11 Маусым, 2018

6 немесе 7: Баланы мектепке қай жастан берген дұрыс?

9519 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен айда Білім және ғылым министрлігі балаларды бірінші сыныпқа қабылдау ережесінің өзгергенін хабарлады. Осы уақытқа дейін 1 сыныпқа қабылдау үшін бала сабақ басталатын қыркүйекке дейін 6 жасқа толуы керек болған. Бұдан былай алты жасқа қарашада не желтоқсанда толатын балаларды да бірінші сыныпқа қабылдайтын болды. Бұл жаңалық баланы мектепке қай жастан берген дұрыс деген сұрақты қайта қозғап отыр. Біреу мейлінше ерте барғаны абзал десе, екіншісі асығуға негіз жоқ дейді. Осы орайда, Фэйсбук әлеуметтік желісінде шағын сауал жолдап, ата-аналар мен оқытушылардың пікірін сұраған едік. Таңдау жасауға қиналып жүргендер үшін пайдалы болар деген үмітпен кейбір пікірлерді оқырман назарына жеткізуді жөн көрдік. 

Фото: Орынбай Балмұрат, «Егемен Қазақстан»

Айдос Алтынбек, әлеуметтанушы

Ұлды 7 жастан, қызды 6 жастан мектепке берген дұрыс. Себебі 14 жасқа дейін қыздар ұлдарға қарағанда жылдамырақ дамиды. Дегенмен, ғылыми зерттеулер мектеп табалдырығын кешірек аттауды жөн деп табады. Педагогтар сабақты тез ұғатын, физикалық дамуы жетілген балаларға бейсаналы түрде көбірек көңіл бөледі екен. Ал 10-12 жасқа дейін балалардың жасындағы 6 айлық айырмашылық әжептәуір байқалады.

Cәлім Қойшыбай, математика және логика пәнінің оқытушысы

Орта білімді 7 жастан бастаудың бірнеше артықшылығы бар. Бала болған соң, оқу барысында футбол ойнайды, бірін-бірі қуалап жүгіреді, анда-санда ерегесіп төбелесіп те қалады. Алғашқы сыныптарда баланың қай жылы қай айда туғаны рөл ойнайды. Қатарластарынан бірнеше ай бұрын дүниеге келгендер әдетте күштірек келеді. Алты жасар бала мұны заңдылық деп қабылдамай, әлсізбін деп ойлап өзіне деген сенімділігін азайтуы мүмкін. Кейде айы үлкен «атаман» балалар әлсіз қатарластарына күш көрсетіп те жатады. Мұның бәрі баланың психологиясына теріс әсер етуі мүмкін. Мектепке бару, сыныптастардың ортасында болу аздап жайсыздық тудыруы мүмкін.

Оның үстіне баланың ойынға құмарлығы партаға отырмас бұрын қанғаны жөн. Сонда ғана сабаққа деген зейін дұрыс болады. Жеке тәжірибемде 5-6 жастан бірінші сыныпқа барғандардан сабаққа деген немқұрайлықты, алаңғасарлықты жиі байқаймын. Елімізде О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебі, Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім инновация лицейі секілді арнаулы орта білім ошақтары оқушыларды конкурспен қабылдайтыны белгілі. Мен мектеп оқушыларын осы конкурсқа дайындаумен айналысамын. Орта білім алуды 7 жастан бастаған шәкірттерім сабақты мұқият тыңдап, жылдам меңгереді және үй тапсырмасына жоғары жауапкершілікпен қарайды, қосымша жаттығуларды белсене жасайды.

Айсұлу Молдабек, әлеуметтанушы

Әр баланың жағдайын жеке қарау керек. Егер қабілеті мен пайымы жетіп тұрса, ерте берген дұрыс. Әсіресе қыз баланы. Ал есіл-дерті ойындағы баланы кештеу беруге де болады. Педагогикалық еңбек өтілі 30 жылдан асатын ата-анамыз 6 баласын мектепке қабілетіне қарай әртүрлі жастан апарған. Дегенмен, қазіргі білім жүйесінде мектеп жасындағы балалардың жүктемесі тым ауыр. Оны игеру бала түгілі, ата-ананың өзіне оңай емес. Бастауыш сыныптарда баланы жаттандылықтан гөрі ойындар жақсы дамытады. Өз ойын ашық білдіре алатын, қиялшыл, ойы еркін баладан керемет тұлға шығады деп ойлаймын.

Назым Қанқожа, АҚШ-та уақытша тұратын ата-ана

АҚШ-та баламызды мектепке бес жастан бердік. Біздің «нөлінші» сыныпқа ұқсайды. Кәдімгі балабақшадағыдай барып-келіп жүреді. Сабақ ойын түрінде өтеді. Ойыншықтарымен ойнауға, мультфильм көруге күнде уақыт бөлінеді. Бұдан бөлек далада ойнауға да уақыттары бар. Оқуға бар-жоғы 2-3 сағат кетеді, қалғаны ойынға арналады. Бірақ осыншама жеңіл болғанымен, баламыз қашан әріп танып, кітап оқып кеткенін аңғармай қалдық. Бірінші сыныпқа біреу 6 жастан, біреу 7 жастан келеді. Мұндағы оқу бағдарламасы баланың шығармашылық дамуына бағытталғандықтан, біз үшін өте жеңіл болды. Осының өзіне де үлгермей жүрген оқушылар болды. Үй тапсырмасы 0 жəне 1 сыныпта 15 минуттан аспауы керек. Баламыз үй тапсырмасын 5 минутта орындап, ойынға кірісіп кетеді. Өз ойым алғашқы 3-4 сыныпқа дейін осындай оқу жүйесі балаға дұрыс сияқты. Баланың алаңсыз ойнайтын кезі болуы керек. Есесіне мұнда кітап оқуға көп көңіл бөлінеді. Былтыр жазда кітапхана мен мектептің біріккен конкурсына қатысу үшін біз 200-ге жуық кітап оқыдық. Конкурс қатысушыларының арасында 500-ге тарта кітап оқыған бастауыш сынып балалары да болды. Ойын ойнап жүрсе де, саясат пен президент жайлы өте қызық әңгімелер айтады.

Оқу жүйесінде де баланың қисық немесе қате жазғанына емес, идеясына, ойын жеткізе алғанына қарайды. Бірінші сыныптың екінші тоқсанында 10 беттен тұратын кітап жазды. Персонаж тауып, соны оқиғалармен өрбітті. Кәдімгі мультфильмнің дайын сценариі сияқты болып шықты. Бұл баланың қиялы мен креативті ойлау жүйесін дамытады және алған білімін іс жүзінде пайдалануға үйретеді. Баламның математикадан кем болып жатқанын да байқамадым. Сурет салып, əн айтып мектептен риза боп қайтатындықтан, ата-ана ретінде біз де шаршамаймыз. Үйірмелерге де барып үлгереміз. Мектеп емес, ата-ана баласының дамуына тікелей жауапкершілік алғандықтан, əр ата-ана баласының қабілетіне қарай өсіреді. Оқымадың, оқи алмадың, тест тапсырасың деп қысым жасау жоқ. Америкалықтар балаларына мектепке кіріп жатқанда «Көңіл көтеріп кел» деп айтады.   

Дархан ӨМІРБЕК,

«Егемен Қазақстан»