07 Маусым, 2018

Қыздар Университетінде латын әліпбиін оқыту орталығы ашылады

369 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

8-маусым күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақ алфавитін латын графикасына көшіру жөніндегі орталық ашылады, деп хабарлады оқу орнының Баспасөз қызметі.

Қыздар Университетінде латын әліпбиін оқыту орталығы ашылады

Білім беру мекемесінде оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттері латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиі бойынша оқып, жазуды меңгереді. Сондай-ақ, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және жетілдіруге бағытталған қосымша кәсіби білім беру бағдарламалары жүргізілмек. Бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтін орталыққа білікті тіл мамандары жұмылдырылған.

Орталықта оқу ордасының ғалымдары жаңа әліпбидің орфографиясы мен орфоэпиясын қалыптастыру бағытында арнайы сабақтар мен курстар өткізеді. Жаңа әліпби бойынша оқу-әдістемелік кешен жасалып, алдағы уақытта арнайы оқу құралдары да жарық көрмек. Қазіргі күнде арнайы тұжырымдама жасалып, негізгі басым бағыттары түзілді.

– Жаңа заманның жастары өзгермелі уақытта өмір сүруге қабілетті болып қана қоймай, оқиғалар мен үдерістердің ортасында, көш басында болуы тиіс. Бұл терең түйсіне білгенге бәсекелестікке апарар жолдың басы, ұлттық кодымызды көздің қарашығындай сақтаудың негізі. Қазіргі мемлекетімізге ұлтты ұйыстыра алатын, тың бағыттағы рухани ағым керек. Латын әріпін енгізудің басты өзегі де осында жатыр. Сондықтан да жаңа әліпби еліміз үшін қажетті, уақыт талабынан туындап отырған жаңа атрибут, аса маңызды фактор деп санаймыз, – деп атап өтті Қыздар Университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.