Қазақстан • 14 Маусым, 2018

Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасын іске қосу мерзімін нақтылады

359 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«7-20-25» бағдарламасының жобасы әзірленді. Енді ол жақын арада ҚР Ұлттық банкінің ресми интернет-ресурсында жарияланады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді.

Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасын іске қосу мерзімін нақтылады

Оның айтуынша, бағдарлама 2018 жылдың екінші жартыжылдығында жұмысын бастайды. Ұлттық банк тарапынан қажетті инфрақұрылым құрылып, жаңа ипотекалық бағдарламаның операторы қызмет етеді. Осы орайда «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ еншілес ұйымы да жұмыс істеп жатыр.

«Бұл компания облигациялар шығарады және тартылған қаражат есебінен банктерден 1 трлн теңгеге дейінгі көлемде қарыздарды сатып алады. Қазіргі уақытта ұйым өзара іс-қимыл жасаудың техникалық мәселелерін іс жүзінде іске асыруды талқылау үшін банктермен тығыз өзара іс-қимыл жасауда», - деді Д.Ақышев.

Ұлттық банк төрағасы бұрын-соңды болмаған талаптарды ұсынып отырып Бағдарламаны әлеуетті қарыз алушылар ешбір жағдайда мемлекеттің өтеусіз көмегі ретінде қабылдамауға тиіс деді. «Қарыз алушылар тарапынан да, банктер тарапынан да төлем қабілетінің болуы және әділ нарықтық қағидаттарды қатаң сақтау жаңа ипотекалық Бағдарламаның негізі болады. Қарыз алушыда 20% мөлшеріндегі бастапқы жарнаның болуы - бағдарламадағы басты талап. Сондай-ақ, әлеуетті қарыз алушылардың мұндай жарнаны банкке беруі оларға алынатын қарыздың ең аз мөлшерін қамтамасыз ететінін, демек қарыз бойынша пайыздық шығыстар да аз болатынын түсінгені маңызды», - деді Ақышев.