Қазақстан • 15 Маусым, 2018

Елордадағы ілкімді істер

476 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі бас­қарма басшысы Тілеуғали Қыш­қаш­баевтың жетекшілік етуімен нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Елбасының ма­қаласында көтерілген ең маңызды тап­сырманың бірі – латын әліпбиіне көшу қадамы көпшіліктің назарын ауда­рып отырғаны анық. 

Елордадағы ілкімді істер

Осы орайда Тіл басқармасының ұйым­дас­тыруымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес бірқатар жұмыстар істелді. Айталық, барлық қалалық меке­ме­лер­де қоғам қайраткерлері мен бі­лікті лингвист мамандардың қа­ты­суы­мен ақпараттық күндер өткі­зіліп, ла­тын әліпбиіне көшудің өзек­тілігі мен маңыздылығы жайында келе­лі әңгімелер қозғалды. Сондай-ақ «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбына ұйымдастырылған дөңгелек үстелге үкіметтік емес ұй­ым­дар өкілдері мен этномәдени бір­лес­тік жетекшілері жиналып ойларын ортаға салса, «Рухани жаңғыру тіл­ден басталады» атты семинарға мем­лекеттік органдар мен бюджеттік ме­ке­мелердің іс жүргізушілері, аудар­машылары, кадр қызметкерлері шақырылды. 

Тағы бір айта кетерлік дүние – сәуір айынан бастап Астана қала­сын­да­ғы жоғары және орта арнаулы оқу орындарында, мектептерде, мектепке дейінгі мекемелердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушыларына арнал­ған қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша біліктілік арттыру курстары өтіп жатыр. Курстың мақсаты – ғалым-теоретиктер мен практиктердің басын қосып латын жазуына үйретудегі әдіс-тәсілдерді талқылау. Онда А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының про­фессорлары Ә.Жүнісбеков, А.Фазылжан, С.Демирел атындағы уни­верситеттің профессоры Қ.Күдеринова, Ш.Шаяхметов атын­дағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Е.Тілешов латын негізді қазақ жазуының емле мәселелері, кірме сөздердің орфографиясы туралы дәріс оқыды. Бұл шаралардың мақсаты – Елбасы көте­ріп отырған әліпби туралы мәсе­ле тәуелсіздік жылдарындағы жетіп отырған үлкен нәтиже екенін жұрт­шылыққа түсіндіру. 

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының тағы бір өзекті тарауы – таңдаулы жүз оқулықты аудару ұсынысы. Осы орайда Тіл басқармасы тарапынан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын талқылау бойынша ұйымдастырылған дөңгелек үстел отырысы жас ұрпақтың бойына жаһандық ой-сана құндылықтарын сіңіруге ерекше екпін берді. Қазақ тіліне аударылған кітаптардың ішінде әлеуметтану, психология, философия, іскерлік мәселелерге қатысты көптеген дүниелер бар. Негізінен оқулықтардың авторы әлемге әйгілі ғалымдар. Әлемге 34 тілде 44 млн тиражбен тарайды. Қорыта айтқанда, ең таңдаулы, үздік оқулықтар деуге болады. Дөңгелек үстел басында сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Ахметов «Осы кітаптар негізінде білім саласы реформадан сәтті өтіп шығады деп ойлаймын» деген ақжарма тілегін ақтарса, филолог-ғалым Ш.Ыбыраев: «Ана тілімізге аударылған бұл оқулықтар арқылы біз әлемдік өркениеттің жетістіктеріне бет бұрғанымызды білдіреді, әрі бұл оқулықтар халқымызға еуропаға терезе ашуға мол мүмкіндіктер береді», деді.

Ал «Рухани жаңғыру: Ұлттық бірегейлік-сананы қалыптастыру негізі» ғылыми-тәжірибелік семинар-конференциясы Елбасының «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының бір жылдығына орай өткізілді. Бұл жиында бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар мен игі бастамаларды зерделеу жөнінде ұсыныстар мен пікірлер ортаға тасталып, талқыға түсті. Семинар жұмысына қатысқан ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, ҰҒА ака­демигі, мемлекет және қоғам қай­раткері Мырзатай Жолдасбеков, ака­демиктер Сейіт Қасқабасов, Ғарифолла Есім, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы сынды ел зиялылары мен жастар ұйымдарының өкілдері Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында атқарылып жатқан ілкімді істерге оң баға берді. 

Сонымен қатар «Тіліңді ұмытпа, жас түлек» шарасы мектеп бітіруші түлектерге мемлекеттік тілді дәріптеп, туған тілін ұлықтауға жұмылдыруға септігін тигізсе, «SMART TIL» инно­вациялық байқауы мемлекеттік тілді дамыту және оның қолданыс аясын кеңейтудегі жаңа әдістер мен технологияларды іздестіріп қана қоймай, инновациялық жобаларды ұсыну арқылы тілді дамытуға жаңа қадамдар жасауға итермелесе, «Туған жер – тұғырың», «Абай әлемі және рухани жаңғыру», «Рухани жаңғыру отбасынан басталады», «Абай – дана, Абай – дара қазақта», «Менің тілім – ұлы дала рухы» атты шаралар да Елбасы саясатын насихаттаудың бір үлгісі болғаны анық.

Биылғы жыл қазақстандықтар үшін мерекеге толы болмақ. Соның бірі – сымбатты да кербез қала Астана шаһарының жиырма жыл­ды­ғы. Осы орайда, «Астана – тәу­елсіз Қазақстанның символы» ат­ты халықаралық ғылыми-тәжі­ри­белік конференция өтті. Кон­фе­рен­ция жұмысында Венгрия Рес­публикасының Қазақстандағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Андраш Барани, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык, Жапониядағы Токушима университетінің профессоры Акитоши Мочизуки, Саратов мемлекеттік университетінің профессоры Андрей Шениндер қатысып, елорда туралы лебіздерін білдірді. 

Бейбіт ОСПАН,

Астана

Соңғы жаңалықтар