Футбол • 11 Маусым, 2018

Инк тайпасының тарландары

429 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Латын Америкасында өткен іріктеу ойындарының ең соңғы туры драмаға толы болды. Әлем чемпионатына жолдама алып қойған Бразилия өз алаңында Чилимен кездесті. Алексис Санчес бас­тап, Артуро Видаль қостаған чилиліктер бразилиялықтардан 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Ал Перу командасы Колумбиямен кездесіп, кем дегенде тең нәтижеге қолы жетпей жатты. Бірақ матчтың 74-минутында Пауло Герреро гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті. Осы голдың арқасында Перу құрамасы Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. 

Инк тайпасының тарландары

Сәттілік серік болған

Жалпы алғанда Перу Әлем чемпионатына барады дегенге ешкім сенген жоқ. Бірақ бастапқы ойындарда жеңілсе де, табандылығының арқасында дегеніне жетті. Ойынның соңғы минуттарында сәттілік серік болып, перуліктер талай ойынды құтқарып қалды. Аргентинамен тең түсіп, Месси бастаған са­йып­қырандарды тығырыққа да тіреді. Боливиядан 2:0 же­ңілген ойында Перуге 3 ұпай бұ­йырды. Неге дейсіздер ғой? Боливия құрамасы алаңға ойнауға рұқсаты жоқ футболшыны шығарыпты. Мінекей, осындай қилы жағдайлармен Перу Чили құрамасына бә­секелес атанды. Соңғы матч­тарды Чили онсыз да жағдайы қиын Аргентинамен кездесіп, ұпай жоғалтты. Жергілікті жанкүйерлер бұл оқиғаларды құдайдың берген нәсібі деп түсінді. Ал маңызды голдың авторы Хосе Герреро қазір Перуде ұлт қаһарманы. Ке­зінде «Бавария» сапында өнер көрсеткен шабуылшы Перу құрамасында хет-трик жасауымен ерекшеленеді. Өткен жылы Америка кубогында да бір матчта үш гол соғып дараланған. 

Жемқорлық індеті дендеді

Перу құрамасы 1970-1982 жылдар аралығында үш рет қатарынан Әлем чемпионатына барды. Құр бара салмай, ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсетті. Міне, сол 1982 жылдан кейін Перу тек осы жолы ғана іріктеуден өте алды. Араға 36 жыл салып қайта оралған Перу елдегі футболды дамытудың жаңа бастамасын көтермек. Се­бебі 2008 жылдан бері Пе­ру­дегі футболға жемқорлық ат­ты кесапат жабысқан еді. Тіпті ФИФА Перу құрамасын көптеген халықаралық жарыстарға қа­тыстырмай да тастады. Ен­ді, міне соңғы жылдардың бедерінде жағдай жақсарып, талантты ойыншылар көріне бастады. Перудің көптеген футболшылары Еуропа асып, өзге біріншіліктерде доп теуіп жүр. Содан бері тек 2011 жылы ғана бұл елдің құрамасы жүлдеге қол жеткізді. Америка кубогын­да қола жүлде иеленген перуліктер құрлықтық додадағы же­тістікке қатты масаттанып кетті. Артынша ғана басталған Бразилия мундиалінің іріктеуінен өте алмады. 

Герреро мен Фарфанға сенім артады

Перу құрамасы чемпио­нат­тағы ойынын 16 маусым күні бастайды. Алғашқы қарсылас – Дания. Скандинавия түбегінің өкілі Кристиан Эриксен бас­таған сайыпқырандарға се­ніп отыр. Ал Перу бапкері Ри­кар­до Гарека бұл матчта кем дегенде 1 ұпай алуымыз керек деп топшылайды. Ресей чем­­пио­ны атанған Джеферсон Фар­фаны бар Перу Франциядан жеңіл­сек те, Аустралияның ап­шы­сын қуырамыз дегенді айтады. Ойлары Франциядан кейінгі екінші орынды иемденіп, плей-оффқа шығу. Перу 21 маусым күні Франциямен, 26 маусым күні Аустралиямен кездеседі. 

Перу құрамасының ойыншылар тізімі:

• қақпашылар: Карлос Касе­да («Университарио»), Хосе Кар­вальо («Кахамарка»), Педро Гальесе («Веракрус»);

• қорғаушылар: Луис Адвин­кула («Лобос БУАП», Мек­сика), Мигель Араухо («Альян­са Лима»), Альдо Корсо («Университарио»), Кристиан Рамос («Веракрус»), Альберто Родригес («Атлетико Хуниор», Колум­бия), Мигель Трауко («Фла­менго», Бразилия), Ниль­сон Лойола («Мельгар»), Андер­сон Сантамария («Пуэбла», Мексика);

• жартылай қорғаушылар: Эдисон Флорес («Ольборг», Дания), Педро Акино («Лобос БУАП»), Вилдер Картахена («Веракрус»), Кристиан Куэва («Сан-Паулу», Бразилия), Паоло Уртадо («Витория», Португалия), Ренато Тапиа («Фейенорд», Нидерланды), Йосимар Йотун («Орландо Сити», АҚШ);

• шабуылшылар: Джеф­ферсон Фарфан («Локомотив», Ресей), Рауль Руидиас («Мо­релия», Мек­сика), Андре Каррильо («Уотфорд», Англия), Паоло Герреро («Фламенго», Бразилия), Энди Поло («Портленд Тимберз», АҚШ).

Ермұхамед МӘУЛЕН, 

«Егемен Қазақстан»