Қазақстан • 08 Маусым, 2018

Өсімдік қорғаудың өзектілігі неде?

686 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Табиғаты тамылжыған кең-байтақ еліміз азық-түлікке аса қажет бидай мен арпа, картоп, жеміс-жидек өнімдерімен қатар, бау-бақша дақылдарын өсіріп, тұрғындарға жергілікті өнімдерді ұсынып келеді. Сонымен қатар оларды экспортқа шығарып, орасан пайда табуға да мол мүмкіндік бар. 

Өсімдік қорғаудың өзектілігі неде?

Елімізде соңғы жылдары рапс, зығыр, мақсары мен күнбағыс сияқты майлы дақылдардың егіс көлемі 3-4 есеге артты. Ал күн­бағыс бүгінде елі­міз­дің шығыс өңірімен қатар, батыс және сол­түстік аймақ­тарында егілуде. Зығыр дәніне Батыс Еуропа елдерінен сұраныс жоға­ры бол­ған­дықтан, еліміздің солтүс­тік өңірін­де аталған өсімдікті өсіру эко­но­мика­лық тұрғыдан аса тиімді болып отыр. 

Қазақстанда 1991-1996 жыл­дар аралығында көкөніс дақыл­дарын өндіру 950-1000 тоннағ­а дейін құлдыраса, 2010-2014 жыл­дары өнім мөлшері екі есе­ле­ніп, 2000-2070 тоннаға дейін жетіпті. Соңғы жылдары мем­лекеттің қаржылай қол­дауы негізінде әр өңірде жаңа бақ­тар отырғызылуда. Ал көк­өніс өнімдері Астана және Алматы сияқты ірі қала тұр­ғын­дарын қамтумен қатар, Ресей­ге дейін шығарыла бастады. Деген­мен әлі де тұтынушыларды толық қамтамасыз ете алмай отыр­ғанымыз жасырын емес. 

Бүгінде алыс шетелдерден тасымалданатын көкөністер мен жемістердің ұзақ мерзімде сақталуы үшін олар арнайы химиялық қоспалармен өңделеді. Сондықтан да бұл жағдайлар адам ағзасына теріс әсер етуі мүмкін. 

Ал азық-түлік тауарлары және өсімдік өнімдері арқылы бұрын республика аумағында кездеспеген карантинді нысандардың да пайда болу қаупі бар. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін ел аумағына бірнеше карантинді ағзалар еніп, кеңінен таралуда. 

Мәселен, осыдан он жыл бұрын Өзбекстан елінен Қызыл­орда облысының Сыр­дария ауданына кездейсоқ әкелін­ген қауын шыбыны 2014 жылы 4060 гектар бақша алқабын жайлап, оның барлық ауданда кездесетіні анықталған еді. Сонымен қатар бұл зиянкес Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс, Бәйдібек, Қазығұрт, Мақтаарал, Отырар, Сарыағаш, Түркістан және Сарыағаш аудандарында 4867 гектарда, Жамбыл облысында – 85, Маңғыстау облысында 40 гектар жерде таралғаны белгілі болып, мұндай келеңсіз жағдай Алматы облысында да байқалған. 

Жеміс ағаштарының бак­териял­ы күйігі деп аталатын ауру елі­міздің оңтүстік және оңтүстік-шы­ғыс аймақтарына үлкен қатер төн­діруде. Бұл аса қатерлі дерт 2014 жылы Алматы облысында 265 гектар, Жамбыл облысында 72 гектар және Оңтүстік Қазақстан облысында 7 гектар бақтарда байқалған. Өкінішке қарай, соңғы үш жыл көлемінде оның таралу аумағы ұлғаймаса, азая қойған жоқ. Себебі жеміс ағаштарының ауру­ларына қарсы қолдануға тір­келген жүйелі және жанамалы әсерлі фунгицидтер ол үшін тиім­сіз болып отыр. Бактериялы күйік алма және алмұртпен қа­тар, сүйекті жеміс пен сәндік ағаш­тарды да залалдайды. Аталған ауруға алмұрт ағашының қарсы тұру қауқары төмен. Тіпті жеміс беріп тұрған ағаштар бұл дертке шалдыққан соң 3-4 жыл аралығында қурап кетеді. 

Мәселен, өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылдарына дейін жеміс ағаштарының бұталары мен түсік жапырақтарында қыстап шыққан ауру қоздыр­ғыш­тарының ин­фек­ция­сын жою үшін көктем мез­гіл­дерін­де бақтарда көгілдір бүрку жүр­гі­зілетін. Бір гектар жерге 10-15 кило мыс купоросы жұм­сала­тындықтан, бұл эко­ло­гиялық тұр­­ғы­дан тиімсіз болатын. Сон­дық­тан да жеміс күйігінің кең таралуының бір себебі соңғы жыл­дары осы шараның қолға алын­бауынан болуы да мүмкін.

Еліміздегі карантинді нысан­дар тізімін, республика аума­ғына тасымалдану жолдары мен мүм­к­індіктерін, тарал­ған жағ­дайда олардың фитоса­ни­тарлық қатері мен жергілік­ті жағдайға бейімделуін анықтау­мен, сонымен қатар оларды оқ­шаулап, жою шаралары жайлы нақты ұсыныстар дайындаумен Қазақ өсімдік қорғау ғылы­ми-зерттеу институты айналы­сады. Алайда көпшілік жағ­дай­да карантинді ағзалардың экологиясы, олардың жерсініп, таралу мүмкіндігі және оған табиғи факторлардың әсері терең талданбайды. Мәселен, 100 миллион теңгеден аса қаражат бөлінген ғылыми мекеменің 2013 жылғы есебінде картоп фитофотрозы қоздырғышының жерсіну мүмкіндігі өте жоғары екені көрсетілген. Ал шындығында аталған нысан Беларусь пен Ресей Федерациясынан картоп түй­нек­терімен соңғы жарты ғасыр­да 1-2 рет қана тасымалданды. Бұл еліміздің картоп өсіретін аймақтарында дақыл­дың өсу кезеңінде ауа темпе­ратурасы жоғары, ал топырақ ыл­ғалдылығы төмен болған­дық­тан таралып кете алмады. Сондай-ақ карантинді ағзалар тарал­ған жағдайда орын алуы мүм­кін экономикалық шы­ғын­ға келсек, күмән тудыратын болжамдар кездеседі. Сол ғылыми мекеменің есебіндегі хризантема гүлінің ақтатынан келетін шығын 5,6 балл, жатаған кекіренікіне жақын, яғни 7,1 екеніне сену қиын. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі Фитосанитарлық сараптау мен болжау әдістемелік орталығының мәліметінше, соңғы рет бұл 2014 жылы 353959 гектар егіс алқабына таралыпты. 

Кейбір карантинді нысан­дар­дың, атап айтқанда, қауын шыбыны мен жеміс дақылдарының бакте­риялы күйігі еліміздің аума­ғына кең таралуының ең бас­ты себебі оларды жою неме­се таралуын шектеу мақсатын­да қолданылатын ғылыми негіз­делген шаралар жүйесінің болмауынан болып отыр. Мәселен, тарала бастағанына он жылдан аса уақыт өткен қауын шыбыны туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Карантинді ны­сандардың таралуы және 2015 жылға болжамы» деп аталатын ресми ақпаратында ұсынылған химиялық шаралардың орындалу мерзімі нақты көрсетілмеген. Айталық, зиянкес қауын түйін тастаған кезде жұмыртқалап, дернәсілдері жеміс ішіне еніп, тіршілігін жалғастырады. Ауа райына байланысты ол бір рет қана жұмыртқаламайды, жылына екі ұрпақ береді. Сондықтан да химиялық шара жылына екі-үш рет қайталануы керек. 

Карантинді нысандардың рес­публика аумағына кездейсоқ таралуына жол бермеу және енген жағдайда олардың ошақтарын жылдам жою үшін шаралардың ғылыми негіздемесін дайындайтын ғылыми орталықтың және оларды тікелей орындаумен айналысатын Ауыл шаруашылығы министрлігінің әр облыс пен 

аудан орталықтарындағы карантин инспекциясы қызметкерлерімен қатар, тауар өндірушілердің де жауапкершілігін арттыру қажет. 

Еліміз үшін тағы бір биоло­гиялық қатер гендік тұрғыдан тегі өзгерген дақылдардың өнімін азық-түлік үшін пайдалану болып отыр. Мәселен, АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде бұл әдіс майлы бұршақ, жүгері мен рапстың жаңа сорттары мен будандарын шығаруда кеңінен қолданылып келеді. Мәліметке сүйенсек, осыдан он жылдай уақыт бұрын дүние жүзі бойынша тегі өзгертілген дақылдар 58,7 миллион гектарда егіліп, егіс көлемінің 15 пайызын құраған екен. Енді бүгінде трансгенді сорттардан алынған өнімді малға жем, адамзатқа азық-түлік үшін пай­далану олар­дың ағзаларында қан­дай өзге­рістер тудыратынын анық­тай­тын нақ­ты тұжырым жоқ. Елі­мізде бұл бағытта жан-жақты терең зерт­теу жұмыстары жолға қо­йыл­­ма­­ған­дықтан, ендігі жерде осы мәселе шешімін тапса деген ой бар. 

Мұрат ҚОЙШЫБАЕВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор