Қазақстан • 14 Маусым, 2018

Тілектес Есполов: Заманауи технологиялар еңбек өнімділігін арттырады

3569 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Global Challeneges Summit 2018» XI Астана экономикалық форумында «заманауи жетістік­тер­ді пайдалана отырып, 5 жылда еліміздегі агроөнеркәсіптік кешеніндегі еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру керек» деген міндет қойды. 

Тілектес Есполов: Заманауи технологиялар еңбек өнімділігін арттырады

Еңбек өнімділігі деңгейіне өндірістік-техникалық базаны жақсарту, адам ресурсы мен ұйымдастырушылық басқару тетіктерін дамыту факторы әсер ететіні белгілі. Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығында бір жұмысшыға өндірілген өнім көлемі шамамен 3,6 мың АҚШ доллар ғана.

Дамыған елдерде бұл көрсеткіш орта есеппен 50-70 мың долларды құрайды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемле­кет­тік бағдарламасында еңбек өнім­ді­лігінің көрсеткіші 2015 жылы ауыл шаруашылығымен айналыса­тын әр адамға шыққанда 1,2 млн тең­ге­ден келсе, бұл көрсеткішті 2021 жылға қарай 3,9 млн теңгеге арттыру белгіленген. 

Бүгінде шаруашылықтардың басым бөлігі ғылыми негізделген агро­техникалық шараларды тиімді қол­данбайды. Мысалы, өсімдік ша­руашылығында еңбек өнімділігінің төмен болуына тұқым сапасы, техникамен жарақтандыру, тыңайтқыш пен өсімдік қорғау құралдарын қолдану деңгейінің төмендігі әсер етеді. Алқаптарға 20 пайызға дейін үшінші репродукциядағы нашар тұқымдар себіледі. Зерттеулер нәтижесінде анықталғандай, дәнді дақылдардың 2,5 пайызы аурумен зақымдалған, 2,2 пайызы қауіпті организмдермен және 23,4 пайызы арамшөптермен зақымдануда. Ауылшаруашылық кәсіпкерлері айналымдағы қаржының жоқтығынан төмен сапалы тұқым сатып алады немесе тұқымдық материал ретінде өзі өндірген тауарлық дәнді пайдаланады, соның салдарынан тұқымдық материалдың сапасы төмендейді. Элиталық тұқымды пайдаланған фермерлер оны репродукцияламайды, өнімін тауар ретінде сатып жібереді. Бұл жағдай тұқым сапасын арттыру үрдісін тежейді. Өткен жылдың есебі бойынша елімізде 368,4 тонна минералдық тыңайтқыш пайдаланылды. Бұл ғылыми негізделген норма бойынша тыңайтқыш пайдалану көлемінің 14 пайызын ғана құрайды. 

Елімізде ауылшаруашылық та­уар өндірушілерін заманауи техникамен қамтамасыз ету мәселесі ерекше қол­дауды қажет етеді. Қазіргі қолда­ныстағы ауылшаруашылық техни­ка­ларының 70 пайызының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен, ал машина паркінің жаңартылу көрсеткіші жылына 1-2 пайызды ғана құрайды. Нәтижесінде шаруашылықтар физи­ка­лық және моральдық тұрғыдан ескір­ген техникамен жұмыс істеуге мәжбүр. Ортаңқол ауылшаруашылық тауар өндірушілері қымбат бағамен ауылшаруашылық техникасының 97 пайызын шетелдік өндірушілерден сатып алады. Осындай кедергілер мол өнім алуға тұсау болып отыр.

Тех­никалық қамтамасыз етуді жоғарылату мақсатында лизингтің пайыздық жарнасын субсидиялау, алынатын техниканы инвестициялық субсидиялау, қаржы институттарын қорландыру қажет. Сол себепті мемлекет 2022 жылға қарай ауылшаруашылық техникалары паркін жақсартып, жаңа техникамен жарақтандыруды 6%-ға көтеруді көздеп отыр.

Ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттырудың тағы бір жолы – әлемдік трендке айналған дәлме-дәл егіншілікті өндіріске енгізу. Мәселен, дәлме-дәл егіншілікті өндіріске енгізуден республика бойынша бидайды өсіру барысында оның өнімділігін 13 ц/га-дан 25 ц/га арттыруға болады. Ауыл шаруашылығындағы төмен өнімділіктің тағы бір себебі, шаруалардың білім деңгейінің тө­мендігі, агротехникалық әдістерді біл­меуі, малды ұстау және күту-жайғау бойынша талаптардың бұзы­луы. Жүргізілген есеп бойынша, 13 мыңнан аса ауылшаруашылық тауар­ өндірушінің 12%-ы ғана аграр­лық мамандық бойын­ша жоғары және орта білімнен жоғары білім­де­рі бар. Еліміздің фермерлік ша­руа­шылықтарында 136 мыңнан аса адам жұмыс істейді, базалық аграрлық білімі барлығын айтпағанда, оның тек 22%-ы жоғары және орта білімнен жоғары білімдері бар. Бұл – саладағы төмен еңбек өнімділігі себептерінің толық емес тізімі. 

Түйінді мәселелерді шешу үшін «Агроөнеркәсіптік кешенді дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» негізінде ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерін мемлекеттік қолдау бағытындағы қаржылық шараларға бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұған пайыздық мөлшерлемені қалпына келтіру, инвестициялық субсидия­лау­ды жетілдіру, аграрлық тауарлық және қаржылық, колхат жүйесін енгізу, субсидияның тиімділігін арттыру, «ҚазАгро» арқылы қаржы инс­титуттарын қорландыру, агро­сақ­тандыруды жетілдіру, несиелік серік­тестік жүйе мен кепілдендіру инс­титуттарын дамыту, сонымен бірге салық салудың оңтайлы режі­мін қамтамасыз ету жатады. Бұл жер­дегі негізгі мақсат – ауыл шаруа­шылық тауар өндірушілерін қаржы­лан­дырудың қолжетімділігін арттыру. 

Халықаралық тәжірибе көрсеткен­дей, Аустралия, Аргентина, Жаңа Зеландия, Канада және басқа елдерде ішкі бәсекелестікті дамыту мақсатында ауыл шаруашылығына субсидияны көп көлемде бөлмейді. Көптеген елдерде ауыл шаруашылығына субсидия ­бөлу мүлде жоқ. Субсидиялаудың мұн­дай ережесі Қазақстан үшін қолай­­сыз. Агроқұрылымдардың, орта және шағын шаруашылықтардың табыс деңгейі әлі төмен. Сондықтан бөлі­­нетін субсидиялар ауыл шаруа­шы­­лығы тауар өндірушілерін ынта­лан­дыруы және жер мен экспорт өнім­ділігін арттыруы тиіс. Қазіргі бол­жам бойынша 2022 жылға қарай қазақ­стандық кәсіпкерлер техникаға са­лынатын инвестиция көлемін жыл сайын 6%-ға жаңарту қарқынымен 273 млрд теңгеге жеткізетін болады.

Агроөнеркәсіптік кешен субъек­ті­леріне салық салуды жеңілдету, талап етілетін құжаттар санын қысқарту, агросақтандыру жүйесін жетілдіру сияқты саланы оңтайландыру шаралары ауылшаруашылық тауар өндірушілерін маңызды ынталандыру болмақ. Соңғы кездері салықтың барлық түрін ауыс­тыратын «Бірыңғай ауылшаруашылық салығын» енгізу мәселесі жан-жақты талқылануда. Бұл салық есебін жеңілдетуге ықпал етер еді. Ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін кооператив пен мүшелері арасындағы ішкі транзакцияларға, сонымен бірге қатысушылары арасында бөлінетін табысқа салық салынбайды. Ауыл шаруашылығындағы салық салу жүйесіндегі осындай өзгерістер сауда желілері арқылы сатылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтуға және кооперациялардың тиімді жұмыс жасауына оң ықпал етеді. 

Елбасының биылғы Жолдауында экономиканы жеделдетілген техноло­гия­лық жаңғыртуға, сандық технология негізінде жаңа индустрия­ны қалыптастыруға байланысты нақты міндеттемелер жүктеді. Агро­өнеркәсіптік кешенді цифрлан­дыру­дың мақсаты еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы үшін ІТ- шешімдерді дамытуда цифрлы технологияларды енгізу және бизнес ортаны тарту тиімділігін арттыру. Қазіргі уақытта Қазақ ұлттық аграрлық универ­ситеті Ұлттық зерттеу универ­си­тетіне трансформациялану аясында инновациялық әлеуетін арттырып келеді. Шетелдік озық технологиялар мен жаңа білімді тарту және оны қазақстандық жағдайға бейімдеу, ғылыми-зерттеу нәтижелерін өндіріс­ке енгізу, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің құралдарын тәжірибеде қолдану, агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттарын дамыту мақсатында университет жанынан 2015 жылы ашылған Агротехнологиялық хаб аясында нәтижелі жобалар іске асырылуда.

Биыл Азиялық даму банкінің, Мичиган штаты университеті мен Нидерландының Дельф университеті қолдауымен осы Хаб базасында Су ресурстарын интегралды басқару орталығы құрылды. Су хабы иннова­циялық технологияларды қолда­на отырып, су ресурстарын оңтай­лан­дыру және басқарумен байланыс­ты кешенді мәселелерді шешумен айналысады. 2018-2019 жылдарға арналған жобалар аясында су деңгейі көтерілуін модельдеудің спутниктік талдамасын жүргізу және цифрлы жүйелер көмегімен Астана және Алматы қалаларындағы су тасқынының ерте алдын алу және әрекет ету жүйелерін құру жүзеге асырылуда.

Осындай жүйелер АҚШ, Бразилия және басқа елдерде табысты қолданылып келеді. Бұған қоса университетте АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге талдаудың цифр­лы алгоритмдік жүйелерін қолдана отырып, жайылымдық жерлердің тозуын бағалау әдістерін зерттеу және енгізу жобасы жүзеге асырылуда. Университет ғалымдарының тікелей айналысып келе жатқан бағыттарының бірі фитосанитарлық тәуекелдер. Бұл – аграрлық сектордың дамуына кедергі болатын маңызды сыни факторлардың бірі. Мысалы, 2011 жылдан бастап жеміс ағаштарының бактериялық күйігі қауіпті ауруы жеміс бақтарына қатер төндіруде. Бұл ауру Қазақстанда тіркелгеннен бастап 7 жылдың ішінде таралу аймағын 40 есе кеңейтті. Бактериялық күйік өзінің әлеуетті залалымен еліміздегі барлық бау-бақша үшін жеміс ағаштарының белгілі ауруларын қоса есептегенде ең қауіптісі. Өйткені зақымдану сәтінен 2-3 жыл өткеннен кейін ағаш толық жойылады. Осы мәселені шешу үшін Агротехнологиялық хаб алма өнімдері бойынша құзыретті орталық саналатын Корнель университеті маман­дарының тәжірибесін қолдану­да. Бактериялық күйіктің негізі ошағы шетелдерден тасымалданатын жұқпалы материалдар болып табылады.

Бактериялық күйікті жеке сапалы көшет материалдар базасын (тәлімбақ) құру арқылы ғана жоюға болады. Сол үшін Корнель университетімен бірге бактериялық күйікке төзімді селекциялық материалдарды қолдана отырып, Қазақстанда вируссыз тәлімбақ құру жоспарлануда. Қазіргі таңда елімізде көшеттерді лицензиялау, трансферттеу және жергілікті жағдайға бейімдеу мәселелері талқылануда. Карантиндік объектілер тізіміне «жатаған у ке­кіре» арамшөбі де қосыл­ды. Бұл егістік алқаптарға зия­нын тигізіп, фитосанитарлық тәуе­келдер туғызумен қатар, дақылдарды табиғи аудандарынан ығыстырады. Аумақтың жатаған у кекіремен зақым­далғаны анықталған кезде кәсіп­орындар арамшөпті толық жойып,­ карантинді алып тастама­йынша, астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мүмкіндігін жоғалтады.

У кекіре арамшөбі қазір Қазақстанның барлық аумағында таралып, 4 мыңнан астам ауылшаруашылық құрылымдары зақымдалған. Осы арамшөпті ауқымды оқшаулау және жою онымен күресуге арналған жаңа технологиялар мен әдістемелерді қолдану арқылы ғана мүмкін болады. Шегірткеден келетін аурулардың алдын алу мен оны ерте анықтауды жүйелеуге қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мичиган штатының университетімен бірге өсімдіктердің, жан-жануарлар мен қоршаған ортаның жағдайын жылдам әрі дәл талдай алатын сенсорлы мобильді жүйені сынақтан өткізудеміз. Алынған нәтижелер Мичиган универ­ситеті ғалымдары дайындаған алго­ритмдік қолданыстағы арнайы серверде өңделеді.

Қазақстанның аграрлық секторы құрғақшылықтан 5 жылда 2 рет, ал қатты құрғақшылықтан 6 жылда 1 рет азап шегеді. Сондықтан ауыл­шаруашылық дақылдарының өнімділігіне қатысты ауытқулар бір жылда 30 пайызға жетуі мүмкін. Биыл АҚШ Ауылшаруашылық министрлігі, Ислам банкі және ЮНЕСКО-ның қолдауымен Климаттық хаб құру жоспарланған. Климаттық хаб жан-жақтан алынатын ауа райы ақпараттарын біріктіре отырып, деректерді салыстырып, арнайы сараптама жасайтын болады.

2017-2020 жылдарға арналған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын орындау мақсатында республикамыздың агроөнеркәсіптік кешенін цифр­ландыру бойынша университетте «Ситуациялық орталық» құрылды. Орталық ауылшаруашылық ахуалы туралы деректерді топтастыратын GIS технологияларды қолдануда. Онда ақпараттарға машиналық талдау мен көлемді мәліметтерге сараптама жүргізіледі. Бүгінде еңбек өнімділігі мен оның даму тұрақтылығын арттыруға қатысты ауылшаруашылық саласындағы өзекті мәселелерді интеллектуалды цифрлы шешімдер арқылы шешудің уақыты келді. Орталық озық білім мен инновациялық ғылымды тоғыстырып, ақпараттық технологиялар мен білікті мамандар тәжірибесін іске асыратын интеллектуалды алаңға айналды.

Елбасының тапсырмасымен университетте Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталық, өсімдіктерді микроклональды көбейту, сүт өнімдерінің референтті зертханасы тәрізді жаңа инновациялық орталықтар мен зертханалар ашылып, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Университет ұжымы қазіргі кезде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру үшін, арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, сол жоспарға сәйкес жүйелі жұмыс атқаруда.

Бес бастамадағы маңызды мәселенің бірі – биылғы оқу жылында студенттерге арналған білім беру гранттарын 20 мың бірлікке көбейту көзделген. Оның 11 мыңы ақпараттық технология, робот техникасы және нанотехнологиялар саласындағы инженер мамандарды оқытуға бағытталмақ. Қалған 9 мың гранттың 6 мыңы магистратура мен докторантурада білім жетілдіруге арналмақ. Техникалық мамандықтарға көп гранттың бөлінуі университет ұжымын ғана емес, ауыл жастарын да қуантып отыр.

Ғылым-білім-өндіріс интеграция­сын іске асырып, жаңа технологияларды игеру – бүгінгі басты талап. Қазақстанның аграрлық саласының сыртқа өнім шығару мүмкіндігі мол. Экспортты күшейту үшін бұл мүмкіндікті жіберіп алмауымыз қажет. Сондықтан агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін арттыру ауылшаруашылық саласын инновациялық бағытта дамытудың басты ұстанымына айналуы тиіс.

Тілектес ЕСПОЛОВ, 

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,  ҰҒА академигі