Қазақстан • 13 Маусым, 2018

Мейіргерлік іс бойынша қолданбалы бакалавр иелеріне қандай міндеттер жүктеледі?

5281 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде дәрігерлердің, әсіресе медбикелердің қызметіне қоғам тарапынан сын-ескертпе, көңіл толмаушылық бар екені жасырын емес. Емдеу мекемелеріндегі бұл ахуалға олардың біліктілігі мен еңбегінің бағалануы да тікелей әсер ететіні анық. Дегенмен бәсекелестікке құрылған нарықтық ортада мейір иесі болуы тиіс мейіргер мамандығына қойылар талап та кеңейіп келеді. Бұл Елбасының биылғы Жолдауындағы үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт қалыптастыруда қойған нақты тапсырмаларынан туындап отыр.   

Мейіргерлік іс бойынша қолданбалы бакалавр иелеріне қандай міндеттер жүктеледі?

Ұдайы қозғалыстар мен өзгеріс­терге толы әлемде түрленбей жатқан сала жоқ шығар. Соның бірі медицина десек, өзгерістердің ауқымды бөлігі медбикелер жұмысына да қатысты. Медицинада көрсетілетін қызметтердің аясы кеңіп, көбірек қаражат жұмсалатын болғандықтан сол баяғы сарынмен жүре берудің тиімді еместігі де анық байқалды. Қымбат ем-шараларды қажет ететін дертпен күрестен гөрі оның алдын алу шынымен бас қатыратын мәселеге айналды. Міне, осы стра­те­гиялық тұрғыдан маңызды істе мед­бикелерді дұрыс дайындау, оқыту, еңбектерін бағалау, соған сәйкес жалақы белгілеу қажеттігі де алға шығып отыр.

Жалпы, бүгінде мейіргер атанып жүрген орта буын медицина қыз­мет­керлерінің тарихын іздесек, 1831 жылы Дублинде католиктік монах әйел Кэтрин Элизабет Маколи құр­ған конгрегацияға барып тіреледі. Ал Флоренцияда туып, сол қаланың құрметіне есімі қо­йылған Флоренс Найтингейль Қырым соғысында жаралы жауынгерлерге көрсеткен кө­ме­гімен ұлттық қаһарман деңгейіне дейін көтерілді. 1912 жылы ха­лық­аралық Қызыл крест және Қыз­ыл жарты ай қоғамы Флоренс Най­тингейль дүниеге келген 12 мамыр­ды мейіргерлер күні деп белгіледі.

Қазіргі кезде орта буындағы қыз­­мет­керлерді даярлау реформасы қолға алынды десе болады. Осылайша, бүгінде фин үлгісі бойынша елімізде 308 мейіргерлік іс маманы қолданбалы бакалавр дәрежесін иеленіп шықты. Еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның айтуын­ша, ЮНИСЕФ пен финляндиялық кеңесшілердің қолдауымен жүзеге асырылған қанатқақты жобаға 7 өңірдегі 7 жоғары колледж және 29 ұйым енді. Аталған жоба емханаларда жалғасын таппақ. Бұл ретте алдымен мейіргерлік іс бойынша қолданбалы бакалавр иелеріне қандай міндеттер жүктеледі деген сауалдарға жауап іздеген жөн. Егер бұрын жоғары оқу орнын бітіріп, дәрігер атанған жан барлық нау­қасты бірдей қарай беретін болса, қазір олардың ішінен де толып жатқан мамандықтар бөлініп шық­ты. Барлық жерде мұндай білікті маман­дар­дың жетіспейтіні аян. Олардың дені үлкен қалаларда қалғандықтан, ауылды жерлерде жеке бір органды қарайтын маман тапшылығы айқын сезіледі. 

Әлем бойынша сауықтыруды жүр­гізудегі жоғары білікті маман­дар орнын осы қолданбалы бака­лав­риат деңгейінде дайын­дал­ған жаңа көзқарастағы, жаңа тұр­­пат­тағы мейіргерлер тол­тыр­­мақ. Олар науқасты күтіп, ем-шараларды жүр­гізуде өздері дер­бес шешім қа­был­дай алатындай жоғары білікті мамандардың білік­ті көмекшілері санатыда еңбек етпек. Шетелдерде мұ­н­дай мейіргерлер арнайы тір­ке­леді және мұндай есептегі мейір­гер болудың дәрежесі де жо­­ғары. Олар әдеттегі дәрігер нұс­­қаулығын орындайтын қара­па­йым медбикеден екі есе көп табыс табады. Өйткені лицензия алу үшін дәрігерлер тәрізді сынақ тапсырып, соның нәтижесінде лицензиялы маман мейіргер атанады. Сондықтан да отандық медицинада осындай дәрежедегі маман мейіргер даярлаудың ма­ңызы зор.

Бүгінде еліміз бойынша 132 мың­­нан астам мейіргер жұмыс іс­тейді. Ал 40 пайызын фин әріп­тес­тер тәрізді алдағы 20 жыл ішін­­­де жоғарыдағыдай деңгейге жет­­­кізе­міз десек, 2040 жылдары ака­­­де­миялық қолданбалы бакалавр мейір­гері мамандығын 60 мыңға таяу адам иеленіп шығуы ке­рек екен. Қазір мейіргерлер елімізде 25 мемлекеттік және 55 жеке колледжде даярланады. Аталған оқу орындарында жыл сайын 70 мыңға жуық ма­ман білім алады және 20 мың­нан ас­там түлек мейірбике маман­ды­ғын алып шығуда. Жаңа дә­режедегі мейіргерлер үшін кө­бірек жалақы тағайындау жә­не қыз­меттерін нақтылауда ат­қа­ры­лар жұмыс ауқымды. Ре­фор­­­ма­ның халыққа қолайлы тұс­та­рын айта келгенде, мамандар мынадай ойларымен бөліседі. Мәселен, қазір­гі дәрігерлер өз­дері атқаратын жұ­мыстардың 25 пайызын бакалавр дәрежелі мейір­герге жүктейді. Сөйтіп учаскелік дәрігер жұмысы 50 пай­ызға дейін жеңілдеп, пациенттерге көбірек көңіл бөлетін жағдай туады. Есесіне, бакалавр мейір­гер қазіргідей толып жатқан статталон толтыру, басқа да жұмыс­тар­ды кіші мейіргерлерге тапсы­рып, өздері созылмалы ауру түр­лерімен науқастанатын адамдар­дың кураторлары қыз­метін атқа­рады. Сондай-ақ сауық­тыру жұмыс­та­рымен қатар па­ци­енттердің ден­сау­лығына мони­торинг жүргізіп, ағар­ту жұ­мыстарымен де айналысатын болады. Әлемдік медици­на осы модельдің халыққа не­ғұр­­лым тиімді болатынын дә­л­е­лдеді. Болашақта тұр­ғын­дар­дың денсаулығы мен өмір сүру сапасын арттырамыз деп мақсат қойсақ, осы жолды таңдауға тиіспіз. Әсіресе созылмалы дер­ті бар пациенттермен жұ­мыс­та жалғыз дәрігер емес, дәрігер+мейіргер жүйесі тиім­ді­лігін көрсетті. Ендеше осы жүйені неге дамытпасқа, сонда диарея, тұмау, жеңіл-желпі инфекция сияқты ауруларды емдеу, жүргізу ісін бакалавр мейіргер қолға ала алады. Бұл дә­рігердің ауыр дерттерге көбірек уақыт бөлуіне жағдай туғызады. Мұ­ның бәрі халыққа пайдалы болар еді, дейді мамандар.

Оның үстіне «Барлық мейір­гер­­лерді өзін-өзі дамытуға ын­та­­­ландыру қажет. Білімін, қа­білет­терін шыңдаған білікті ма­ман­дарға лайықты еңбекақы бе­рі­луде мейіргердің үлесі ақша­лық эквивалентте есептеліп, мейіргер қанша уақыт жұмыс іс­теді, медициналық ұйымға қан­ша табыс түсірді, сол ша­мада еңбекақы берілуі тиіс. Сондық­­тан қанатқақты жобаға енген 29 медициналық ұйымда бұл ұсынысты қолға алған жөн. Осы орайда ынталандыруға ауыл мей­ір­герлерін көбірек тар­ту қажет. Себебі қала мейір­гер­лерінің қызметі шектеулі, ал ауылдағы мейірге­лер өз мін­дет­­темелерінен бөлек шешім қа­был­дайды. Сондай-ақ білімі мен қабілеті, көшбасшылық қасиет­тері бар мейіргер мамандардың қосымша білім алуы үшін шет мемлекеттерге тәжірибе алмасуға жіберіп отыратын боламыз», дейді Ләззат Ақтаева.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

 «Егемен Қазақстан»