Әлем • 14 Маусым, 2018

Головкин мен Альварес 15 қыркүйекте жұдырықтасатын болды

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

WBC, WBA (Super) және IBO белбеулерінің иегері Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварес екінші жекпе-жек өткізу туралы келісімге келді.

Головкин мен Альварес 15 қыркүйекте жұдырықтасатын болды

Мексикалық боксшының промоутері Оскар Де Ла Хойя бокс кеші 15 қыркүйек күні, яғни Мексика елінің егемендік алған күні өтетінін мәлімдеді.

«Жекпе-жек 15 қыркүйекте өтетінін қуана хабарлаймын», деп жазды Оскар Де Ла Хойя Twitter парақшасында.

Айта кетерлігі Головкин мен Альварес арасындағы реванш өткізу туралы келіссөз небәрі бір жарым сағатқа созылды. Бастапқыда мексикалық тараптың промоутері ESPN басылымына берген сұхбатында «Екінші кездесу өтпейді, 100 пайыз», деген. Бірақ бес минуттан кейін қос тарап келіссөз өткізу үшін үстел басына отырды.

Осыған дейін Де Ла Хойя бокс кешінен түскен қаржының 57,5 пайызы Сауль Альвареске, ал қалған 42,5 пайызы Головкиннің еншісіне түсетіні туралы ұсыныс жасаған. Кері жағдайда жекпе-жектен бас тартып, Дэниел Джейкобстың тарапымен келіссөз өткізетінін жеткізді.

Головкин-Альварес кездесуі қай жерде өтетіні әзірге белгісіз. Бірақ мексикалық тараптың өкілдері Лас Вегастағы T-Mobile аренасын 15 қыркүйекке брондап қойғаны белгілі болды.

Айта кетейік, екі боксшының арасындағы айқас алғаш рет өткен жылы 16 қыркүйекте дәл осы T-Mobile аренасында өтіп, тең аяқталған. Ал реванш 5 мамырға жоспарланған еді, алайда мексикалық боксшының допинг сынамасы оң нәтиже беруіне байланысты жекпе-жек өтпеді. Артынша Альварес жарты жылға спорттан шеттетілді. Жаза тамыз айында аяқталады.

Ал Геннадий Головкин 5 мамыр күні америкалық Ванес Мартиросянмен жұдырықтасып, екінші раундта нокаутпен жеңді. Осы кездесу үшін қазақстандық боксшы IBF желісі бойынша өтетін міндетті кездесуін кейінге шегерді. Ал жақында украиналық Сергей Деревянченкомен міндеттелген айқасын өткізу үшін қағаз түрінде келісім беруден бас тартып, IBF титулынан айырылды.

IBF-шешімінен кейін Головкин мексикалық әріптесімен келіссөзге қайта оралды. Қазақстандық боксшы бастапқыда Альварестің допинг дауына байланысты табысты 50-50 пайызға бөлу туралы талабынан бас тартты.