Білім • 08 Маусым, 2018

ҚазҰУ әлемнің үздік 220 университеті қатарына кірді

433 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдегі 800 ең үздік университет арасында 220 орынға табан тіреп, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингінде тағы да 16 сатыға жоғарылады. Бұл топқа посткеңестік кеңістіктен тек екі университет кірді. Олар: ҚазҰУ және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (РФ). 

ҚазҰУ әлемнің үздік 220 университеті қатарына кірді

Елбасы Қазақстанның жоғары оқу орындары алдына әлемдегі ең үздік 200 ЖОО қатарына кіру міндетін қойғаны мәлім. ҚазҰУ әлемдік кеңістікте мойын­дал­ған еліміздің жетекші университеті ретін­де осы маңызды мемлекеттік тапсыр­маны іске асыруда мақсатты жұмыс атқа­рып келеді. Соңғы бес жылда университет «QS WUR» рейтингінде 400-ден астам позицияға көтерілген. Әлемдік тәжі­ри­беде бірде-бір университет осындай өсу динамикасына қол жеткізбеген көрінеді.

QS әлемдегі барша мемлекеттермен танылған беделді және көптеген жылдар бойы әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының жаһандық рейтингін жүр­гізіп келе жатқан ықпалды халықаралық агенттіктердің бірі.

ҚазҰУ-дің осы рейтингте табыс­ты ілгерілеуінің маңызды факторы кең ауқымды құрылымдық жаңғырту, нәтижеге бағытталған басқарудың жоғары тиімділігі, сондай-ақ соңғы бес жыл ішінде 40 пайызға өскен бірегей инфрақұрылымның қарқынды дамуы деп айтуға болады. Әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу бағытын сақтай отырып, ҚазҰУ медицина-биологиялық және инновациялық ІТ кластерін қалыптастыру бойынша жұмыс жасауда. Оның негізін жаңа суперкомпьютер құрайтын болады.

Университеттің әлемдік деңгейде танылуы тұрақты даму бойынша БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдар­ла­ма­сының Ғаламдық хабы ретінде бел­сенді қызметімен және оның халық­ара­лық жобаларымен де байланысты. Олардың ішінде ҚазҰУ ұсынған инно­вациялық-технологиялық және руха­ни-адамгершілік платформалардың симбиозына негізделген «Университет 4.0» жаңа буын университетінің моделі бар.

Бүгінде аталған оқу орнының таңға­ларлық тәжірибесін әлемнің жетек­ші университеттері зерттеу үстінде, бұл универ­ситеттің жоғары бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші болып табылады. Жетекші қазақстандық жоғары оқу орнының әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіндегі артып келе жатқан рөлін ескере отырып, «QS Worldwide» атқару кеңесі 2019 жылдың қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде бүкіләлемдік форум және жоғары оқу орындарының халықаралық көрмесін өткізу туралы шешім қабылдады. Осындай ауқымды іс-шараны өткізу Қазақстанның өсіп келе жатқан беделін айғақтайды және елдің жоғары білім беру жүйесін алға жылжытуға ықпал ететін болады.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»