Өнер • 15 Маусым, 2018

Жолбарысты жүгендеген әулет Алматыда өнер көрсетеді

623 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әулетке дарыған өнердің арқасында уссури, бенгал жолбарыстарымен жиырма жыл әлемді шарлаған Карина мен Артурдың алдағы күндері Қазақстандағы гастрольдік сапары басталады.

Жолбарысты жүгендеген әулет Алматыда өнер көрсетеді

Багдасаровтардың цирк­тен ажырамаған айшықты тағдыры нағашы аталары Ни­колай Язевтен бастау ала­ды. Одан кейін өз әке­лері Михаил Багдасаров та жануарларды жақсы көр­гені соншалықты, түбін­де аң үйретуші болып шы­ғады. Цирк сахнасының қал­тарыстарында униформис­терге қолынан келгенше жанаса жүріп, талай қызықты бастан өткерген Михаилге күндердің күнінде арманына бір табан жақындаудың сәті түседі. Маргарита На­за­­ро­­ваның Рада деген жолба­рысы тордан шы­ғып ке­тіп, жай­барақат отыр­ған бір әртістің гример бөлме­сінен бір-ақ шығады. Қорқыныштан өліп қала жаз­даған әртіске көмекке ұмтылған униформистердің ішінде жүрген Багдасаров осы жолы ерекше көзге түс­се керек. Жүрекжұтқан жас баланың қайсарлығына тән­ті болған Назарова кейін ол 18 жасқа толғанда аттракционға алуға уәде бе­ре­ді және сол сөздің үдесі­нен шығады.

Одан кейін Багдасаровтың өзі де бірден жолбарысты жуа­сы­та алмаған. Ресей Ха­лық әртісі атанғанға дейін көп жұ­­мыс істейді. Алдымен «За­бав­­ные ослики» нөмірімен дарала­нып, есектің есті хай­уан екенін дәлелдейді. Михаил тек 1979 жылы ғана 18 уссури жолба­рысын жетектеп, қызы Каринаның көмегімен цирк манежінде салтанат құрады. «Жолбарыстар шоуына» екі жылдан кейін ұлы Артур қосылады.

Міне, сол Багдасаровтың ұлы мен қызы бүгінге төрт­күл дүниеге танымал болған цирк­тің бел баласына айналып отыр. 

Алдағы күндері Алматы­дағы Қазақ мемлекеттік цир­кінде Мәскеудегі Никулин циркімен бірге өнер көрсе­тетін апалы-інілі дарындар алдымен қаладағы балалар үйлеріне, арнаулы ор­та­лық­тарға барып, кіш­кентай көрер­мендердің көңілін ауламақ.

Багдасаровтар балалар үйлеріне тек жолбарыстарын ғана жетектеп апармайды. Балақайларға арналған шеберлік дәрістерінде жан-жануарлардың тілін түсінуді, мінез-құлқын игеруді үй­ретеді. 

Жаһанда жыртқыштармен жұмыс істейтін ер-азаматтар аз емес. Ал 18 жасында 18 уссури жолбарысымен бірге үл­кен цирктің манежіне шыққан Каринаның өнер жолы шынында да дара. 

Артур мен Каринаның әке­сі қырық жыл бойы жол­барыс, ілбіс, арыстан­ды ауыздықтай отырып, қайталанбас трюктер тудыр­ған әулет. 12 жасынан бас­тап әкесімен бірге есекті би­лет­кен Артур да, 16 жасынан жолбарысты ырқына бағын­дырған Карина да әлі күнге дейін әлемдегі ең жас аң үй­ретушілер санатында. Апалы-інілі Багдасаровтар бір жағынан цирктің жан-жануарларға қатысты жанрында, хайуандарды ұрмай-соқ­пай, адамгершілікпен жұ­мыс істейтін жұп саналады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ