Аймақтар • 13 Маусым, 2018

Алакөлге ұшақ билетінің құны екі есе қымбаттаған

558 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жақында Үржар ауданына барып қайттым. Барғанда аудан орталығына дейін ұшаққа 10 мың теңге төледім. Өскеменге қайтайын деп әуежайға келсем билет бағасы 22 мыңнан асып жығылыпты. Не болса да билет алайын деп кассаға барсам, «ұшақ ұшпайды» деді. «Неге?» десем, «ұшатын кісі жоқ» дейді. Әрине 22-23 мыңға кім ұшсын?! Астана мен Алматыдан қатынайтын бағыттардың бағасынан да жоғары. Бұдан кейін Алакөлге демалушылар қайдан келсін?! Суға шомылу маусымы кезінде бағаны төмендеткеннің орнына көтергендерін қалай түсінеміз?» дейді Өскемен қаласының тұрғыны, жазушы Әлібек Қаңтарбаев.

Алакөлге ұшақ билетінің құны екі есе қымбаттаған

Мән-жайды білейік, тұрғындар тарапынан түсіп жатқан өтініш-тілектерді жеткізейік деп облыстық жолаушы­лар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына хабарластық. Басқарманың жолаушы көлігі бөлімінің басшысы Айжан Рахымбаевамен сөйлескенімізде, ол «Өскемен-Үржар» әуе бағытының бағасы 1 маусымға дейін 10 мың теңге болғанын, бұған облыстық бюджеттен арнайы субсидия бөлінгенін, ал 1 мау­сымнан бастап ұшақ бағасы 22 мың теңгеге дейін қымбаттағанын айтты. «Бюджетті оңтайландыру үшін жазда коммерциялық бағытқа ауысқан болатынбыз. Дегенмен де бұл мәселені қайта қарастыруға әзірміз. Егер жолаушылар 22 мыңды қалтаға салмақ салады деп жатса, бұрынғы бағасын қайта қалпына келтіруге болады», дейді бөлім басшысы.

Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасына қарас­ты туристік ақпараттық орталықтың берген мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта Үржарға үш әуе бағыты қарас­тырылған. Олар – «Өскемен – Семей-Үржар», «Алматы – Үржар», «Астана – Үржар» бағыттары. 2018 жылы субсидия ретінде «Өскемен – Семей – Үржар» бағытына облыстық бюджеттен 162 млн, республикалық бюджеттен «Алматы-Үржар» бағытына 71 млн, «Астана-Үржар» бағытына 63 млн теңге бөлініпті. Аталған әуе бағыттарына көз салсаңыз, Астана (19 500 теңге) мен Алматыдан (16 мың теңге) Үржарға тікелей қатынайтын ұшақтардың бағасы Өскемен мен Семейден (22 мың теңгеден басталады) әлдеқайда арзан екенін аңғарасыз. 

Түйін

Ұшақтың жайы әзірге осындай болып тұр. Қатынас мәселесін қозғағаннан кейін Алакөлге жүреді делінген пойыз жайында да айтпасқа болмайтын секілді. Жақында газетімізде «Алакөлге 15 маусымнан бастап пойыз жүреді», «плацкарттың бағасы – 2800, купенің бағасы – 4000 теңге болады» деп оқырмандардан сүйін­ші сұраған болатынбыз. Жағымды жаңа­лықты облыс әкімі Даниал Ахметов Үржар ауданына жасаған жұмыс сапары бары­сында жеткізгенін де айтқанбыз. «Жөн­ болған екен. Әйтпесе Үржардың жолы­мен Алакөлге жеткенше сілікпеміз шығып жүруші еді» деп біраз жұрт қуа­нып, алғыстарын жаудырып еді. Енді міне соңғы апталарда: «Алакөлге пойыз жүре ме, жүрмей ме? Нақтысын айты­ңы­здаршы», деп темір жол вокзалына хабарлас­сақ, «бізде ондай ақпарат жоқ» деген жауап алдық.

Азамат ҚАСЫМ, 

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы