Футбол • 15 Маусым, 2018

Ресейге Ельцин келе жатыр...

334 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен чемпионаттың тартысын қыздырып, төрт жылдықтың басты сенсациясына баланған Коста-Рика құрамасы бұл жолы да сайланып отыр. 2014 жылы олар ширек финалға дейін жетсе, биыл одан әріге барамыз деп мақсат қойды. Қайта-қайта батпан құйрық бұларға қайдан болсын деп ойлағандарға қарсы айтар уәжіміз бар. Сонымен қатар бұл командада Ельцин есімді футболшы өнер көрсетеді.

Ресейге Ельцин келе жатыр...

2014 жылы Бразилияда атой салған Коста-Рика құрамасын сол кездегі ел президенті Фабрисио Альва­радоның өзі қолдап, жан­күй­ерлер арасынан табылды. Отан­дастары соққан әрбір голға пре­зидент балаша қуанды. Ұлттық құ­рама футболшылары оның іс-әре­кетінен шабыт алып, арқалана ойнады. Биыл 2 сәуірде Кос­та-Рика жаңа президентті сайла­ды. Кейіннен анықталғанда Фаб­рисомен тегі бірдей Карлос Аль­варадо да футболға салғырт қа­ра­майтын адам болып шықты. Жер­гілікті журналистердің жазу­ына сенсек, жаңа президент те ел астанасы Сан-Хосенің басты ала­­ңында үлкен экраннан құрама ойы­нын тамашалауды жоспарлап отыр. Демек футболшы­лар бұл жолы да ел намысын қол­дан бермей, басшыларын жерге қаратпауы тиіс. 

Коста-Рика құрамасы өткен жыл­дың тамызынан бері АҚШ-ты арт­қа тастап, ФИФА рейтингісінде 16-орынға көтерілді. Соның арқасында олар жеребе тарту рәсімі кезінде КОНКАКАФ кон­фе­де­рациясының нөмірі бірін­ші командасы болып есептелінді. Бі­рақ бәрібір де Коста-Риканың тобы­на Бразилия мен еу­ро­палық 2 бірдей ұжым түсті. Сондықтан да костарикалықтар жеребе жолдас болмады деп қынжылады. Еуро­па­лық ұжымның бірі тегеурінді Швейцария болса, екіншісі одан асқан Сербия. Ал Бразилиямен тең шайқасудың өзі қандай қиын екені белгілі. 

Коста-Рика құрамасының бас­ты жұлдызы – Кейлор Навас. «Реал» Мадрид» командасының не­гізгі қақпашысы өткен чемпионаттан бері испан клубына ауысып, клубтық деңгейде біршама жетістіктерге жетті. Навас қазір де бабында. «Жақсы қақпашы – жарты команда» деген қағидаға сенсек, қорғанысы мығым Коста-Рика азулы қарсыласқа қарсы ойында қорғанысқа мықтап орнығуы мүмкін. Ресейдегі біріншілікте журналистер қауымы Коста-Ри­ка құрамасының жартылай қор­ғау­шысы Ельцин Техадаға көп­те­ген сауалдар дайындап отыр. Бұл футболшының әкесі Борис Ель­циннің жеке табынушысы болғанға ұқсайды. 

Коста-Рика құрамасының тізімі:

• қақпашылар: Кейлор Навас («Реал», Испания), Парик Пембертон («Алахуэленсе»), Леонель Морейра (Эредиано).

• қорғаушылар: Кристиан Гамбоа («Селтик», Шотландия), Ян Смит («Норчепинг», Швеция), Рональд Матаррита («Нью-Йорк Сити», АҚШ), Брайан Овьедо («Сандерленд», Англия), Оскар Дуарте («Эспаньол», Испания), Джанкарло Гонсалес («Болонья», Италия), Франсиско Кальво («Миннесота Юнайтед», АҚШ), Кендалл Уостон («Ванкувер Уайткэпс», MLS), Джонни Акоста («Агилас», Колумбия).

• жартылай қорғаушылар: Давид Гусман («Портленд Тимберз», АҚШ), Ельцин Техеда («Лозанна», Швейцария), Сельсо Борхес («Депортиво», Испания), Рэндалл Асофейфа (Эредиано), Родни Уоллас («Нью-Йорк Сити», АҚШ), Брайан Руис («Спортинг», Португалия), Даниэль Колиндрес, Кристиан Боланьос (екеуі де – Саприсса).

• шабуылшылар: Хоан Венегас (Саприсса), Джоэл Кэмпбелл («Бетис», Испания), Марко Уренья («ФК Лос-Анджелес», АҚШ).

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»