Медицина • 14 Маусым, 2018

Темір жолдағы түйткілдер шешімін тапса игі (пікір)

317 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» республикалық газетінің 2018 жылдың 26 наурызындағы №56 (29287) нөмірінде Қызылорда – Жезқазған пойызының кестесіне қатысты мақала жарияланған болатын. Халықтың көкейіндегі мәселені дер кезінде көтерген басылымнан аталған мақаланы оқи отырып, осы жайтқа байланысты өзім көрген жағдайды және көкейдегі ойды жазып отырмын.

Темір жолдағы түйткілдер шешімін тапса игі (пікір)

Расында да темір жол қозғалыс құралы ретінде адам өмірінде елеулі маңызға ие. Дей тұрғанмен, жол жүру кезінде өзіміз куә болған кейбір жайттарға қарап отырып, бүгінгі таңда елімізде темір жол тәртібі қандай деген мәселе төңірегінде ойланатынымыз рас. Ілгеріде жартылай әскери қатаң тәртіпте болған темір жол саласы бүгінде мемлекеттік және жекеменшік болып түрлі мекемелерге бөлініп кеткен. Кеңестік дәуірде атал­ған салаға байланыс­ты туындаған мәсе­лені сол кезде жұмыс істеп тұрған Темір жол министрлігіне барып айтатын едік. Заманмен бірге еліміздің кейбір салаларының құрылымдары да өзгерді. Ал темір жол саласы бүгінде жеке-жеке акционерлік қоғамдарға бөлініп кеткен­діктен, пікірің мен арызыңды кімге айта­рыңды да білмейсің.

Адам баласы түрлі жағдайлармен жол жүреді. Халық көбінесе ыңғайлы әрі қауіп­сіз болғандықтан пойызға мінеді. Менің өзім де Қызылорда қаласына жиі бара­мын. Алайда әрбір сапар сайын қайталана беретін бір жайтты айтпай кетуге болмайды. Мәселен, темір жол кассасына бара қалсаң, үнемі билет болмайды. Білуімше, жол жүру құжатын алу үшін кемінде бір жарым ай бұрын қамдану керек екен. Әсіресе бүгінде Көкшетау – Қызылорда, Петропавл – Қызылорда бағытына билет табу өте қиын болып тұр. Ал аяқ астынан шаруасы шығып, жол жүруге мәжбүр болған азаматтар қайтпек?! Амал жоқ, олар мұндай жағдайда жолсеріктерге жағдайын айтып, жалынып болса да мініп кетуді ғана ойлайды. 

Өзім бір сапарымда Қарағанды – Жез­қазған бағытындағы пойызға мініп, мынадай жағдайды бастан кештім. Сол кезде бір вагонның өзіне жүзге жуық адам мінді. Содан вагон ішінде орынға талас бас­талып кетті. Әрине мұндай талас-тар­тыстың соңы дауға да ұласуы мүмкін әрі бұл темір жол тәртібіне де нұқсан келтіретін жағдай. 

 Бүгінде ғаламторда билет сатушылар пайда болған. Сонымен қатар жол жүру құжатын сататын жекелеген агенттіктер де бар. Ал кейбір тұрғындардың сол би­лет­­терді сатумен айналысатын кәсіп­кер­­­лердің қолында болуы мүмкін деген ойы да кейде шындыққа жанасатын сияқ­ты. Мәселен, Қызылорда – Көкшетау, Петро­павл – Қызылорда бағытына екі бір­дей жүрдек пойыз қатынайды. Олар­да негізінен Жамбыл және Шымкент өңір­лерінің жүргіншілері көп жүреді. Бұл ретте менің бір вагонды тек қана Қызыл­орда­ға баратын жолаушыларға арнаса деген ойым бар.

Тағы бір мәселе, Қызылорда – Жез­қазған бағытына қатынайтын пойыз Қа­ра­ғанды қаласынан шықса, бұл әсіресе Сыр еліне жолаушылайтын азаматтар үшін тиімді болар еді. Сонымен қатар тө­те жол арқылы тұрғындардың шамамен он сағат уақытын ұтуға болады екен. Бұл күнде Жезқазған және Қызылорда тұрғын­дары жол азабын тартып отыр.

Тарихқа жүгінсек, сонау 1924 жылдары Жезқазған және Қарсақбай кен орындарынан Қызылорданың Жосалы кентіндегі механикалық зауытқа темір мен мысты қорыту мақсатында арнайы жүк вагондары үшін жіңішке темір жол тартылғаны белгілі. Елбасының да бүгінде батыс беткейге жаңадан тар колеялы жол торабын салудағы мақсаты – ел экономикасын көтерумен қатар, халықтың жағдайын жақсарту болатын. Енді осы салаға жауапты тиісті басшылар Елбасы бастамасын әрі қарай қолдап, жұмыс атқарса дұрыс болар еді. Сонымен қатар тиісті басшылар бүгінде халықтың басты тілегі болып отырған Жезқазған – Қызылорда бағытындағы по­йызды Қарағанды қаласынан жүргізуге ықпал етсе деген тілек бар. 

Зейнетай АЛМАХАНОВ,

Қарағанды қаласының тұрғыны, зейнеткер