Тарих • 14 Маусым, 2018

«Мың шейіт» қорымы – көне дәуір куәгері

1670 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Талай құпияны қойнына бүгіп жатқан қорымның қасынан өткенде үлкендердің әрекетін қайталап бет сипайтынбыз, бірақ олардың күбірлеп айтқан дұғасын ұға қоймайтын едік. Бала кезімізде. 

«Мың шейіт» қорымы – көне дәуір куәгері

Есейе келе қорымда кімдер жатқанын білгіміз келді. Сұрағымызға жауап беретіндердің барлығы дерлік қорымның тарихы Пошатай, Ыбырайымхан және Молберген деген қариялар арқылы бүгінге жеткенін айтатын.

Тау бөктеріндегі Қасқасу ауылының тамаша табиғаты Швей­царияңыздан кем түс­пей­ді. Сайрам шыңы ауыл­дың төбесінен төніп тұр­са,­ баурайында қос өзен – Қас­қасу мен Сайрамсу қыз­дың қос бұрымындай күндiз-түнi сарқырап ағып, сал­қын самал желпiп отырады. Осы Сайрамсу өзенінің жа­ғалауында орын тепкен Мың шейіт қорымы әудем жерді алып жатыр. Қорым­ның қасына бау-бақша егі­ліп, мешіт, зияратхана са­лын­ған. Аға буынның айтуын­ша, қорымның алғашқы шы­рақ­шысы, ұлты орыс Татья­на Павловна болған екен. Қазақ­тың келіні Татьяна мұ­сыл­мандықты қабылдап, есі­мін Дариха деп өзгертіпті. Осыдан 7 жыл бұрын 81 жа­сында дүниеден өткен ол кісіні ауылдағылар арулап, қорымның жиегіне жерлеген.

Иә, Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Төлеби ауданындағы Қасқасу ауы­лы­ның маңындағы «Мың шейіт» атты әулиелі мекен жайлы аңыз көп. Соның бірінде Оңтүстік жеріне дін исламды таратуға келген араб сарбаздары жерленгені айтылады. Жоғарыда біз атап өткен қариялардан бүгінге жеткен әңгімелерге жүгінсек, Хазіреті Осман Зунираиннің ұлы Шахи Жалил Түркістан аймағына ислам дінін таратуға келген екен. Ол кезде бұл аймақта ислам діні тарал­маған. Шахи Жалил осы аймақтың жергілікті хал­қымен соғысып, басым бөлігін ислам дініне кір­гізеді. Аймақта хандық құр­ған Ухшит жеңіліп, дінді қабыл­дайды.

Бірақ ол шын көңі­лімен, адал ниетімен кірмеген екен. Хан Ухшит Шахи Жалилді сендіру үшін қызын әйелдікке береді. Сөйтіп қызы арқылы Шахи Жалилді қолға түсірудің жолын іздейді. Яғни мұсылмандардың намаз уақытында ғана қылыш ұстамайтынын біліп алады да астыртын әрекетке кі­ріседі. Шахи Жалил де бір­ жа­мандықты сезсе керек. Ер­теңіне мұсылмандар на­маз­ға тұра бастағанда Ша­хи Жалил имамға намазға қысқа сүре оқу қажеттігін айтады. Имам сүренің ең кішісін оқи­мын дегенімен, аузына ұзақ аяттардың бірі түседі. Имам оны оқып бітіргенше Ухшиттің адамдары намазда тұрған көп мұсылмандарды шауып өлтіреді. Алдыңғы саптағылар қалғанда намаз бітеді. Тірі қалғандары сыртқа шығып үлгеріп, қасық қаны қалғанша соғысыпты. Бірі сол жерде қаза болса, тағы бірі сол жерге таяу Керегетас деген жерде көз жұмады. Тағы бір топ мұсылман Абдул абад, Қарамұрт елді мекеніне таяу жерде ажал құшады. Намаз үстінде қаза болғандар жерленген жерге «Мың шейіт» деген атау берілген. 

Шейіт болғандарды жерлеген мазарат пен мешіттің арасын өзен суы бөліп тұр. Кеңесарық ауылы тұрғын­дарының айтуына қарағанда, Пошатай ақсақал 1960 жылдары бүкіл елге сауын айтып, қаражат жинап «Мың шейіт» қорымын қоршатқан. Сондай-ақ ауыл ақсақалдары коммунистік партияның қы­лы­шынан қаны тамып тұр­ған кезде Ұзынарық ауылы­ның тұрғыны Мол­берген Жамалбеков мешіттің негі­з­ін қалағанын айтады. Айна­ласын қоршап, бау-бақша отырғызған ол аяқасты болып тозып кеткен жерді қал­пына келтіреді және бұл жұ­мыс­тарды тек түнде жұрт көзінен тасаланып келіп істе­ген екен. 1996 жылы ба­сына өз қаражатымен мешіт тұрғызған. Кей дерек­терде «Мың шейіт» деп аталға­ны­мен бұл жерде 6 мың адам шейіт болғаны айтылады. Олардың барлығы қылыш, найзасы мен сауыт, сайманымен қойылған. 

«Мың шейіт» қорымы туралы екінші бір жорамалда VI-ғасырда Сайрамсудың төменгі ағысында Исфиджаб деген үлкен сауда қаласы пайда болғаны, кейін ол Сайрам деп аталғаны айтылады. Тарихшы Өмір Шыныбекұлының «Қара шаңырақ – Қарасора, құтты мекен – Сайрамсу» кітабында келтірілген деректерге қара­ғанда, Исфиджаб өзі аттас облыстың орталығына ай­нал­ған. Сол өңір түгелімен құра­мына енген. Орталық  Азияны арабтар басып алғаннан кейін олардың Самарқандтағы бас­қарушысы Нұқ ибн Асад өзінің інісі Ташкентті иеле­нуші Яхья ибн Асадпен бірге 840 жылы Исфиджабты басқарып отырған түріктерге қарсы үлкен жорық ұйым­дастырған.

Сөйтіп қаланы үлкен қантөгіспен, зор қиын­шы­лықпен басып алған. Алай­да өз елінің астанасын азат етуден үмітін үзбеген жер­гілікті тұрғындар жан-жақтан оған шабуыл жасап отырған. Осындай қиян кескі ұрыстардың бірінде арабтар қапылыста қоршауға алынып, сол жерде талқандалады. Апатқа ұшыраған арабтар сол жердің өзінде қалай болса солай көміле салған. Тарихшы өз еңбегінде бұл мола арада жүздеген жылдар өтіп, осы өңірдің халқы түгелдей ислам дініне мойынсұнғаннан кейін, «Мың шейіт» аталуы мүмкін екенін айтыпты.

«Мың шейіт» қорымында ислам дінін уағыздап, мұсыл­мандықтың негізін қалағандар жатыр деуге де болар. Уақыт дейтін сыншының дәлелінше, олар халқының ары мен ожданы, жігері мен намысы үшін шейіт болғандар. Олардың ары мен иманын тұмар етіп түйе білгенін, қалмақтардың теріс пиғылдарын намаз оқу­мен қайтарамыз деп, әрісінде намаз оқуды имандарын үйіруге балағанын айтушылар да аз емес. Дегенмен бү­гін­гі ұрпақ қорым туралы көбірек білгісі келеді. Құй­мақұлақ дана қариялардан қалған дала шежіресінің тереңірек зерттеліп, кең насихатталғанын қалайды. Елбасы Н.Назарбаев тари­хи құжатқа айналған «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­­ғы­ру» атты мақаласында па­триотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі екенін атап өтті.

«Ту­ған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», делінген Елбасы мақаласында. Осы орайда кешегі Пошатай, Ыбырайымхан сынды қария­лардың туған жер тарихына қатысты өзінен кейінгі ұр­­паққа қалдырған құнды деректердің көмескіленбей, ғылыми-зерттеулер арқылы жаңғыруын қалайтын жас­тардың көптігі қуантады.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар