Қазақстан • 15 Маусым, 2018

Астананың үздік дәрігерлері марапатталды

395 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы және Астананың 20 жылдығы аясында Бейбітшілік және келісім сарайында елорданың ең үздік дәрігерлеріне тұңғыш рет тағайындалған «ALTYN SHIPAGER» сыйлығы салтанатты түрде табыс етілді.

Астананың үздік дәрігерлері марапатталды

Биыл 20 жылдық мерейтойы аталып өтетін еліміздің бас қаласында бүгінде 20 мыңға жуық ақ халатты абзал жандар еңбек етеді. Осынау 20 жылда Ас­тана тұрғындарының саны 3,7 есеге ұл­ғайып, шаһар жыл сайын 40-50 мың адаммен толығып отыр. 20 жыл ішінде елордада 25-тен аса медициналық нысан салынып, 8 миллионға жуық ота жасалды. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылған маңызды шараның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде осындай деректерді алға тартқан Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев денсаулық сақтау саласына әркез айрықша көңіл бөлінетінін, жыл сайын 90 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылатынын, былтыр 4 мыңға тарта дәрігер біліктілігін арт­тыр­ғанын атап өтті. «Дәрігерлердің жұ­­мы­сын жақсы білемін. Ерекше қадір­­леймін. Өйткені, өзім педиатр-дәрігердің баласымын. Астана үлкен шаһар болғандықтан мұндағы медицина қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Келімді-кетімді жұрт көп. Қала емханаларына күн сайын 8 ­­мыңнан астам тұрғын келсе, 400-ге жуық науқас ауруханаға жатқызылып, 120-ға жуық ауыр ота жасалады. Жедел жәрдем қызметіне тәулігіне – 1500, жылына – 500 мың шақырту түседі екен. Сондықтан сіздердің ерен еңбектеріңізді ескере отырып, осы «ALTYN SHIPAGER» сый­лығын тағайындауды жөн көрдік. Барлықтарыңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!» деп ыстық лебізін білдірді.

Сондай-ақ қала әкімі Ә.Исекешев астаналық ақ желеңді абзал жандардың ішінде ерекше көзге түсіп, халықтың ілтипатына ие болған 6 дәрігерге баспана кілтін салтанатты түрде табыс етті. Ал биыл Астана дәрігерлеріне тұңғыш тағайындалған «ALTYN SHIPAGER» сыйлығы 12 аталым бойынша иелерін тапты. С.Ақшолақов, М.Алшынбаев, А.Байгенжин, Н.Батпенов, В.Бенберин, М.Құлжанов, Қ.Омаров, Ю.Пя, Н.Петухова, М.Шайдаров секілді елі­міз­ге ғана емес, халықаралық дең­гей­­­де танымал білікті дәрігерлер «Меди­ци­наға қосқан үлесі үшін», Астана қалалық №1 емханасының отоларингология орталығының жетекшісі Гүлмира Мұхамадиева «Үздік дәрігер», қоғамдық денсаулық сақтау саласының білікті маманы Сархат Бейсенов «Үздік эпидемиолог», Астана медицина университетінің оқытушысы Балаби Айғожин «Мамандығына адалдық», №2 қалалық емхананың бас дәрігері Иван Ли «Денсаулық сақтау ісінің тиімді менеджері», №1 перинаталды орталықтың бөлім меңгерушісі Асылжан Ерекешов «Бірегей ота жасағаны үшін», Онкология орталығының бөлім мең­герушісі Дархан Ахмедин «Диагнос­тика мен емдеудің жаңа әдісін енгізгені үшін», «Хабар 24» телеарнасының бас директоры Ольга Горелик «Ақпараттық серіктес» аталымдарымен марапатталды. «Хабар» телеарнасының арнайы сыйлығы қалалық алғашқы ме­дико-санитарлық қызмет көрсету қыз­метінің маманы Алтыншаш Табыл­динаға берілді. №1 қалалық емхана «Цифрландыру көшбасшысы», «Сала­матты Астана» медициналық орталығы «Медициналық жеке қызмет көрсетуші үздігі» аталымдарын иеленіп, әр аталым жеңімпаздарына 1 миллион теңгенің сертификаттары табыс етілді.

Марапат алып, мерейлері үстем болған дәрігерлердің барлығы да өз ісінің кәнігі шеберлері деуге болады. «Үздік дәрігер» аталымын иеленген Гүлмира Мұхамадиева №1 қалалық емханада 25 жыл бойы табан аудармай еңбек етіп келеді. Ал «Бірегей ота жасағаны үшін» аталымының жеңімпазы, №1 перинаталды орталықтың бөлім меңгерушісі Асылжан Ерекешов үш айға дейінгі, яғни 550 грамнан жоғары салмақтағы нәрестелерге ота жасайды. Ол осы уақытқа дейін 2 мыңға жуық ота жасағанын айтады. Әкесі, анасы, жұбайы да дәрігер, сонымен бірге баласы да бүгінде дәрігерлікті оқып жатыр екен. «Осыдан 10 жыл бұрын Астанада Ана мен бала ғылыми орталығы ашылды. Сол жерде Қазақстан бойынша бірінші рет нәрестелер хирургиясы бөлімшесі жұмыс істей бастады. Осы он жылдың ішінде қаншама нәрестенің жанын сақтап қалдық. Біз туа біткен ақаулары бар сәбилерге жылына 300-ге жуық операция жасаймыз. 270 грамдық шақалаққа жасаған операция ешқашан есімнен кетпейді. Оған бір мезетте бір емес, үш ота жасадық. Баламыз аман қалды. Қазір алтыға келді. Құдайға шүкір. Бұл сыйлық тек маған емес, менің қасымдағы дәрігерлерге, әріптестеріме көрсетілген құрмет, жұмыстарына берілген үлкен баға деп есептеймін», дейді бала жанашыры.

Алғаш рет қызыл кілеммен жүріп өткен елордалық дәрігерлердің еліміз­дегі медицинаның дамуы мен жаңаруына қосқан үлесі зор екені белгілі. Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында алған марапаттары ақ желеңді абзал жандарға айрықша көңіл-күй сыйлады.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

АСТАНА