Қазақстан • 11 Маусым, 2018

Емле ережесін әзірлеуде ерекше мұқияттылық қажет - Қуат Бораш

766 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау туралы мәселе қозғап, Үкіметке нақты тапсырма берген болатын. Біздің Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат БОРАШПЕН сұхбатымыз да қазақ тілінің латын графикасына көшуіне байланысты өрбиді.

Емле ережесін әзірлеуде ерекше мұқияттылық қажет - Қуат Бораш

– Еліміз тәуелсіздік алған күн­дерден бастап, бүгінгі күнге дейін қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын әліпбиіне көші­ру туралы әңгіме баспасөз бет­те­рінде дүркін-дүркін көтеріліп, тіл жанашырларының осы төңі­рек­те тұжырымды ойларымен бө­ліскеніне жұртшылық куә. Ел­дің көптен күткен әліпби рефор­ма­сы орындалатын күнге де жет­тік. «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Рес­публикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығын баршамыз қуана қа­был­дадық. Осы Жарлықтың орын­далу барысы туралы кеңірек тарқатсаңыз?

– Төл әліпби мәселесін Елбасы Н.Назарбаевтың өзі бастамашы болып тәуелсіздік жылдарында бірнеше мәрте көтергенін жұртшылық жақсы біледі. Арадағы мемлекетіміздің қалыптасу, өсу, өркендеу, өрлеу кезеңдеріндегі елеулі әлеуметтік-экономикалық реформалардың нәтижелерінен кейін бұл тарихи іс өзінің нақты сүрлеуін тапты. «Таң атпаймын дегенмен, күн шықпай қоймайды» демекші, халықтың көкейінде көптен жүрген үміттің шамын Мемлекет басшысы өз қолымен жағып берді. Естеріңізде болса ел Президенті 2006 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясының (ҚХА-ның сол кездегі атауы) ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде пост­кеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зер­делеп алуымыз керек» – деген тапсырма берген болатын. 2012 жылы ел дамуының ұзақ мерзімді бағ­дарламасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге кезең-кезеңмен көшіріп, 2025 жылға дейін толықтай ауыстыру туралы айтылса, 2017 жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарламалық мақаласында латын әліп­биіне көшу – таяу жылдардағы мін­деттердің алдыңғы қатарынан орын алатынын айрықша атап көр­сетті.

Әліпби қай заманда да тұтастай халықтың рухани бет-бейнесі, алда­ғы дамуының сауаттылық айнасы, өркениет көшіне ілесудің керуенбасы болып келген. Сондықтан өт­кен ғасырдың басында алаш қай­раткерлері, оның ішінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақ» деп айтып кеткен. Яғни біртуар тұлғаның сол кездің өзінде «заманындағы өнер құралдарын орнатуға қолайлы болуы керек деген» сөзі бүгінгі ХХІ ғасырда да өзінің өзекті күйінде тұр. Жаһандану заманында латын графикасы жалпақ әлемнің жазу-сызуына негіз болған әліпбиге айналды және ақпараттық жаңа технологияға сай, ең икемді, ақпараттық алыс-беріске ықшам әрі қолайлы екенін танытып отыр. Сол себепті латын графикасы негізіндегі төл әліпбидің заманауи ақпараттық технологияларға, дәлірек айтсақ, ком­пьютерге икемді болуына, оны жұрт­шылықтың тез игеріп кетуі­не жағдай жасау ең басты мақсат­тардың бірі. Бүгінде жаңа ұлттық әліп­биіміздің халқымызға мей­лінше тиімді қызмет етуін қамтама­сыз ету, әліпби реформасын жазу ре­формасына айналдырып, тіліміздегі ақтаңдақтардың орнын толтыру біздің алдымыздағы елеулі міндет екендігін де айта кеткім келеді. 

«Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына сәйкес Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, өкілетті орган ретінде Мәдениет және спорт министрлігі белгіленді. Мұндай аса маңызды ауқымды шараны атқару абыройының бізге бұйырғаны жауапкершіліктің жүгін сал­мақ­тандыра түседі. 

– Жоғарыда тоқталып өт­кеніңіз­дей, министрліктің алдын­да бірқатар маңызды міндет­тердің тұрғанын байқадық. Осы міндеттерді шешу жолдары қалай ұйымдастырылуда?

– Латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиіне көшу міндетін жүйелі әрі сапалы жүзеге асыру мақ­сатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхаме­ди­ұлының тікелей бастамасымен әрі ұйытқы болуымен министрлікке қарасты Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы Шайсұлтан Шаяхметов атында­ғы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжі­ри­белік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта құрылды. Осыған орай орталықтың қызмет аясы кеңейіп, жаңа міндеттер жүктелді, сондай-ақ ғылыми әлеуеті арту үстінде. Қазірдің өзінде орталықта бір ҰҒА академигі, 2 ғылым докторы, 6 ғы­лым кандидаты қызмет атқарады. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің орфографиялық ережелерін дайындау, оларды апробациядан өткізу, әліпби бойынша үйрету, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және мемлекеттік қызметшілер мен жеке тұлғаларға мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту­ды ғылыми-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету, филология саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының басты мақсаты болып табылады. 

– Елбасы Жарлығы шыққалы бері жарты жылдан астам уақыт өтті. Қандай жұмыстар қолға алынды және алдағы уақытта қалай жүргізілмек? 

– Үкімет басшысы басқаратын Ұлттық комиссия жанынан орфо­гра­фия­лық, терминологиялық, әдіс­темелік, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтары құрылып, олардың алдындағы мақсат-міндеттері айқындалып беріл­­генін айта кеткеніміз жөн. Жұ­мыс топтарының құрамына ғалымдар, жетекші сала мамандары, тіл жанашырлары тартылып, бүгінгі таңда әр топ өз жоспарлары бойынша нақты жұмыстарына кірісіп те кетті. Осы жұмыс топ­та­рының ортақ мәселелерін анық­тап, өзара байланыстарын үйлес­тіріп, олардың алдына жаңа мін­дет­терді межелеп отырудың ми­нистрлікке тапсырылуы біздің ал­дымыздағы жауапкершілікті арттыра түседі. Сон­дай-ақ бүгінгі таңда жаңа әліпбиге сәйкес емле ережелерін даяр­лау, оқыту мен үйрету әдістем­есін құрастыру, қазақ тілінің термино­ло­гиялық қорын жүйелеу және латын графикасын IT технология­лар мен ақпараттық кеңістікке бейім­деу бойынша сарапшыларды тарту мәселесі де пысықталуда. Ми­нистрлік тарапынан «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жос­пары» бойынша атқарылатын жұмыстар ауқымы еңсеріле бастады. Атап айтсақ, Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және техникалық-ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының қыз­метін үйлестіру жұмыстары бас­талып та кетті. Бүгінге дейін жұ­мыс топтарының алдына қойыл­ған мақсаттарға қол жеткізу үшін ғылы­ми-практикалық конференция­лар, семинарлар, отырыстар өткізілуде. Көпшілікті жаңа әліпбиге көшу, ұлттық терминқорымыздың біріз­ден­ді­рілу барысымен таныстыру және ақпараттандыру мақсатында саланың жетекші мамандарын, жұмыс тобының мүшелерін тарта отырып, түсіндіру-насихаттау жұмыстары ұйымдастырылуда.

Соның бір мысалы ретінде осы айдың, яғни 11 маусымға белгіленіп отырған «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты республикалық конференцияны атап өтуге болады. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі емле ережелерінің тұжырымдамасын қабылдау мақсатында ұйымдас­тырылып отырған іс-шарада 4 жұмыс тобы мүшелерінің және жетек­­ші сала мамандарының басын қосып, жүргізілген жұмыстардың жал­пы жоспарға сай келуін саралау, бағыттарын айқындау, қорда­ланған мәселелерді пысықтау жоспар­ланған.

– Осы конференцияда көпші­лік көптен күтіп жүрген жаңа әліп­бидің емле ережесін әзірлеу­дің тұжы­рымдама жобасы талқы­ла­нады деп естідік. 

– Дұрыс айтасыз, қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ахмет Байтұрсынұлы атын­­дағы Тіл білімі институтының ғалым­дары төл әліпбиімізге негіз­делген орфографиялық ережелерді қалыптастыру жұмыстарына кірісті. Жоспарланып отырған конференция­да белгілі тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли жаңа әліпби емле ережелерінің тұжырымдамасын жұрт­шылыққа таныстырмақ. Өзде­ріңіз білесіздер, әліпби ауыс­тыру – жай ғана қаріп ауыстыру емес. Көзіқарақты оқырманға мәлім, қазіргі кириллицадағы әліпби әріп­терінің үштен бірі орыс тілінен енген сөздерді бұлжытпастан, орыс орфографиясының ауанымен таңбаланып, жазба тіліміз ұлт­тық сипатынан айырылған жартыкеш жазу күйінде өмір сүрді. Ке­зінде І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, М.Балақаев және бүгінде тоқсанның биігіне шыққан Р.Сыздық сынды аса көрнекті тіл­танушы ғалымдарымыз Ахмет Бай­тұрсынұлы ғылыми негізін қалап кеткен қазақ жазуының ұлт­тық сипатын сақтауға, әліпби түзу мен емле ережелерінің нормалануы мен қалыптасуы аясында оң шешім­дер тауып, жазба тілдің гра­фика-орфографиялық жүйесін оң­тайландыруға, емле ережелерін жасауға мейлінше күш салғаны белгілі. Әлбетте, жаңа емле ережесін әзірлеуде де ерекше мұқияттылық қажет екені бесенеден белгілі. Ендігі жерде өткеннің тағылымы мен тәжірибесін терең қабылдай отырып, Ә.Жүнісбек, Н.Уәли, Қ.Күдеринова, Н.Әміржанова сияқты дарынды ғалымдарымыз бастаған тіл зерт­теушілері қазақ орфографиясын жаңа белеске көтереді деп сенеміз. 

– Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төр­тінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» атты Қазақстан хал­қына Жолдауында тұрақты және жалпыға бірдей танылған терминдер мен ұғымдардың қазақ тіліне аударылу барысы, ондағы олқылықтар мен кемшін тұстар туралы орынды сын айтылды. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін сіздердің тарапыңыздан қандай іс-шаралар атқарылуда?

– Қазақ терминологиясының қордаланған мәселелері көкірек көзі ашық көпшіліктің көкейкесті сауалдарының бірі. Бұл мәселенің баспасөз беттерінде көп жазылып, жоғары мінбелерден сыналуы халқымыздың тіл мәдениетін көтеруге игі ықпалын тигізеді деп сенеміз. Осы мәселені шешу барысында біздің тарапымыздан бірқатар нақты қадамдар жасалуда. Атап айтсақ, биылғы жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдерді қайта қарау, оларды насихаттау, Комиссия мүшелерінің жұмысын қаржыландыру сияқты жұмыстар тиянақталды. Ең бастысы, бүгінге дейін бекітілген терминдерге мониторинг жүргізілді. Қазірге дейін 21 мың термин бекітілсе, оның 40,8 % (8571 термин) – төл терминдер, ал 59,2 % (12429 термин) кірме және аралас терминдерді құрап отыр. Осы терминдерге жасалу және аудару тұрғысынан толық лингвистикалық сараптама жасалуда.

Сондай-ақ тіліміздің тазалығын сақтап қана қоймай, оны ғылым тіліне айналдыру үшін терминдердің принциптері мен қолданбалы терминтанудың негізгі міндеттерін айқындау мәселесі қолға алынды. Бұл ретте Елбасы алға қойған міндеттерді орындауда шет тілінен енген бірқатар терминдердің қа­зақ тіліндегі нұсқалары, атап айт­қанда, процент (пайыз), гимн (әнұран), шина (құрсым), инвентарь (мұқаммал), демаркация (шегендеу), баланс (теңгерім), ин­теграция (ықпалдасу), дефект (ақау) және басқа да бірқатар термин­дер халықаралық нұсқалармен қайта сәйкес­тендірілді. Терминдерді бекі­ту барысында олардың дефиниция­сы, ағылшын, неміс, испан, фран­цуз және түркі тілдеріндегі қол­данысы ескеріледі. Сондықтан бар­ша әріптестерімізге ендігі жерде Комиссия шешіміне сәйкес пайыз­ды процент, әнұранды гимн деп қолдану қажеттігін еске саламыз.

Сонымен қатар Мемлекет бас­шы­сының биылғы Жолдауында терминология мәселесіне қатысты көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында биылғы жылғы 18 мамырда «Терминжасам қағидаттары және ұлттық терминология мәсе­лелері» тақырыбында терминолог ғалымдардың қатысуымен рес­публикалық ғылыми-теориялық кон­ференция өткізілді. Шара барысында терминжасамның ғы­лы­ми қағидаттары, ұлттық тер­минологиялық қор, салалық тер­минологияның өзекті мәселелері, қазақ тілінің латын графикасына көшірілуіне байланысты туындайтын терминологиялық міндеттер, тұрақты және жалпыға бірдей танылған терминдер мен ұғымдарды қазақ тіліне аударуды шектеу, бұрын қазақ тіліне аударылған жалпыға бірдей танылған терминдер мен ұғымдарды қайта қарап, сәтсіз баламаларын түпнұсқамен сәйкестендіру мәселелері қарастырылып, конференция жұмысында талқыланған мәселелер бойынша ұсыныстар қа­рарға енгізілді. Тұтастай алғанда, ми­нистрлік тарапынан қолға алынған жү­йелі жұмыстар мен ғылыми негіз­демелер ұлттық терминология сала­сының ілгерілеуіне елеулі ық­пал етуде.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»