Әлем • 13 Маусым, 2018

Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның кездесуі ортақ келісіммен аяқталды

411 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше АҚШ пен Корей Халық Демократиялық Республикасының басшылары кездесіп, екі ел арасын­дағы қордаланған мәселелерді талқы­лады. Бұл – екі елдің іс басындағы президенттерінің тұңғыш кездесуі. Дональд Трамп пен Ким Чен Ын жүздескен Сингапур саммитінің басты тақырыбы ҚХДР-ды ядролық қарудан тазарту мәселесі болды.

Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның кездесуі ортақ келісіммен аяқталды

Тарихи кездесуге келген екі президент Сингапурдың Сентос аралындағы люкс-отельде қол алысып, шамамен елу минуттай аудармашылардың қатысуымен оңаша әңгімелесті. Оңаша кездесуден соң Трамп келіссөз жалғасатынын айтып, Корей түбегін ядролық қарусыз аймаққа айналдыруда табысқа жететінінен үмітті екенін білдірді. Сондай-ақ Дональд Трамп АҚШ пен Пхеньянның ара-қатынасы жақсаратынына сенімді екенін жеткізді. Ким Чен Ын бұл саммиттің көптеген кедергіге тап болғанын атап өтті.

Оңаша кездесуден кейін оларға екі ел делегациясының өкілдері қосылды. BBC-дің хабарлауынша, АҚШ делегациясы құрамында мемлекеттік хатшы Майк Помпео, президент әкімшілігінің басшысы Джон Келли, президенттің ұлттық қауіпсіздік мәселелері бо­йынша кеңесшісі Джон Болтон және АҚШ-тың Филиппиндегі елшісі Сун Ким болған. Кеңейтілген құрамдағы саммиттен соң Д.Трамп пен Ким Чен Ын ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Кездесудегі басты тақырып КХДР-дың ядролық қарудан бас тартуы төңірегінде өрбігенін жоғарыда айтып өттік. Халықаралық қоғамдастық Солтүстік Кореяны соңғы онжылдық­тарда адам құқықтарын шектеді, ядролық қаруды сынады, халықаралық заңдарды бұзды деп айыптап, түрлі санкциялар салып келеді. Шетелдермен байланысын шектеп, оқшауланған КХДР бүгінде жабық сая­сат ұстанады.

АҚШ Пхеньянның ядролық қару­дан бас тартқанын, оқтұмсықтарды үшінші тарапқа бергенін қалайды. Сарапшылардың пікірінше, КХДР бұл талапқа қарсы санкциялардан арылтуды сұрауы мүмкін. Пхеньянның орталық ақпарат агенттігі кездесу өтпес бұрын саммитте «КХДР мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейі, Оңтүстік Кореямен байланыс және ядролық қарусыздану» тақырыптары талқыланатынын хабарлады. 

Euronews-тің хабарлауынша, саммиттің соңында екі ел басшылары жоғары деңгейлі келіссөздердің нәтижесі бойынша бірлескен құжат­тарға қол қойған. Алайда олардың нақты қандай құжаттар екені хабарланбады. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, журналистер Ким Чен Ыннан «ядролық қарудан бас тартасыз ба?» деп үш рет сұрағанымен, ол жауап бермеген. 

Айта кету керек, АҚШ пен КХДР басшы­ларының алғашқы кездесуіне дайындық күрделі өтті. Бірнеше ай бұрын Трамп пен Ким бір-бірін балағаттап, тіпті ядролық соғыс туралы айтып, доқ көрсетті. Д.Трамп БҰҰ мінберінде тұрып Кореяны жоқ қылатыны туралы айтса, Ким Чен Ын өз кезегінде Америка президентін «есуас, жынды» деп балағаттады. Мамыр айында Трамптың кеңесшісі Джон Болтон Солтүстік Кореяны Ливиямен салыстырғаннан кейін саммит мүлдем өтпей қала жаздады. 24 мамыр күні АҚШ президенті кездесуден бас тартып, 6 күннен соң саммиттің болатынын хабарлады. Кездесу өтетіні белгілі болғанда Солтүстік Корея Пунгеридегі ядролық сынақ полигондарына демонтаж жасады. 

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»