Бокс • 08 Маусым, 2018

Боксшы Макс Шмелингтің мәрттігі

360 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аса ауыр салмақта айқасқан Макс Шмелинг пен Джо Луис­тің өз дәуірінің теңдессіз боксшылары болғанын ешкім жоққа шы­ғара алмайды. Ста­тистикалық мә­лі­меттерге сүйенсек, неміс жігі­ті 1924-1948 жылдар ара­лы­ғында 70 кез­десу өткізіп, 56 мәр­те (40 нокаут) же­ңіске жетті. 4 бәсеке тең аяқталды. 1934-1951 жылдар ара­лығында 69 рет рингке көтерілген аме­рикалық өрен 66 жек­пе-жекті (52 нокаут) өз пайдасына шешті.  

 Боксшы Макс Шмелингтің мәрттігі

Әлемдік спорт тари­хында есімдері алтын әріптермен жазулы қос саңлақтың жолы екі мәрте қиысты. Алғаш рет олар 1936 жылдың 18 маусымында Нью-Йоркте кез­десті. Қос тарап ортақ мәмі­леге келген бетте бір­ден бұл жекпе-жекке саяси сипат берілді. Өйт­кені сол жылдары АҚШ өзін әлемдегі ең де­мо­­кратиялық мемлекет екенін дәлелдеу үшін барын салып жатқан. «Біздің қоғам ұлт пен ұлысқа немесе нәсілге бөлінбейді.  «Америка азаматтарының барлығы – тең құқылы» деген ұран тастады. Ал фашистік Германия болса арийтектілердің басқа нәсілдерден үстемдігі басым екенін айтудан жалық­пады. Міне, қос мықтының жекпе-жегі осындай аласапыран кезеңге тап келді.  

Атышулы айқас өзге­лерді айтпағанда, Гитлер­дің өзін бейқам қалдырған жоқ. Үшінші рейх көсемінің көмекшілері оған кездесу барысын әр минут өткен сайын баяндап отырды. Бұл бәсеке Макс Шмелингтің пайдасына шешіл­ді. 12-раундта ол қар­сыласын нокаутқа жіберді. 

1938 жылдың 22 маусымында Джо Луис пен Макс Шмелинг қарымта кездесу өткізді. Сол кезде саяси әңгімелер қайта қызып, қос мемлекеттің БАҚ өкілдері бір-бірінен асып түсуге тырысты. Бұл жолы Луистың жолы болды. Бәсеке тағдырын ол бірінші раундта-ақ шешті. 

Кейіннен қос саңлақ­тың жолы тағы қиысты. Бірақ бұл жолы шаршы алаңда емес, қа­ра­­пайым өмірде. Шау тар­тқан ша­ғын­да аме­ри­­калық спортшының қайыршылық күйге түс­кені көпшілікке жақсы мә­лім. Осы оқиғадан құ­лағ­дар болған Шмелинг оны өзі іздеп тауып, қаражат жағынан үне­мі көмектесіп тұрған. Ал Джо қайтыс болған кезде қабырғасы қайысқан Макс жерлеу рәсіміне қажет қаржының барлығын өз қалтасынан шығарды. 

Жалпы, Макс Шме­линг­тің мәрттігі жайында ұзақ әңгімелеуге болады. Мәселен, Германия аумағында еврейлер қыр­ғынға ұшыраған «Жау­һар түні» ол өзінің ескі танысы Левиннің екі ұлын қонақүйге әкеліп жасырады. 14 жасар Хайнц пен 15 жастағы Вернерді немістер үш күн бойы іздеп, әлекке түседі. Бі­рақ атақты боксшының бөлмесіне баса-көктеп кіруге батылдары бармай­ды. Арада үш күн өткеннен соң Макс балалар­ды өзінің жеке көлі­гіне мінгізіп, қаланың шетінде жасырынып жатқан әкелеріне апарып табыстайды. 

Атағы алысқа жайыл­ған боксшы, парасаты мол, жаны жомарт, жүре­гі кең азамат мәнді де мағыналы ғұмыр кешті. Сан миллион жанкүйер­дің көзайымына айналып, халықтың алғы­сына бөленген Макс Шме­линг 2005 жылдың 2 ақпанында 100 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысты. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»