Қазақстан • 12 Маусым, 2018

Уақыттың құны

940 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Адам баласы үшін уақыттан қымбат дүние жоқ. Егер де сіз 63 жыл өмір сүріп, күніне 8 сағат жұмыс істесеңіз, барлық ғұмырыңыздың 21 жылы жұмыс істеуге кетеді екен. Тәулігіне 8 сағат ұйықтасаңыз, тағы бір 21 жыл ұйқыға кетеді. Оның сыртында 6 жыл тамақ ішуге, 5 жыл анда-мұнда сапарларға, 1 жыл телефонмен сөйлесуге кететін көрінеді.

Уақыттың құны

Қазір дүние шіркін дөңгеленіп, ақпарат көзі жедел дамыған мына заман адамдарды ойландырмайтын болды. Теледидар атау­лы халықты ұзын-сонар телесериалдармен алдауда. Әсіресе ауыл қазақтарының өмірі түрік, корей, үнді сериалдарын тамашалаумен өтіп жатыр. Олар бір күнде екі немесе үш сериалдан көреді. Әрбір сериал 40-60 минуттан. Енді есептеп кеп жіберейік. Екі сериалға бақандай 2 сағат уақытыңыз кетеді. Аптасына 12-14 сағат­ты кино көрумен өткізеді екенсіз. Бір айда 48-52 сағатты сериал көруге жұмсайсыз. Ар жағында жылына қаншама уақыт теледидарға телмірумен өтіп жатыр, есептеп көріңіз! 

Осы сериалдарды көргеннен не ұтасыз? Түк те пайдасы жоқ. Әншейін босқа өткен уақыт. Баянсыз өткен уақыттың ақыретте сұрауы болмақ. Ақылды адам өзін кино көріп алдандырғанша екі дүниеде пайдасы бар әрекетпен айналысар еді. Бала-шаға несібесі үшін еңбек етер еді, ауырып-сырқаған ағайын-жекжаттың көңілін сұрауға барар еді...

Ерте дәуірде өмір сүрген танымал тақуа Абдолда Мәсғұт: «Өкініштен өзегім­ді өртейтін нәрсе: босқа өткен уақыт­тарым» десе, үлкен сахаба Мағаз Жәбәл дей­тін адам пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Қиямет күні төрт нәрседен сұрал­майын­ша, құлдың екі аяғы тырп етпейді: уақытын қалай жұмсады, жастық шағын қалай өткіз­ді, мал-дүниені қайдан тапты, қайда жұмсады, біліміне қандай амал жасады» дейді. Осыдан-ақ уақыттың маңызын біле беріңіз.

Осы орайда уақыттың құнын түсінді­ретін мына бір тәмсілді тыңдаңыз: Бірде патшаға нөкерлері шомбал адамды ертіп келіпті. Бұл адам аса епті екен. Үлкен тебен инені алты аттам жерге шаншып қойып, қолындағы жіпті лақтырғанда әлгі иненің көзінен өткізіп жібереді. Патша көріп қайран қалады. Шеберден: «Осы істі үйрену үшін қанша жыл жұмсадың?» деп сұрайды. Шебер: «Қырық жыл уақытым кетті», дейді. Хан айтады: «Мына адамға 40 ділда алтын беріңдер, оған қоса аямай 40 дүре соғыңдар», депті. Шебер: «Тақсыр, хан ием, 40 дүре соғатындай қандай айы­бым бар, түсінсем бұйырмасын…» дейді. Сонда хан айтыпты: «40 алтын ділда еңбегің үшін, 40 дүре ешқандай пайдасыз іспен айналысып қырық жыл ғұмырыңды босқа өткізгеніңнің жазасы», депті. Ағайындар ойлап көріңіздерші, шынында тебен инеге алты аттам жерден жіп лақтырып көзінен өткізгеннің халық үшін қандай пайдасы бар. Мына сериалдар да сол сияқты пайдасыз әрі мазмұны төмен, тәрбиелік мәні нашар дүниелер.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»