Өнер • 14 Маусым, 2018

Татьяна Яблонскаяның «Таңертең» деп аталатын танымал туындысының тарихы

476 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Газетіміздің өткен сандарының бірінде әлемге әйгілі Третьяков галереясының ең таңдаулы 50 картинасы елорда төріне әкелінгенін айтқан едік. Ұлттық музейдің қабырғасында салтанат құрған экспозициядан кеңестік суретші Татьяна Яблонскаяның «Таңертең» деп аталатын танымал туындысы көзімізге айрықша жылы ұшырады.

Татьяна Яблонскаяның «Таңертең» деп аталатын танымал туындысының тарихы

Олай деуіміздің өзіндік сыры да жоқ емес. Суреттегі сұлудың сүйкімді бейнесі өз заманында талай бозбаланы іңкәр еткенін әкелеріміздің әңгімесінен ауық-ауық естігеніміз бар. Картина кеңес заманында оқыған аға буын өкілдеріне жақсы таныс болуға тиіс. Өйткені ол кезеңде бұл туынды жұртшылыққа кеңінен танымал болды. Терезеден түскен сәулемен таң шапағына сүйсіне қараған бой­жеткен бейнесі «Родная речь» мектеп оқулығына, «Огонек» журналына, одан қалса пошта қағаздарының мұқабасына да жаппай басылып жатты. Кеңес суретшілерінің шығармашылығы шарықтап тұрған шақта таңғы лепке тамсандырған нәзік туынды Яблонскаяның өнердегі бәсін барынша биіктете түсті.

Даңқты қылқалам шеберінің кенебінде осыдан 64 жыл бұрын кестеленген көркем шығарманы біздің елімізбен байланыстыратын бір қызық оқиға бар. Ол бұл еңбегін 1949-1955 жылдар аралығында Киевтегі өзі тұрған пәтерінде дүниеге әкеліпті. Суретте Татьяна Яблонскаяның тұң­ғыш қызы 13 жастағы Лена бей­неленген. Сол кездері балаң жігіт­тер үшін көз сүйсіндірген әсем бейнені басылым бетінен қиып алып қабырғаға жапсырып қою сәнге айналған. «Таңертең» кар­тинасы алматылық Арсен Бейсембиновтің бөлме­сінде де ілініп тұрыпты. Арман қызды бір көруге ынтызар бол­ған Арсен, суреттегі тілсіз бей­неге ес-түссіз ғашық болған де­седі.

Ер жетіп, Мәскеудегі Стр­о­ганов училищесіне оқуға түскенде арманшыл жас өзін ынтықтырған қиялындағы аруды жолықтыратынын бәлкім сезген, мүмкін сезбеген де болар?! Алайда тосын сыйы көп тіршілік араға жылдар салып қазақ жігітін «Таңертең» картинасының бас кейіпкері Елена Сергеевнамен дәл сол оқу ошағында табыстырады.

Татьяна Яблонскаяның қызы да анасының жолын қуып жан рахатын буырқанған бояу­лардан іздепті. Алайда «ше­шесінің ықпалымен оқуға түс­кен» деген көптің даурықпа сөзін естігісі келмеген талапты жастың өзі туған елінен жырақ кетіп Мәскеудегі көркемсурет училищесіне қа­былданған беті осы болса керек. Арсен бір топта оқитын Еленаға бала кү­нін­де сурет арқылы ғашық бол­ғанын айтқанында бойжеткен сенер-сенбесін білмепті. Жазғы дема­лыстардың бірінде украи­н қызын қазақ жерін аралатуға әкелген студент жас, ару қыздың асқақ арманын да ару Алматыға таңыпты. Жан-дүниесі жарасым тапқан екі жас студенттік жылдардың соңында отау құрған. Олардың тамырынан тараған ұлдары Заңғар Бейсембинов те сурет өнерінде өзіне тән өрнек салғанын көзі қарақты оқырман білуге тиіс. Иә, бұл шын мәнінде бір фильмге арқау боларлық таңғажайып оқиға.

Кейін білгеніміздей, картина жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленгенімен, оған автордың көңілі аса тола қоймапты. Бұған талант иесінің 1963 жылы Анна Галушкинаға жазған хатындағы мына бір жол­дар дәлел бола алады. Хат­та суретші былай баяндай­ды: «Қасиетті галереяның қабырғасынан тағы да бір табылу мен үшін зор бақыт. Дегенмен өз ойымша жауһар галереядан «Үйлену» атты картинамның орын алғаны дұрыс болар еді. Бұл туындым «Таңертең» картинасына қарағанда жақсы қабылданады деп ойлаймын».

Алайда суретшінің шығар­машылық жолын жалғаған кен­же қызы Гаяне Атаян: «Анам «Таңертең» полотносы туралы бұл пікірді көңіл күйдің жетегімен айта салған. Өнер адамы болғаннан кейін көзқарас пен көңіл күй әр сәттің әсеріне байланысты құбылады емес пе, бәлкім сол кезде анама солай көрінген болар. Ол көңіл күйдің адамы еді. Мәселен, анам өзінің «Нан» деп аталатын шығармасын бір кездері бұл жай ғана елеусіз туынды десе, өмірінің соңғы жылдары қалай дегенде де бұл менің ең таңдаулы еңбегім деп тебіренгені әлі есімде» деп жазыпты.

Біз қалай десек те, шоқтығы биік шығарма уақыт бедерінде өз бағасын алды. Татьяна Яблон­скаяның шығармашылығы туралы айтылғанда көз алды­мызға ең алдымен оның «Таңертең» картинасы елестейді. Суретшінің өзі көп еңбектерімнің бірі деп қана бағалаған бұл туынды оның есімін тарихта қалдырды. Ашылған терезеден аңқылдай соққан таңғы жұпар сұлу қызды самал боп сүйсе, енді бірде бөлме үшін жарық сәулемен құлпыртып жаныңа шұғылалы шуақ сыйлайтынын қайтерсіз. Өнердің бізге беймәлім жұмбақ сыры осында жатқан шығар.

Елордадағы Ұлттық музейдегі «Третьяков галереясы топтамасынан XX ғасырдың 50 жауһары» деп атал­ған көрменің ашылу рәсімінде бұл жайдан хабары бар өнер сүйер қауымды ерекше әсерге бөлеген тарихи сәттің куәсі бол­дық. Көшпелі көрмеден кар­тинаның түпнұсқасын тамашалап, басты кейіпкері Елена Бей­сембиновамен қауышудың сәті түсті. Жасы жетпістен ас­қан кейу­ана көпшілік алдында тебірене сөйледі.

– Бұл картинаны көрген сайын балалық шағыма қайта оралғандай күй кешемін. Ана құшағында, туған үйімде алаңсыз асыр салған бала көктемді көз ал­дыма әкеледі. Менің анам ғажап суретші еді. Оның бала­дай таза жан дүниесін осы еңбегінен көруге болады. Бұл терезе оның болмысының терезесі сияқты. Таң үміт пен қуаныштың жаршысы, жарық пен сәулеге, тазалық пен махаббатқа толы шуақты сәт. Кезінде мыңдаған оқушы оқулықтағы осы суретке қарап шығарма жазды. Мұның бәрі мен үшін үлкен бақыт. Бұл картина менің тағдырыма әсер етті. Мәскеу армандарыма жол ашты. Тағды­рымның тәтті сыйымен табыс­тырды. Ал бар өмірім қазақ даласында өтті. Бұл менің екін­ші отаным, – дейді ол.

Көз тартар сұлулығын ұры жылдарға ұрлатса да кейуананың кейпінен, әрбір сөйлеген сөзінен биік парасаттың, тазалықтың лебі еседі. Айтқанынан сыр түйіп, керуен ойдың кемесіне мініп қайттық. Дегдар өнерге деген сүйіс­пеншілік таң шапағына шомылған таныс қызбен бізді алғаш рет осылай қауыштырды...

Таң шапағына шомылған таныс қыз...

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ