Қазақстан • 15 Маусым, 2018

Астанада «Оюмен ой айтқан елміз» атты көрме ашылды

651 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордағы Әскери-тарихи музейде белгілі оюшы, қолөнер шебері, өлкетанушы Шөптібай Байділдиннің «Оюмен ой айтқан елміз» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Оған шебердің өнердегі және өмірдегі жақындары қатысты.

Астанада «Оюмен ой айтқан елміз» атты көрме ашылды

Ғасырлар бойы қазақ жерін мекен еткен көшпелі тайпалар қолынан туған өнердің бірі – ою-өрнек. Өйткені дала мәдениетінің асқақ шыңы осындай табиғи бейнелерді тасқа салумен бастау алған. Сол жауһарды ұлықтап жүр­ген Шөптібай Байділдин ғұмы­рының жартысын ою-өрнек саласына арнаған. Қазір оның қолынан шыққан туындыларды Моңғолиядағы қазақтар ұлттық киім тігіп жүр екен.

Аталған көрмеде қолөнер шеберінің 400-ден астам сызбасы қойылған. Оның ішінде тұрмыстық бұйымдарға, үй жиһаздарына және киімдерді безендіруге арналған түрлері бар. Оюшы жануарлардың сыртқы пішініне, мүйізіне, тырнағына, мойнына, табанына ұқсас бейнелерді әсемдеп қағаз бетіне түсірген.

«Рухани жаңғыруға» байланысты қазақтың тарихын насихаттайтын уақыт келді. Әрбір өнер иесі өзінің саласы арқылы ұлттық болмысымызды көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Былтыр осы музейде менің Кейкі батыр туралы кітабымның тұсаукесері өткен еді, ал биыл тағы да осы сарайда ою көрмем ашылып отыр. Мен осыған бек қуаныштымын!», деді көрме авторы.

Ою-өрнек – көшпелі қазақ жұртының мәдени дамуы­ның шежіресі әрі адам жанына ләззат сыйлайтын эсте­тикалық мәні зор өнер. Бүгін­гі таңда қазақтың 230-дай ою түрі бар екен. Ал сол сыз­баларға зер салып қараған әрбір адам оның мазмұнын, құ­рылымын, тепе-теңдік мә­нін байқай алады.

Шөптібай Байділдин өз ісінің маманы ретінде әрбір оюды бір-біріне ұқсатпай, қара­ған адамға ой салатын пішінде бейнелеген. Өнер иесі ою-өрнек салу арқылы ғана емес, оқырманға шығармалары арқылы да ой тастайды. Оның «Қазақ­тың ою-өрнектері», «Ою ой, өрнек сал», «Санаулы ғұмы­рымдағы ойларым», «Кей­кі батыр» атты кітаптары бар. «Кейкі батыр» кітабының желі­сімен батыр туралы дерек­ті фильм де түсірілген.

Азамат МӘУЛЕНҰЛЫ