Жекпе-жек • 12 Маусым, 2018

Астанада каратэден Азия чемпионаты өтеді

551 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Астанада киокушинкай-кан каратэден Азия чемпионаты өтуіне байланысты баспасөз мәслихаты өтті. 

Астанада каратэден Азия чемпионаты өтеді

Іс-шараға Ұлттық Республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясының Президенті, Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев, Ұлттық Республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясының вице-президенті Сайранбек Әбілқайыров, Ұлттық Республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясының бас бапкері Азамат Тәкенов қатысты.

2018 жылдың 15-17 маусым күндері «Дәулет» спорткомбинатында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай киокушинкай-кан каратэден балалар, жасөспірімдер, кіші жастағы қыздар, ерлер және әйелдер арасында Ашық Азия чемпионаты өтеді. Бұл чемпионатта кумитэ және ката түрі бойынша 12 жастан жоғары спортшылар 37 салмақта сынға түседі.

Құрлықтық бәсекеге 12 мемлекеттен 250-ге жуық спортшы қатысады деп жоспарланған. Қазіргі таңда чемпионатқа қатысуға Иран, Ирак, Үндістан Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Жапония, Монғолия, Түркменстан мемлекеттерінен өтінімдер түсті.

Жылдың байрақты бәсекесінде ел намысын ерлер арасындағы әлем чемпионы Алишер Карменов, 2015 жылдың Азия чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Никита Гарас, әйелдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әлемгүл Сабырхан, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мадина Сауытова сынды еліміздің үздік жас татами шеберлері қорғайтын болады.