Үкімет • 12 Маусым, 2018

Үкімет басшысы бөлінген қаржыны тиімді пайдалануды тапсырды

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін 2018 жылғы 5 айдағы республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындысын қарау барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Қаржы министрлігінің есебін тыңдағаннан кейін бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Үкімет басшысы бөлінген қаржыны тиімді пайдалануды тапсырды

Қаржы министрі Б. Сұлтановтың баяндамасына сәйкес, мемлекеттік бюджет кірістері (трансферттерсіз) 3 290 млрд теңгені немесе жоспардың 104,3% құрады. Республикалық бюджет бойынша кірістердің атқарылуы — 100,7%-ті, жергілікті бюджет бойынша — 114,4%-ті құрады. Республикалық бюджет шығындары 3 684,5 млрд теңгеге игерілді.

Премьер-Министр бес айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында өсім байқалатынан атап өтті. Дегенмен, құрылыс саласында айтарлықтай өсім белгіленбеген. Республикалық объектілердің құрылысына бюджетте 275,5 млрд теңге қаралған. Қаржы министрі Б. Сұлтановтың мәлімдеуінше, есепті кезеңде жылдық соманың тек 15% ғана игерілген, яғни 42,2 млрд теңге. Жыл соңына дейін 233,3 млрд теңге атқарылуы қажет.

Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек өз кезегінде нысандар құрылысы бойынша жұмыстардың кесте бойынша жүргізіліп жатқанын және жыл соңына дейін жоспардың орындалатынын жеткізді.

Мәселені қарау нәтижелері бойынша Бақытжан Сағынтаев ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласындағы көрсеткіштердің өскенін атап өтті. Әйтсе де, бюджет қаражатын тиімді пайдалануды мұқият қадағалап, тиісті конкурстық процедураларды өткізу үшін іс-шаралар қабылдау тапсырылды.

Қаржы министрлігіне осы жылдың алты айының қорытындысы бойынша белгіленген индикаторларды орындамау кезінде бөлінген қаражатты қайтарып алу және оны Мемлекет басшысы қойған басқа міндеттерді іске асыру үшін қайта бөлу тапсырылды. Ауыл шаруашылығын, қайта өңдеу саласын дамытуды, экономиканы несиелендіруді қаржылай қамтамасыз ету бойынша міндеттерді шешу үшін жүйелі шараларды күшейту қажет.

Бақылауға алу ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин мен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Досаевқа тапсырылды.