Қазақстан • 13 Маусым, 2018

Семейде сатылған жер теліміне байланысты тұрғындар наразылық білдіруде

351 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Семейдегі Мұхтар Әуезов даңғылы мен Победа көшесінің қиылысында орналасқан көп­пә­терлі үйдің алдындағы жер телімін жергілікті кәсіпкер Анар Байкенова жаңа ғимарат салу үшін сатып алыпты. Са­тып алу заң бойынша жүр­гі­­зілді ме, әлде қандай да бір қай­шы­лық бар ма, ол жағын қазір сот орын­дары анықтап жатыр. 

 

Семейде сатылған жер теліміне байланысты тұрғындар наразылық білдіруде

Бір белгілісі, «Байкенов» кәсіп­кер­лігі бұл жер телімін Затаевич көшесі, 33-үй мекенжайында орна­ласқан көппәтерлі үйдің алды деп сатып алған. Сөйтіп М.Әуезов даңғылы мен Победа көшесінің қиылысын өзінше «ретке» келтіре бастай­­ды. Тұрғындардың айтуы бойынша, жеке кәсіпкер аукцион арқылы бұл жерді алдым деп, осындағы балалар алаңын бұзып, біраз ағашты кесіп тастаған. Халық даулап отыр­ған көппәтерлі үйдің сырт жағы Затаевич, 33-үйдің жанында орналасса, бір бұрышы М.Әуезов даңғылы мен Победа көшелерінің қиылысына келіп тіреледі екен. Тұрғындардың басым көпшілігінің айтуларынша, бұл дау осыдан туындап отыр. 

Жуырда қала әкімі Ермак Сәлімов осы дауға қатыс­ты жергілікті тұрғын­дармен кездесуге келді. Оның айтуынша, бұл шешім өзіне дейінгі әкім­дер­дің кезінде қабылданған. Қазір әкімдік ха­лық­тың жағдайына, талап-тілегіне қарай әрекет етуге дайын, бірақ даулы мәселе заң бойынша тек сот арқылы ғана шешіледі.

– Семейге басқа әкім басшы болған кезде М.Әуезов даңғылы мен Победа көшесінің арасын­дағы жерді алуға кәсіпкерге тыйым салу керек еді. Өкінішке қарай, олай жасалмаған, – дейді қала басшысы. – Осылайша маған үнемі өткен жыл­дың осы тақылеттес даулы дүниелерін ше­шу­­­мен айналысуға тура келіп тұр. Жылын қа­ра­саңыздаршы, алғашқы аукцион 2014 жылы өткен. Мен ол кезде әкім болған жоқпын. Бірақ дәл қазіргі уақытта халықтың мұң-мұқтажын қа­рас­­тырмай қоя алмаймын. Сіздерге көмектесуге әзір­мін.

Қала әкімі даулы жерді мемлекет қазынасына сот арқылы қайтарған жөн деп санайды. Бірақ «Байкенов» ЖК басшысы Анар Байкенова «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасы мен облыс басшылығына шығып, жер телімін қайтару­дан үзілді-кесілді бас тартыпты.

– Менің сөзімді неге еш­кім естігісі келмей тұр? – дейді Анар Амангелдіқызы. – Иә, «Бай­­кенов» кәсіпкерлік нысаны бұл жерді алды. Енді абаттандырамын десем де, ешкімнің тыңдағысы жоқ. Сол себептен Ұлттық кәсіпкерлер палатасына шы­ғуы­ма тура келді. Алған жерімді қоршап қой­ға­ным сол-ақ еді, қарсыласқан топқа тап болдым. Қолымдағы құжаттарым барлық талапқа сай. Ағаштарды кесіп тастады дейді, бірақ бұл жерге осыған дейін ешкім назар аудар­май, қоқыс болып жатыр еді. Менің тұр­ғын үйдің алдына зәулім нысан салмайтыным түсінікті ғой. Біреулер тұрғындарды әдейі шатастырып отыр.

Қала әкімі Ермак Сәлімовпен кез­дескен тұр­ғын­дардың Анар Бай­ке­новаға қарсы уәжі бар. Олар­дың айтуларынша, бұл жерде өсіп тұрған ағаштарды кесіп тастап, орнын көгалдандырамын деудің қажеті жоқ. Осы үйде 38 жылдан бері тұра­тын Ирина Безродная бұл тұста шағын бақ бол­ғанын, оған өзі көшет еккенін айтады. Сатып алу­шы ағаштарды қалай кескенін көзімен көріп, жылап тұрып бейнежазбаға түсіріп алыпты. 

– Мен Затаевич көшесі, 35-үйдің тұрғынымын, – деді сәбиін көтеріп келген жас ана Айнұр Жам­бо­латова. – Бұл жерге қалай ғимарат сал­­мақ­шы? Бұрынғы әкімдер бұған қалай рұқсат еткен? Жаз бойы құры­лыс жұмыстарын жүргізсе, ма­ңай­­дың бәріне шаң көтеріліп, төңірек астаң-кес­тең болмақ. Ол өз алдына, егер қандай да бір ғи­ма­рат салса, мына маңайда әрлі-берлі жүрудің өзі қиын­дап қалады. Көріп тұрсыздар, аядай ға­на жер. Ертең төтенше жағдай бола қалса, өрт сөн­ді­­ру­­шілер мен құтқарушылардың көліктері қалай өте­ді?! Соны неге ойламайды?! Айналаның бәрі қап­таған дүкен, түрлі кәсіпкерлік нысандар. Дем­ала­тын жер қалмады, ағаштарды кесіп тастады.

Тиісті заң талаптары бойынша, қала ішіндегі жер телімдері жалпы ортақ қолданыстан алынған жағдайда ғана жеке меншікке берілуі мүмкін. Біз айтып отырған мәсе­леде бұл жайт ескерілмеген сыңай­лы. Аукционға түскен жердің мекен­жайы: Затаевич, 35 «А» деп көрсетілген. Бірақ жер М.Әуезов даңғылы мен Победа көшесінің қиы­лы­­сында тұр. Бір қызығы, бұл жер телімінің са­ты­латындығы туралы қаланың қоғамдық кеңесі де, қала құрылысы бөлімі де хабарсыз болған.

Қала әкімдігі жағдай толық шеші­мін тапқанға дейін кәсіпкер Анар Байкеноваға құрылысын жүр­гізуге тыйым салған. Тұрғындардың наразы­лы­ғына байланысты жұмыс тоқтап қалған кезде құрылыс алаңы қоршалған күйі қала беріпті. Тұр­ғын­дардың өтінішіне құлақ түрсек, бұл жерде бұрын болған шағын саябақтың қалпына келті­рілгенін қалайды. Қала әкімі Ермак Сәлімов болса тиісті сот шешімі шыққан соң бұл жерге жаңадан ағаштар отырғызылып, балалар ойнайтын алаң ашылады деп отыр. 

Раушан НҰҒМАНБЕК,

журналист

СЕМЕЙ

Соңғы жаңалықтар