Қазақстан • 13 Маусым, 2018

Ұстазға арналған турнир

469 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлт ұстазы Ыбырай Алтын­сарин: «Мұғалім бәрінен де қым­бат» дейді. Шынында, үл­кен үмітпен білім ұясының табал­дырығын аттаған сәтте алдыңнан күлімсірей шыға­­тын,­ шын ниетпен қарсы алатын, әріп танытып, азамат етіп қанаттандыратын мұғалім ата-анадан кейінгі аялы алақан иесі екені анық.

Ұстазға арналған турнир

Ұстаз бақыты – шәкіртінің шаттығына куә болу, соны өзіне мерей санап, мәртебесінің артып жүруі дер едік.

Ұрпаққа сабақ болар өне­ге қалдырған ұлағатты ұс­таз­дың қатарында Жақып Бай­мұқанов та болған еді. Ол бүкіл саналы ғұмырын ұс­таздыққа арнап, мектеп басқарған білікті азамат болатын. Өмірден озғанына бес жыл болған ұстаздың құрметіне жақында Алматы облысы, Іле ауданы, Қосөзен ауылындағы №14 орта мектеп­те еске алуға ар­нал­ған бокс­­тан облыстық турнир өтті. 

Турнирдің ашылу салтанатында мектеп директоры Күлайым Балықбекова Жа­қып Баймұқанұлының атал­ған мектепті жиырма жыл­дан артық басқарғанын, орыс мектебін қазақ тілді ұлт мек­тебіне айналдырғанын, бір­неше толқын ұрпақ тәр­биелегенін, жас ұстаздардың білім-білігін арттыру ісіне септігі тигенін алға тартып, алдағы уақытта ұстаздық атын жаңғырту мәселесін де қоз­ғады. Сол секілді педаго­гика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Баймолдаев және өзге де азаматтар Жақып Баймұқанұлының ұлт педагогикасына қосқан үлесін атап айтты.

Облыстық турнирге 20 ко­манда қатысты. Жас­тар­дың шаршы алаңдағы кез­десуін Олимпиада чемпио­ны Ермахан Ыбырайымов ашып, ізбасарларына сәттілік тіледі. Турнирге қатысқан 382 ба­ланың 25-і топ жарып, алтын медаль мен кубокке ие болса, екінші орын алған 10 оқушы күміс медальға, ал 5 оқушы қола медальға қол жеткізді. 

Турнир қорытындысында Ермахан  Ыбырайымов мұндай жарыстарды ауылда ұйым­дастырудың маңызын атап айт­ты. Шараның жақсы өтуі­не қаржы жағынан демеу­ші­лік жасаған, әсіресе ауыл мек­тебінің спорт залын жөн­деуден өткізіп берген кәсіпкер Ұлан Баймұқановқа, басқа да жанашыр жандарға алғыс білдірді.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы,

Іле ауданы