Қазақстан • 14 Маусым, 2018

Дәрігер Әріпжан Нұров туралы сыр

517 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отыз сегіз жылдай нәпақасын осы мамандықтан тауып келеді. Жалыққан емес, өкінген жері және жоқ. Қайта күнде таңертең жұмысқа асығады. Бірақ осы қызметімнен ләззат аламын десе жұрт түсінбес, күніге дерлік көңіл-күйі мүлде жоқ, жанын дерт мазалаған, жылы сөзден басқаны жүйкесі көтермейтін адамды қабылдаудың несі жақсы дейсіз.

Дәрігер Әріпжан Нұров туралы сыр

Мұның міндеті сол, көңілін тауып сөйлесіп, жанын мазалаған дертті дәл анықтап, құлан-таза айығып кететініне сенімін ны­ғайту. Жұмысының жақсы жері де көңілсіз келген кісінің емделіп, алғысын жаудыра ауруханадан күліп шығып бара жатқанын көру. 

Иә, біз әңгімелеп отырған трав­матолог-дәрігер Әріпжан Нұров­тың алдына қиналып келіп, қуа­нып шыққандар қаншама. Қырық жылға жуық уақыт ішінде өзінің көмегімен, қолданған емінің арқасында айығып, отбасына, ортасына оралғандардың есебін дәрігер жүргізбепті. Анығында нағыз дәрігер сырқаттың тәнін ғана емес, жанын да емдейді. Жа­бырқау жанның пәсейген көңілін көтеріп, дертіне дауа іздегенге жаздың жылылығындай пейіл танытып, ерекше көңіл сыйлайды.

Осындай ізгі амалдар мен ізденіс-әрекеттерден жалықпаған жанның бірі Әріпжан Нұров дер едік. Мә­селе есепте, келген науқастың көп­тігінде емес, дейді травматолог. Дәрігер Нұровқа салсаңыз, жұ­мыссыз қалса да науқастардың мүл­де болмағаны, адамдардың мүл­де ауырмағаны жақсы. Өкі­нішке қарай, олай болмай тұр. 

«Соңғы жылдары тұрмыстық жа­ра­қат көбейген. Оның себебі де көп. Заманның, тұрмысымыздың жақсарғанының бір көрінісін көліктің көбейгенінен де білуге болар. Бірақ сол темір тұлпарды тізгіндейтіндердің барлығын тәр­тіпке бағынады, техникадан жақ­сы хабардар, көлік жүргізуге рұқ­сатты білім-біліктілігін дәлел­деп барып алды дей алмаймын. Көлік апатынан зардап шегіп жатқандар азаймай тұр. Өндірістік жарақат алушылар да аз емес. Біз алдымызға жол апаты немесе басқа оқыс жағдайлардың салдарынан аяқ-қолы сынып, басы жараланған, денесінің басқа бір жері жарақаттанып келгендерден тәптіштеп сұрап жататын тергеуші емеспіз, бірден көмек көрсетуге, емдеуге кірісеміз», дей­ді бірінші санатты травматолог-дәрігер. 

Әріпжанның мамандық таң­дауы да өзгелерге ұқсамайды. Оң­түс­тік Қазақстан облысындағы таулы ауданның орталығы Лең­гірде туып-өскен оған бала ке­зінде дәрігер боламын деген ой мүлде келмеген. Мектепті күміс медальға бітірген соң жоғары білімді Ташкентте аламын деп жолға шықса керек. Өзбекстанның астанасына бара бір оқу орнын таңдармын деп автобусқа отырған түлекті әңгімеге тартқан сапарлас кісі медициналық инс­титутқа баруға кеңес береді.

«Қырықтың бірі – қыдыр» дегендей, әлгі сапарласымның ке­ңесімен Ташкент мемлекеттік ме­дициналық институтына түсіп, 80-ші жылы бітіріп шықтым. Ташкентте мамандығым бойынша 3 жылдай жұмыс істеп, Шымкентке оралдым. Қаладағы жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында травматолог болып істедім. Одан Төлеби ауданының орталығы Леңгірдегі қалалық ауруханаға шақырды. Міне, 25 жыл­дай болды осы ауруханада халыққа қызмет көрсетіп жатқаны­мызға», дейді Әріпжан аға. 

Әрбір медициналық мекеменің сапалы медициналық көмек көрсетудегі негізгі күші – заманауи материалдық-техникалық ба­за мен білікті медициналық кадр­лар. Қалалық аурухана талапқа сай жабдықталған. Жалпы қазіргі таңда денсаулық саласына ерекше көңіл бөлінуде. Заманауи тех­никаның қаншама түрі бар, жаңа аурухана ғимараты да барлық талаптар ескеріле отырып салынған. Дегенмен, мықты құрал-жабдықтардың жақсы мамансыз жұмысы тиімді болмайтыны мәлім.

Осы орайда тә­жірибелі дәрігерді мазалап жүр­ген мәселелер де баршылық. Оқу орнын бітіріп келген кейбір жас маманның білімі саяз, есесіне қалтаға түсетін пайданы ойлайтын саудагердей есепке бейім. Нау­қасты емдеуде әлденені дәмететін және онысын әрекетімен сездіріп дәніккендер, өкінішке қарай бар.

Травматолог-дәрігер мұндай «ма­­мандардың» пайда болуын ақылы оқу орындарының көбей­генімен байланыстырады. Әсіресе материалдық-техникалық базасы, оқытушы құрамы талапқа сай емес ақылы медициналық колледждердегі білім сапасына күмәнмен қарайды. Медицинада материалдық жағдайды жоғары қоятындар ұзаққа бармайды. Бұл мамандықта бірінші орында адамгершілік, жанашырлық, мейірімділік қасиеттер тұруы тиіс деп есептейді. Өз мамандығын сүйетін, білімді, үнемі ізденіс үстінде жүретін талапты жастар да жоқ емес. Тәжірибелі дәрігер сондай мамандардың көп болғанын қалайды. 

«Біз отбасымызбен денсаулық сала­сында жұмыс істейміз. Әйе­лім – мейірбике, бір ұлым Шым­кентте – реаниматолог, екіншісі Алматыда травматолог-ортопед. Екеуі де жоғары білімді. Кіші ұлым жоғары оқу орнын үздік диплом­мен бітірген. Ұлдарыммен медицина жөнінде жиі пікір алмасамыз. «Әке балаға сыншы» дегендей олардың білім дең­гейін, кәсіби біліктілігін әң­гі­­мелесу, пікір алмасу арқылы тек­серіп отырамын. Екеуінің де бі­ліміне көңілім толады. Әркім өз ма­мандығын сүйіп істегені дұ­рыс. Ма­манның медицинаға ынтасы болса, жұмысы алға басады деп ойлаймын», дейді дәрігерлер отба­сының отағасы. 

Бүгінде өмірлік әрі кәсіби тә­жі­­рибесі мол Ә.Нұров қа­ра­­­пайым тұрғындардың кө­ңі­лі­нен шығып, өзінің білікті трав­мато­лог-дәрігер екенін әлде­қашан дәлелдеген. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сон­дайда алдымен Алладан, одан кейін дәрігерлерден дертімізге дауа сұрайтынымыз анық. Талай жанды сырқатынан сауықтырып, дертіне дауа дарытып, елдің алғысына бөленіп жүрген Әріп­жан Нұров сынды абзал жандар қашан да ел абыройы. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы