрт ығынып тұ­рыпты. Сол Бәкең де қаламы қарым­ды, дарынды жігіттердің қаді­ріне жетіп, еркелетіп ұстапты.

Осындай мектептен өткен Бекбо­лат ағамыздың өзі де парасатты редактор, ғибратты тәлімгер болды. Екі мәр­те ағаның орынбасары болған кезі­мізде бұған біздің де көзіміз әбден жеткен еді. Қажетті жерінде талапшыл ұстанымнан да айнымайтын. Кейінірек оншақты жылдың жүзінде Т.Рысқұлов атындағы экономика университетінде «Мемлекеттік тілді дамыту орталығының» жетекшісі болғаны бар. Сонда бір белгілі ғалым мақаласын университеттің ғылыми журналына баспағанына шамданып: «Сен менің кім екенімді білесің бе? Мен – академикпін» деген ғой. Бекең жұлып алғандай: «Мен де өз ісімнің академигімін. Сіз академик болсаңыз журналға жаман мақалаңызды неге тықпалайсыз?» деп уәж айтады. Бел­гі­лі академик ұялып қалып, қате­лігін түсініп, мақаласын қайтып алып түзетіп әкеліпті.

Міне, біздің ардагер журналист ағаларымыз осындай. Әрқайсысы өз ісінің бір-бір академигі болған. Кейінгі жас толқын жаңашыл үрдіс­терді игерумен қатар алдыңғы буын­­ның осы бес қасқа сын ақтан­герлерінен үлгі-ғибрат алмағы ләзім.

 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан»