Әдебиет • 15 Маусым, 2018

Қуандық Шаңғытбаев. Дариға-ай, көктем...

1232 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қуандық Шаңғытбаев. Дариға-ай, көктем...

Дариға-ай, көктем қыз еді,
Дәурені кетіп, болды күз:
От-бұйра шашын күзеді,
Сартора салды, солды қыз.

Ойнап та күліп көктеммен,
Жүрдім ғой албырт шағымда,
Өрелі таңын өткергем
Жанында, жасыл бағында.

Жыр еді-ау толы жан-жағым,
Жырау ем қаннен қаперсіз,
Ойламай өмір аржағын,
Шайқадым, төктім қатерсіз.

Гүл еді-ау менің жан-жарым,
Қыз еді-ау нәзік еліктен.
Жұпарын шашып жан-жағым,
Еліткем, жырды шеріткем.

Баянсыз деген сөз мәнін 
Баяғы кезде сезбеппін.
Қызық пен қыздың тозбағын
Түсінбей, бейғам ержеттім.

Дариға-ай, көктем қыз еді,
Дәурені кетіп, болды күз:
От-бұйра шашын күзеді,
Сартора салды, солды қыз.

Қуандық Шаңғытбаев