Президент • 08 Маусым, 2018

Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың бизнес капитандарымен кездесті

308 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға мемлекеттік сапары аясында осы елдің бизнес капитандарымен кездесті. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың бизнес капитандарымен кездесті

Фото: inform.kz

Кездесу барысында Президенті Қазақстан ұлттық компанияларды Гонконг пен Шанхай биржаларына шығару мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. 

«Біз ауқымды жекешелендіру жүргізіп жатырмыз. Тау-кен өндіру, металлургия, көлік және басқа да салалардағы кәсіпорындардың активтері сатылымға шығарылады. Таяу жылдардың ішінде біз «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Қазпошта» сынды ірі ұлттық компанияларды ІРО-ға шығаруды жоспарлап отырмыз. Біз нысандарға қатысты мәміле жасауда барынша тартымды ұсынысты айқындау үшін  шетелдік инвесторлар тарапының сұраныстарын зерделеудеміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы ұлттық компанияларды сатып алушылар арасында азиялық нарық басымдыққа ие екенін баса айтты.

«Біз компанияларымыздың Гонконг пен Шанхайдың биржалық алаңдарына шығу мүмкіншіліктерін қарастырып жатырмыз. Бұған қоса, Шанхай биржасы  ендігі уақытта Астана халықаралық қаржы орталығының стратегиялық серіктесі саналады. Оны  ағымдағы жылдың  шілдесінде ашуды жоспарлап отырмыз және сіздерді қатысуға шақырамыз», - деді Елбасы. Сондай-ақ ол Қазақстанда бизнесті дамытудағы тиімді шарттарды атап өтті. 

«Бүгінде Қазақстан тиімді бизнес жүргізу үшін жаңа мүмкіншілктер мен үлкен әлеует болып отыр. Инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жұмыстар тұрақты жүргізіліп, кәсіпкерлік саласындағы заңнамалар ырықтандырылуда. Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде Қазақстан бүгінде 36 орында тұр. Біз ЭЫДҰ Инвестиция жөніндегі комитетінің ассоциаланған мүшесі болып саналамыз және Халықаралық инвестициялар жөніндегі декларацияға қосылдық», - деді Елбасы.

Президенті шетелдік инвесторлар мен бизнесмендермен өзара тиімді іс-қимылды жолға қою мақсатында арнайы KazakhInvest және KazakhExport компанияларының құрылғанын атап өтті.

«Металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, азық-түлік өндірісі сынды басымдыққа ие салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында корпоративтік, жер және мүлік салықтарынан босату қарастырылған. Мұндай салаларға шетелдік жұмыс күшін тарту квотасыз жүзеге асырылып, жер қойнауын пайдалануға лицензия алу және келісімшарттар жасасу шарттары жеңілдетіледі. Өйткені, бұл нысандар Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму ұлттық бағдарламасының құрамына кіреді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде 11 арнайы экономикалық аймақ, 24 индустриалды аймақ жұмыс істеп тұрғанын айтты. «Біз қытайлық компанияларды осындай тиімді шарттармен бизнесін дамытуға шақырамыз», - деді Елбасы.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды жүзеге асыруға шақырды. «Аграрлық секторға айрықша назар аударамыз. Бұл ретте Қазақстанның мүмкіншіліктері орасан зор. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеушілерге мемлекеттік қолдауды қарастырады», - деп атап өтті Елбасы.

Президенттің айтуынша, бұл секторды дамытуда жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру және оны экспортқа шығару басымдық саналады.

«Біз соңғы жылдары алғаш рет Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттай бастадық. Кешегі өткен келіссөздер барысында бұл сауда-саттықтың қарқынын арттыруды жалғастыра беретіндігімізді атап өттік. Қытайлық компанияларды агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды белсенді жүзеге асыруға шақырамыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ ол қытайлық компаниялардың Қазақстанда ІТ-стартап саласындағы жобаларды жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасалатынын айтты. 

«Қазақстан экономикасын жедел жаңғыртуға және инновацияның жаңа технологияларын енгізуге бағыт алды. «Цифрлық Қазақстан» деп аталатын арнайы мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Осыған байланысты экономика салаларын цифрландыру, инновациялық экожүйені дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыру маңызды», - деп атап өтті Елбасы.

Осы орайда Мемлекет басшысы елімізде Назарбаев Унивреситеті, Инновациялық технологиялар паркі сынды инновациялық кластерлердің жұмыс істе жатқандығын баса айтты.

«Ағымдағы жылы Астанада ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі ашылады. Мұның барлығы да сіздермен ынтымақтастығымыздың келешегі зор алаңы бола алар еді. Біз қытайлық компаниялардың жұмысы үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.