Қазақстан • 07 Маусым, 2018

Мағжанның жайнамазы (жәдігер)

691 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлттық музейде «Өткенді еске алу – болашаққа жол» атты өңір музейлерінің көшпелі көрмесі ашылған. 

Мағжанның жайнамазы (жәдігер)

Осы шараға атсалысқан ұжымдардың бірі – Солтүстік Қазақстан облыстық музейлер бірлестігі өздерінің жерлесі һәм қазақтың дарынды ақыны Мағжан Жұмабаевтың өмір тарихы мен шығармашылығына қатысты 90-ға жуық экспонат жиынтығын әкеліпті. Осылардың ішінен көзімізге оттай басылған бұйым – Мағжанның жайнамазы.

Жайнамаздың көлемі әдеттегідей шағын. Шамамен 1,50 х 0,50 метр. Ұзақ жыл үздіксіз пайдаланылғандықтан тесіліп, үш жеріне матадан жамау жапсырылған. Жәдігердің сәждеге маңдай тиер тұсында Ыстанбұл қаласындағы ең көне ғимарат – Айя София мешітінің ХІХ ғасырдағы бейнесі салынған. Соған қарағанда бұл түрік бауырларымыз жасаған бұйым болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ қос қапталы сәнді оюмен көмкерілген. Ою-өрнек стилін білетіндер бұл османлы түркілік дәуіріне тән сәндік бейнелеу өнері дейді. Өйткені жоғарыдағы Айя София ғимаратының ішкі көркем безендіру үлгісі дәл осыған ұқсас. Жайнамаздың екінші аяқ пен тізе тиетін аумағы ғибадат үйінің михрабын бейнелейтін суретті оюлармен көмкеріліпті.

Солтүстік Қазақстан облыстық музейлер бірлестігі ғылыми әдістемелікпен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Гүлжауһар Сәдуақасова бұл бұйым шамамен ХХ ғасырдың басында жасалған деген болжам айтады.

Жайнамазды сары майдай сақтап, жоғалт­пай бүгінге жеткізген адам – Мағжа­ның туған інісі Сәлімжанның баласы Тасболат Сәлімжанұлы Бекенов. Бұл кісі 2003 жылы Мағжанның туғанына 110 жыл толған мерейтойы үстінде өз қолымен әкеліп музейге тапсырған.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше