Тәрбие • 07 Маусым, 2018

Шілдехана санына жетік Ағайша

613 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Бударин ауылдық округінде 2 мыңдай халық тұрады. Әттең, «ауылдың құрметті азаматы» деген атақ жоқ қой. Болса, осы елді мекенде 30 жылдан аса уақыт дәрігер болып қызмет етіп жүрген Ағайша Қаренованың есімі бұл марапатқа алдымен ұсынылар еді.

Шілдехана санына жетік Ағайша

Ағайша Қаренова осы ауылда туып өсті. 1985 жылы Бударин орта мектебін бітірген соң, Орал медициналық учили­щесіне құжат тапсырған. Ойлағаны болып, оқуға түскен соң училище бас­шылығы бірінші курстықтар арасынан 6 адамды алысқа – Кострома қаласындағы училищеге жолдасын. Ол кезде де оқу орындары арасында студент алмасу, тәжірибе бөлісу болған ғой. Сол таң­даудың бірі біздің кейіпкерімізге түсіпті. Сөйтіп Мәскеудің іргесіндегі іргелі білім ордасының тәлімін алу бұйырды.

Бұл әрі қызықты, әрі жауапты кезең еді. Ауылдан шыққан қаршадай қыз ұстаздарының үмітін ақтады. КСРО деген алып мемлекетте «Қайта құру» атты кезең басталып, әлемде үлкен өзгерістер болып, үлкен-кішінің көңілінде ерекше белсенділік, ертеңге үміт орнаған жылдар еді ғой. Міне, жас маман – фельд­шер акушер, жиырма жастағы Ағайша Қаренова еңбек жолын өзі туған ауылда осылай бастаған еді.

Одан бері де отыз жылдан асып кетіпті. Саналы ғұмыры бір ауылда, бір ұжымда өтіп келе жатқан ауыл дәрі­герінің көрген қиындығы да, соған сәй­кес елден алған алғысы да аз емес. Әсі­ресе жүкті әйелдердің жағдайы, өмір­ге адам әкелу, сәби саулығы, қыз бала тәрбиесі – мұның бәрі Ағайшаның өмір тынысына айналған, ұзақ жылдан бері жүргізіп келе жатқан ағартушылық қызметі десе де болғандай. Білікті ма­ман­ның сөзі, шын жүректен шыққан жанашыр тілектің орны әрқашанда бөлек.

Шағын ауыл болған соң бәрі де көз алдыңда өтеді. Сақманның санағын қойшы біледі, ал Бударин ауылының шілдехана санын Ағайшадан артық білетін жан жоқ. Ауылда жыл сайын орта есеппен 20-30 сәби дүниеге келеді. 2014 жылы 42 бала өмір есігін ашыпты. Аяғы ауыр әйелдің жүктілік мерзімі, толғақ, босану – бәрі-бәрі Ағайшаның араласуымен, көмегімен, ақыл-кеңесімен, қамқорлығымен ойдағыдай өтіп жатады. Тіпті Бударин келіншектері «Ауылда Ағайша барда аянбау керек!» деген әзіл-шыны аралас ұран да көтеріпті. Қалжың болса да ар жағында акушер дәрігерге деген үлкен сенім, құрмет жатыр емес пе бұл сөзде?!

Әрине  Ағайша бұл биікке өзім жеттім демейді. Бұл құрмет, бұл абырой бірлігі жарасқан ұжымның, әріптестерінің, алқалаған ауылдастарының арқасы дегенді айтуды ұмытпайды. Еңбек жолын алғаш бастағанда Анна Погадаева, Николай Ефремов сияқты аға буын дәрігерлерден тәлім алды, көп нәрсе үйренді. Бүгінде олар өмірден өтіп кетті. Бірақ олардан алған үлгі-өнеге Ағайша арқылы халыққа әлі қызмет етіп келеді. Біраз жыл әріптес, тәлімгер Жәмиға Рашеваның ақыл-кеңесін қалай ұмытады?! Жанында қазірге дейін бірге жүрген әріптестері де бір төбе. Алдыңғы толқыннан алған білім мен тәжірибенің өтеуін ізіңді басқан кейінгі толқынға, жас дәрігерлерге беріп қана өтейсің. Мұны біздің кейіпкеріміз жүрегімен түсінеді.

Ауылда тұратын жақсы маман ең алды­мен ағартушы да деп жоғарыда айттық. Шынында да ауырып ем ізде­генше, ауыр­майтын жол ізде дегенді ата-бабамыз бекер айтқан жоқ қой. Ауыл­дағы «Жас аналар мектебінің» жетек­шісі Ағайша Қаренова саламатты өмір салты, жұқпалы жыныс ауруларынан сақтану, жүктілік алдында ерлі-зайыптылардың жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, бүйрек, генетикалық, инфекциялық ауруларға қарсы тексеруден өтуі, мектептегі қыздар тәрбиесі, қазақ келіншектерінің «ұлттық дертіне» айналған анемиямен күрес сынды сан-салалы тақырыпта дәріс өткізіп, ақыл-кеңес беруден шаршамайды. Өйткені мұның артында адам тағдыры, ұрпақ саулығы тұр.

Ақ желеңді жандардың жұмысы ауыр болғанымен, қуанышы да жетерлік. Талай әйелді босандырып, кіндігін кескенін есептемепті де. Ал Ағайшаны ресми түрде «кіндік шеше» деп атап, төрге шығарып құрмет көрсететін будариндіктердің нақты саны жетпістен асты. Тіпті бір үйдің бірнеше баласын өмірге әкеліп, әулеттің құрметті адамы атанған кезі де көп. «Күміс алқа» иегері Жарқынай Оразғалиева «Ағайшаның қолынан талай «өттік». Оның батылдығы, өзіне сендіре білетін қасиеті күшті. Білікті маманның бойын­дағы сенімділік оның алдына келген науқасқа да жұғады ғой. Бұған талай куәміз. Ауылымыздағы ардақты адам аман болсын», дейді ағынан жарыла.

Бударин ауылы Орал–Атырау күре жолының бойында жатыр. Жол апаты қазақтың зор қасіретіне айналғалы қашан?! Көбінесе ойсыздықтан туатын осындай ойранның ішінде кейде ана мен бала жүретіні өкінішті. Ағайша мұндай оқиғаларға да талай куә болып келеді. Ауылдағы әр адам есепте, кімге қандай көмек қажеттігін алдын ала болжауға болса, мұндай төтенше жағдайда тез шешім қабылдап, іске кірісуге тура келеді.

2010 жылы қыркүйек айында Самал ауылының тұсында «Ауди» көлігі аударылды. Қираған көліктің ішінде 4-5 жасар қыз бала шырқырап жатыр. Құлынымен жаны бірге шешесі жүр шырылдап. Мұндай сәтке тап болған кез келген адам абдырап қалары сөзсіз. Бірақ дәрігерге олай етуге болмайды! Тез арада жұртты ұйымдастырып, жігіттерді жұмылдырып, ең дұрыс және қажетті құтқару жұмысын ұйымдастыру керек. Ағайша да сөйтті. Сөйтіп басына қауіп төнген сәби құтқарылды, алғашқы дәрігерлік жәрдем көрсетілді.

– Ағайша Сәрсенқызының әр ісі бізге өнеге. Қиындық көбінесе күтпеген жерден келеді ғой. Сондайда сенің бі­лімің мен тәжірибең сынға түседі. Бір­де атыраулық жас әйелді автокөлік ішін­де толғақ қысты. Бағына орай Ағай­ша тап келіп, аман-есен босандырып алды. Сондағы әлгі әйелдің қуанышын көрсеңіз. Біз әріптесімізді мақтан тұтамыз, – дейді әріптесі Гүлда­рия Сапарғалиқызы.

Ағайша Қаренованың өзі де отбасы бақытын сезініп, ұлын ұяға, қызын қияға ұшырған бақытты әулеттің отанасы. Елдің алғысы әлі де алдынан шығар, көрер қызығы көп болсын дейміз.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы,

Ақжайық ауданы,

Бударин ауылы