Қазақстан • 08 Маусым, 2018

Әлемге танылған «Астана» бренді

865 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Астананың атауы бүгінде халықаралық қоғамдастық тарапынан мо­йындалып қана қойған жоқ, сонымен қатар спорт әлемінде де Астананың аты жер жарып жүр. 2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Астана» кәсіпқой президенттік клубы құрылып, оның қатарына «Астана» велокомандасы, «Астана» футбол клубы, «Астана арландары» бокс командасы және «Астана» баскетбол клубы кірді. Президенттік клуб құрамына кіретін командалардың барлығы ел абыройын халықаралық аренада асқақтатып жүр. Мысалы, «Астана» велоклубы барған жарысында топ жарып жүрсе, «Астана» футбол командасы соңғы жылдары Еуропаны бағындыра бастады. Ал «Астана арландары» бокс клубы жуырда ғана Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) финалына бесінші рет шығып отыр.  

Әлемге танылған «Астана» бренді

Велоспортта «Астана» атауы атала қалғанда отандық және шетелдік спорт жанкүйерлерінің есіне бірден «Astana Pro Team» деп аталатын велоспорт коман­дасы түседі. «Тур де Франс», «Джиро д’Италия», «Вуэльта» секіл­ді жаһандық ірі додалар­да ал­дыңғы шепті бермей жүр. Елор­даның командасы 2007 жылы құрылып, сол жылы-ақ бүкіләлемдік UCI World Tour дәрежесін алды. Осы мәр­тебе велокоманданың жоға­ры деңгей­­дегі жарыстарға қатысуы­на мүм­кіндік берді. Команданың алғашқы капитаны болып Алек­сандр Винокуров сайланды. 

«Астананың» атағы 2008 жылы командаға «Тур де Франс-2007» жеңімпазы испа­ния­лық Альберто Контадордың келуімен кеңге қанат жая бастады. Контадор бастаған велошабандоздар сол жылы «Тур де Франс» жарысынан кейінгі ең ірі дода саналатын «Джиро д’Италия», «Вуэльта» көпкүндігінде топ жарды. Ал 2009 жылы команда «Тур де Франс» бәсекесінің жеті дүркін чемпионы америкалық Лэнс Армстронгпен сенса­ция­лық келісімшарт жасап, клубтың атағы одан әрі аспандады. Бүкіл Еуропа жұрты 2005 жылы спортпен қоштасқан велошабандозбен келісімшартқа отырғанына өз таңданыстарын білдіріп, «Астананың» ендігі қарқынына шыдас беру мүм­кін емес десті. 

Айтқандары айдай келді. Сол жылы-ақ Армстронг пен Кон­­тадор жұбы велоша­бан­доз­­дардың бейресми әлем чем­­пионаты іспеттес «Тур де Франс» додасына қатысып, қар­сы­­ластарына бет қаратқан жоқ. Жа­рыс қорытындысы бойынша, Кон­тадор жалпы есепте бірінші, Арм­стронг үздік үштіктің қата­ры­нан табылды. 

Александр Винокуров Олимп шыңын бағындырған соң 2013 жылы команданың спорттық директоры болып тағайын­далды. Олимпиада чемпионы өз қыз­метіне кірісе салып, команданы күшейтетін шабандоздарды іздеуге кірісті. Қаржылық жағ­дайына байланысты біраз то­қы­рауға ұшыраған командаға Винченцо Нибалиді әкеліп, «Астананы» бұрынғы биігіне қайта көтерді. 2014 жылы Нибали «Тур де Франс» жарысында топ жарды. Ол 21 кезеңнің 19-ында жеңімпаз велоспортшы киетін сары жейдені ешкімге берген жоқ. Сонымен қатар төрт кезеңнің жеңімпазы атанды. Ал 2014 жылғы «Джиро д’Италия» турнирінде команданың жас велошабандозы Фабио Ару жеңіске жетті. 

«Астанадағы» Нибали дәуірі 2016 жылға дейін жалғасты. Ол клубтан кеткен соң мамандар ко­манданың ендігі үздігі италия­лық велошабандоз Фабио Ару болады деп топшылаған. Өйткені Ару 2017 жылы команданы «Тур де Франс» жарысына капитан ретінде бастап барды. Франция тас жолдарында өткен жарысқа тұң­ғыш рет қатысып тұрса да, турнирді 5-ші орынмен аяқтады. Бірақ 2017 жылдың соңында Ару күтпеген жерден команда ауыстырып, «Астанадан» кетті. Қазіргі «Астананың» беталысы да жаман емес. Жуырда ғана аяқ­талған «Джиро д’Италия» көп­күндігінде команданың колум­бия­лық жас велошабандозы Мигель Анхель Лопес жалпы ке­зең­де үшінші орын иеленіп, жа­рыс­тың ең жас спортшысы атан­ды.
«Астана» велоклубы кәрі­құр­лықта өте танымал деген сөзі­мізді қуаттайтын мынадай бір мәліметпен бөліскіміз келеді. Статистика бойынша коман­да­ның Қазақстаннан кейінгі ең көп жанкүйері – Италия, Фран­ция, Колумбия және Дания елі­нің азаматтары. Мәселен, фран­циялық бір отбасы жақында дү­ниеге келген қызының есімін Astana деп қойыпты. Бұл елде өзі­міз­дің отандасымыз Алексей Луценконың да жеке фанаттары бар. Олар Луценконың әр жарысынан қалмай, жалауларын көтеріп, шабандозымызбен бірге еріп жүреді екен.

Велоклубтан бөлек, соңғы жыл­дар «Астана» футбол командасы да Еуропаны бағындыра бас­тады. Құрылғанына биыл не­бәрі тоғыз жыл болса да, Чем­пиондар лигасының топтық кезеңінде бір рет, Еуропа лига­сы­ның топтық бәсекесінде екі рет ойнады. Ал биыл тұңғыш рет плей-офф кезеңінде бақ сынады. Сонымен қатар төрт дүркін Қазақстан чемпионы, екі мәрте кү­міс жүлдегер. Қазақстан кубогы мен Суперкубогын үш реттен же­ңіп алды.
2009 жылы «Алматы» мен «Мегаспорт» клубтарының қо­сы­луы­мен «Локомотив» атты жа­ңа ко­манда құрыл­ды. Ал 2011 жыл­дың 1 маусы­мынан бастап команда «Астана» деген жаңа атауға ие болды. Ішкі біріншілікте ала-құла ойнап жүрген команданы 2014 жылдың жазынан бастап болгариялық маман Станимир Стойлов жаттықтыра бастады. Бол­гар маманы командаға келе сала «Астанамен» Еуро­мау­сымдағы жо­ры­ғын бастап кет­ті. Мұндай ірі додаға алғаш рет қатысып тұрса да, командамен Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне дейін жетті. Плей-офф кезеңінде Испанияның азу­лы «Вильярреал» командасына есе жіберді. Келесі 2015/16 жыл­ғы мау­сымда Чемпиондар лига­сының топтық кезеңіне жол­дама алып, айды аспанға бір-ақ шығарды. «С» тобында Пор­тугалияның «Бенфика», Ис­па­ния­ның «Атлетико Мадрид» жә­не Түр­кияның «Галатасарай» секі­лді Еуропаның алпауыт ко­мандаларымен терезесі тең өнер көрсетті. Топтық ке­зеңдегі алты ойынның тек екеуінде ға­на же­ңілді. «Астана Аренада» өт­кен кез­десудің бірде-біреуінде же­ңіл­ген жоқ. Осындай нәтижеден соң «Астананың» атағы Еуропаны шарлай бастады. 

«Астана» кейінгі екі маусым қата­ры­нан Еуропа лига­сы­ның топ­тық ке­зеңінде сын­ға түсті. Был­тыр сенса­циялы түр­де Еуропа ли­гасының топ­тық кезеңінен өтіп, қарт құр­лық­ты тағы да дүр сіл­кін­дір­ген­де бөр­кімізді аспанға лақ­ты­рып қуан­ғанымызды несі­не жа­сы­рай­ық. «Астананың» осы бір айтулы жеңісінен соң кәрі­­құр­­лықтың командалары ел­орда ұжымымен санасуға көшті. «Астана» Еурокубоктық жарыс­тар­ға қатыса бастаған клубтық рейтингте үздік 400 коман­даның ішін­де болатын. Айнал­дырған үш жылдың ішінде ко­манда ТОП-100 клубтың қатарына қо­­сыл­ды. Тіпті ағылшынның «Эвер­тон», Италияның «Интер» және Мәс­кеу­дің «Локомотив» командаларын және бас­қа да ірі командаларды басып озды.

Астана брендімен әлемге танылған тағы бір команда бар ол – «Астана арлан­дары» жартылай кәсіпқой бокс клубы. Бүкіләлемдік бокс серия­сында сынға түсетін елорданың ко­ман­дасы 2010 жылы Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен құ­рыл­ды. «Астана арландары» клубы 2010 жылдан бері Бүкіләлемдік бокс сериясына (WSB) сегіз маусым бойы қатысып келе жатқан әлемдегі жалғыз команда. Қазіргі таңда «арландар» жобаның үш дүркін чемпионы. Мұндай нәтижеге әлі ешбір команда жеткен жоқ. Сонымен қатар бір рет финалға шығып, үш рет үшінші орын алды.

Арландардың» ауыз толтырып айтатын жетістігі 2015 және 2017 жылдарға тура келді. Өйт­кені әлемдік бокс державасы сана­латын кубалық командамен екі рет финалдық сайыста жолығып, Бостандық аралынан келген қабыландарға бокста Қазақ елінің оғландары да осал еместігін дәлелдеп берді. 

WSB жобасының алғашқы маусымында «Астана арландары» сапында есімі жаһанға мәлім спортшы, Бейжің Олим­­пиа­дасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев пен қола жүлдегері Қанат Ислам, сондай-ақ Мерей Ақшалов, Руслан Мырсатаев секілді боксшылар жұдырықтасты. 

Кейіннен команда құрамында Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов, Олим­пи­аданың күміс жүлдегерлері Василий Левит, Әділбек Нияз­ым­бетов сынға түсті. Сонымен қатар қазіргі таңда өз бақтарын кә­сіпқой бокста сынап жүрген Ма­дияр Әшкеев, Мейірім Нұр­сұл­танов, Асхат Уәлиханов секілді бокс­шылар да «арлан­дар» намысын абыроймен қор­ғады.

Бұдан бөлек «Астана» атты баскетбол клубы да бар. Коман­да­ның құрылғанына көп бола қоймаса да, Қазақстанның алты дүркін чемпионы атанып, екі рет күміс жүлде иеленіп үлгерді. Сон­дай-ақ Қазақстан кубо­гы­ның алты дүркін иегері. Азия чемпионатының үшінші орнын иелен­ген. 2011 жылдан бері ВТБ Бірыңғай лигасында сынға түсетін «Астана» бас­кетбол коман­дасы үш рет ширек финалға дейін жетті. Бұл команданың қазірше ең үздік жетістігі осы.

Қарап отырсақ, біздің командалар жеткен жетістікке, атақ-дәрежеге жету үшін кейбір командаларға 20-30 жыл қажет болады екен. Ал «Астана» атауы бар командалар небәрі 10 жыл­дың көлемінде Еуропаға таны­лып үлгерді. Бұл 10 жыл­дағы же­тістік, ендігі 10 жылдағы же­тіс­­тігіміз қалай болаты­нын өзіңіз баға­мдай беріңіз. «Астана» атауымен Алаштың ел­ор­дасын әлемге танытып жүрген командалардың қай-қайсысының да абыройы асқақ, беделі биік. Жаһандық аламанда олжа салып жүр. Ендеше, «Астана» бас қаланың ғана емес, бүкіл Қазақстанның бренді деп айтуға хақымыз бар. 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»