Руханият • 14 Маусым, 2018

Қара қыздың қасиеті (әңгіме)

1199 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қара қыздың қасиеті (әңгіме)

Жылда келіп емделіп жүр­гендіктен жүзтаныс болып қалған дәрігер мені көрген бойда күлімсіреп: «Ке­­ліңіз», деді де өзімен бірге кабинетіне ертіп кірді. Есік алдында кезек күтіп отыр­ған үш-төрт кісі бізге ашық­тан-ашық қарсылық білді­ре қоймағанымен, іштей тіксі­ніп, ұнатпай қалғандай болды.

Және оның жазасын көп ұзамай-ақ минералды ванна қабылдайтын корпусқа барғанымда бірден тарттым.

Қолымдағы санаторий кар­точкасын медбикеге ұсына бергенім сол еді, аппақ сүлгісін мойнына орап, қасындағы екі апасымен бірге ваннаға кіруге дайын­далып отырған қараторы қыз маған өткір көзін тура қа­дап: «Бұл жолы кезексіз өтіп кетемін деуші болмаңыз, – деді қатқылдау үн қатып. – Әуелі мына менің жанымдағы үлкен апалар кіреді».

– Ә-ә, иә, – дедім жаңа ға­на дәрігердің қабылдауына ке­зексіз өтіп кеткенімді есіме алып. – Алдымен апалар, содан соң сіз кіресіз. Кешіріңіз, мен бәрін де түсіндім.

«Тік мінезді қыз мына кісімен шекісіп қала ма, қай­теді», деп шошып отырған екі апасы осы сәтте бір-біріне қа­рап күліп жіберді. Қара қыз­дың да өңі жылып сала берді.

* * *

Ертеңіне түс ауа балшыққа түсуге барғам, мұнда да әлгі екі апасын қолтықтап кешегі қара қыз жүр екен. Бас изеп, сәлемдесіп өттім. Екі кісілік емдеу бөлмесіне менімен бірге кірген шымыр денелі қараторы жігіттің де түрі сондай таныс сияқты. 

Медбике аяғымды ыстық балшықпен орап жатқанда: «Кім болды екен?..», деп қойдым ішімнен. Аздан соң бойым балқып, көзім ілініп бара жатқанын сездім...

Балшықтан соң душқа түсіп, жылы киіндік те дәліз­ге бірге шықтық. «Апыр-ай, қай­дан көріп ем бұл жігіт­ті?..».

Кенет ұзын дәліздің бойымен бізге қарай қарама-қар­сы келе жатқан манағы қара қыз­дың: «Әй, Қанат, –деген дауысы саңқ ете қал­ды. – Әнеу­күнгі боксшыны жақ­сылап соқпадың ғой! Аядың ба, немене?!».

Әлгі жігіттің жүзінен бір жып-жылы шуақ төгіліп, жымың ете қалды. «Оу, мынау әлемге әйгілі боксшы Қа­нат Ислам екен ғой!», де­дім мен таңғалып.

Осы кезде біздің жаны­мызға жақындап қалған қара қыз: «Сен оны ылғи да бүй­тіп ұрдың, – деді тастай қып түйіп алған жұдырығын Қа­наттың мұрнына тақап. –Олай емес, былай ұруың керек еді!».

Қара қыздың жұдырығы енді Қанаттың иегінің астына барып қайтты.

– Түсіндім, түсіндім, – деді Қанат күліп, қайта-қайта басын изеп. –Енді солай ұратын боламын!..

Сөйтті де ол бізбен сыпайы қоштасып, тез-тез адым­дап кете барды. Мен болсам, «Әй, мына қыз осы Қа­наттың қарындасы болып шықпаса игі еді?!», деген ойдың тұт­қынында қала бер­дім.

Сонсоң қара қызға қарап:

– Ол сіздің ағаңыз ба? – деп сұрадым. 

– Иә, – деді ол кеудесін мақ­таныш кернеп. –Қанат­тай асыл азамат – қазақ қыз­дарының бәріне аға емес пе!

– Әрине.

– Кеше таныстық, – деді ол сонсоң сабасына түсіп. – Бізге жақын корпусқа орналасыпты. Мен оны көрген бойда: «Ой, Қанат аға, мен сізді танимын!», деп қалай айқайлап жібергенімді білмеймін!

– Япыр-ай, сіз шынында да, өжет қыз екенсіз, – де­дім мен оған таңдана қарап. –Жаңа ғана әлем чемпио­ны­­ның өзіне бокстың біраз тә­сілдерін үйретіп жібердіңіз ғой!

– Енді ше?! Мен оның нағыз жанкүйерімін. Қанат рингке шыққанда, біле біл­сеңіз, бүкіл дүниені ұмытып ке­темін!..

Мен қара қыздың бойын­дағы ерекше қасиетті енді түсінгендей болдым. Оның өткір жанары әрдайым: «Алла адамдарды тең етіп, бір-бі­ріне бауыр етіп жаратқан!» деп тұрады екен.

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»