Әдебиет • 08 Маусым, 2018

Астана тойына арналған мүшәйра мәреге жетті

703 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдың аяғында ықылым заманнан аңсаған арманына жетіп, өз алдына ту көтеріп, мемлекет құрған ер қазақтың елордасының аты – Астана! Астана десе бойында қаны, кеудесінде жаны бар әр қазақ ішкен асын жерге қояды, қанатын кеңге жаяды, көргенде көңілі тояды. Азаттық пен Астана біртұтас ұғым. Елбасы кіндігін өзі кесіп, атын өзі қойған Астана – бостандықтың бел баласы, халқымыздың көзінің нұры, жүрегінің жыры, бабаларымыздың бүгін жүзеге асқан кешегі арманы, балаларымыздың ертеңге үміт артқан асыл мұраты. Бүгінде көк байрағы көгінде жайнап, Бәйтерегі биікке бойлап, 20 жасқа толғанын тойлап жатқан ақордалы Астана – жер шарындағы ең жас қала! 

Астана тойына арналған мүшәйра мәреге жетті

Біздер – бірлігі жарасқан Қазақстан халқы іргелі елдердің ірі қалаларымен жастығына қарамастан үзеңгі қағыс­тырып, иық теңестіріп, сан қилы сая­сатта серкелік танытып, әлемді аузына қаратып отырған Астанамызбен шат­тануға да, мақтануға да толық хақы­мыз бар. Бұл тұрғыдан алғанда елор­дамыздың ел тарихынан, жаһандық өркениеттен алатын орны ерекше. Кеше ғана дүниені тітіреткен қызыл империяның құрсауынан босап шыға сала, Ұлы Даланың төсінде Алаштың азат астанасы шаңырақ көтереді деген ой үш ұйықтасақ түсімізге де кірмеп еді. Тәңірге тәубе! Төрімізге тақ, басымызға бақ орнады!

Салынып жатқан шаһар кең далада, 
Сыйласын асыл мұрат әр балаңа.
Азаттық астанасы аталады,
Қазақтың астанасы сонда ғана.

Қарашы, шаңырағы жас қаланың, 
Аспанның бұлтын серпіп тастағанын. 
Бүгіннен басталатын шежіресі, 
Авторы Назарбаев Астананың! –
деп жырлаған едім «Бәйтерек» поэмасында осыдан он алты жыл бұрын. Сол кезде бестен жаңа ғана асқан жет­кіншек Астана бүгінде күш-қуаты тол­ған, ат үстінде алысқа көз салған, еліне қорған балуан тұлғалы, батыр жүректі жігіт болды. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарын­­да еліміз әлі есін жиып, етегін жаба алмай жатқан тұста астананы Арқаға көшіреміз дегенге ешкім илана қойған жоқ. Тіпті Президенттің айналасында ат үстінде жүргендердің өзі қарсы болғаны – тарихи шындық. Осындай әрі-сәрі кезеңде астананы көшіру көз­сіз ерлікпен пара-пар еді. Алайда Елбасы тәуекелге барды. Ақ қар, көк мұзда ақ боранға қарамастан Астана көшін Ақмолаға қасқайып өзі бастап келді. Сонда да сене қоймай күңкілдегендер көп болды. 

Аршында, шығар қазақ, үніңді асқақ,
Кім сені тоқтатады бүгін жасқап?!
Астана Ақмолаға келе жатыр, 
Айбынды Нұрсұлтандай ұлың бастап!
Келеді халқын бастап қазынаға,
Ақ боран, алдын орап азынама.
Қуанып қалың елі жатқан шығар,
Алайда шын қуанған өзі ғана, –
деген едік сол поэмада тағы да. Шы­нында да дәл сол сәтте Астананың бү­гінгі болашағын Президенттен бас­қа ешкім көзіне елестете алған жоқ еді. Бұл ғасырлық оқиғаға Елба­сының өзінің ғана көзі анық жетті, көңілі толық сенді! Ақыры, міне, өзі­міз де сендік, өзгелер де сенді! Көз алдымызда – әлем тамсанған әсем Астана! Жиырма жыл ішінде Астана қаншама өсті. Басқаны айт­пағанда, ЭКСПО көрмесі осында көшті! Қаншама әлемдік тарихи да ауқымды мәселелердің түйіні Астана төрінде шешілді. Осының өзінен-ақ  Астананың әлемдік саясат пен өркениеттен алатын орны қандай екенін анық көруге болады. 

Бүгінде Астана қазақ рухания­тының қарашаңырағына айналды. Қарымды қаламгерлер мен арынды ақындар, дарынды өнер жұлдыз­дары келіп, күн сайын елорда мәде­ниетінің дамуына өз үлестерін қосуда. Жары­са бой түзеп жатқан мәдениет ошақ­тары Астанамыздың ажарын тіп­тен аша түскендей. Осыған риза бол­ған халқымыздың да мерейі өсе түс­кендей. Сондықтан да Астана ұлты­мыздың тілегінде, үлкен-кішінің жүрегінде! Кешегі зұлмат заманда талай жазықсыз жан­дардың Ақмолаға айдалып, «АЛЖИР» лагерінде көз жұмғанын тарихтан жақсы білеміз. Сөйткен Ақмоланың бүгінгі Астанаға айналып, Бостандық пен Бақыттың ордасы болғанына қалай көңілің босамайды, қалай жүрегің тебіренбейді?! Мұны қалай жырламасқа? 

Астана қаласы әкімдігі Мәдениет және спорт басқармасының тікелей қол­дауымен Сәкен Сейфуллин музейі­нің ұйымдастыруымен биыл сегізінші рет өтіп отырған республикалық мү­шәй­ра – осы пікірімізге дәлел! 

Астананы жырлау – өз бақы­тың­ды, өз мұратыңды жырлау, ұл­тың­ның тағдырын, тыныс-тір­шілі­гінің барлығын жырлау! Сондық­тан да ақындарға кең жол ашып, тебірене толғануға үзбей жағдай жа­сап келе жатқан Астана әкімдігіне айтар алғысымыз мол! Жыр бәйге­сінде жүлде алған жұлдызды шығар­малардың басын бір кітапқа қосып, елорда тойына жырдан шашу шашпақ ойымыз бар.

Ал «Ел тірегі – Елорда!» деген ай­дармен Астананың 20 жылдық тойына арналған биылғы мүшәйра да өз мәресіне жетті. Биылғы аламан жыр бәйгесіне республикамыздың түкпір-түкпірінен 90-ға жуық үлкенді-кішілі ақындар қатысты. Барлығы да ағынан жарылып, Астана тойын жан-жақты жар­қырата жырлауға барын салып бағыпты. Бәйгеге түскен жырларды Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Қажығали Мұхан­бетқалиұлы төрағалық еткен қазылар алқасы сараптай, саралай келе бірауыздан мына шешімге келді: 

Бас жүлдеге көрнекті ақын, Алаш және Халықаралық Сергей Есенин сый­­лығының лауреаты Қазыбек Иса­ның «Ертегідей елорда» өлеңін лайық деп тапты. 

Бірінші орын талантты ақын қызы­мыз, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Сәуле Досжанның «Сәлем саған, Астана» өлеңіне берілді. 
Екінші орынның бірін әйгілі айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, филология ғылым­дарының докторы Аманжол Әлтай «Жиырма жасқа жиырма шумақ» жы­рымен, екіншісін ақтаңгер ақын, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы «Ай дидарлы Ас­танам» өлеңімен қанжығасына бай­­­ла­ды.

Үшінші үш орынды жас ақындар Мұқият Қойшыбайұлы «Астана», Бір­жан Ахмер «Алтын кеме», Нұрбол Мұрат­бек «Көзімнің қарашығы» ­өлең­де­рімен бөлісті. 

Астана тойына арналған жыр мү­шәй­ра­сында жұлдызы жанған жүйрік­терді шын жүрек­тен құттық­таймыз! 
Мерейтойың құтты болсын, асқақ­тай бер, жайнай бер, жасай бер, аяулы Астана!.. 

Несіпбек АЙТҰЛЫ, 
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты