Онымен қоймай, қазақтың тілін тілімдеп, жер атауларын түсініксіз сөздермен өзгертіп, бұл ұлтты осылай естен тандырмасақ, бас көтере береді, оңайда жан бере қоймайды, деп мәңгүрттендірудің барлық түріне барды.
Әйтсе де Тәңір жарылқап, қазақ азаттығын алды. Тұншықтырдық деген ұлт ұлылары ортаға оралып, жұртым деген жұлыны бар идея салтанат құрып, тіл төрге озды, жер, елді мекен, көше атаулары қалпына келіп жатты. Бұл ұлы қадам қазір де жалғасын тауып, байырғы атауларымыз жаңғырып, үзілген тамыр нәрленіп, жапырақ жайып жатыр. Оны біздер көре білсек, түсініп түйсінсек, жас ұрпақтың бойына дарытсақ ұтылмаймыз. Тіпті бұны алдыңғы толқынның мінсіз міндетіне айналдырсақ, үлкен-кішіміз ұлт ісі десек, қане.
Жақсы-жаман болсын, кеңес заманының іргесі мұжылып, керегесі сықырлап, шаңырағы селкілдей бастаған 1989 жылы «Тіл туралы» тұңғыш заң қабылданып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды.
Бұл ұлтымыздың 1986 жылғы қасіретті көтерілісінен кейінгі қолы жеткен алғашқы жеңістерінің бірі еді. Сөйтіп тәуелсіздіктің басты шартының бірегейі саналатын – тіл тәуелсіздігіне жол ашылды. Бұл ұйқыдағы санаға сәуле түсіріп, «ұлт жұмысы ұлғайып» (А.Байтұрсынұлы), мен кім едім дегенге ден қойғызып, ой көзін ашты, көңілді оятты, алға жетеледі.
Кешікпей «Біз отаршылдықтың қақпанына түскен кездегі жеріміздің үштен бір бөлігінен айырылып, тәуелсіздік алдық», деп Ақселеу Сейдімбек атап айтқандай, бабалар арманы орындалып, кейінгі ұрпақ тілегі қабыл болып, ұлттың «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты!» (Ж.Аймауытов) деп азаттығымызға қол жеткіздік. Бұдан кейінгі барлық тірлік ұлт жұмысына жалғасты.
Содан бері ширек ғасырдан асып, үш онжылдыққа бет түзедік. Есті қазақ – ел иесі, жер иесі екенін ұқты, ұқпағандар ұтылмай қоймас.
Өйткені Елбасының кемел саясатының арқасында өзге жұрт өкілдері төрге таласпады, ел иесі, жер иесі қазақ екеніне еш шүбә келтірмеді. Ши шығармады. Қабырғалы қазақтың біреуді алалаудан аулақ, кең ниет, түзу пиғылы – бұған септігін тигізген болуы керек. Оның үстіне бұрмасы, қоспасы жоқ «Түнде – ұйқы көрмедім, күндіз – күлкі көрмедім, қызыл қаным төгілді, қара терім сөгілді, күшімді сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып – бәрі елім үшін», деп кеткен абыздар үнін ұғып, тарихымызды түсінген болар.
Осыны өзіміздің бар қазақ Алаш ұлдары секілді: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді» деп, Сұлтанмахмұт (Торайғыров) секілді: «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз... Қандай шайтан келсе де, Алдауына көнбейміз» деп түсініп, түйсіне алды ма екен?
Бұлай деуге себеп, ана ғасырда мемлекеттік мәртебе алған тілімізді өз топырағымызды басып жүрген бүтін қазақ, бүтін білмей жартыкеш болып, бірінен-бірі көріп, біріне-бірі сілтеп келе жатқаны рас. Тіпті кей азаматтардың ана тілін өзі білуі былай тұрсын, ертең ел иесі болар ұрпағын өзге тілдің жетегінде жіберуі өкіндіреді. Көшеде шұбырып жүрген сыған да ана тілінде шүйіркелесіп бара жатқанын көргенде, өз қандасымыздың ұл-қызымен шүлдірін, ата мен әжелердің былдырын құлақ шалғанда, «құлдық санадан әлі де құтылмадық-ау» демеске шараң қайсы?! Мұндай әттеген-айларды ендігі жерде өзгеден көре алмаймыз. Өз кінәміз де, күнәміз де өзімізде болуы тиіс.
«Біздің бүкіл тарихымыздан мен екі олжамызды бөліп атар едім. Оның біріншісі, әрине ата-бабаларымыз өздерінің қанын төгіп, жанын беріп жүріп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған қазақтың қасиетті жері. Тағы бір олжамыз – сол ата-бабаларымыздың арқасында бар бояуымен, сырлы сазымен осы күнге аман-есен жеткен тұп-тұнық, мөп-мөлдір, қазақ тілі», деген Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тіл мәртебесін БҰҰ мінберіне шығарып, «Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасады, ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл» деді.
Бұрын қазақ мектебін ашу қасірет болатын. Бір замандары, яғни кеңес дәуірі желкеден қысып тұрғанда тіл мәйегі қазақ мектебінде деп ұлтшыл Шона Смаханұлы жүгіріп жүрді. Бұл күндері ондай жүгіріс келмеске кетті. Қазақ баласының көбі қазақ мектебіне бет бұрды.
Бұған бір мысал келтірер болсақ, биыл мектеп бітіріп жатқан түлектердің 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайызы ғана орыс тілінде сынақ тапсырады екен. Ана тілдің төрге озуының бір кепілі осыдан да аңғарылмай ма?
Таяуда ғана ұлы даланың, ұлы елдің қорғаны саналатын әскеріміз – Отан қорғаушы күні:
«Мен – қазақпын,
Бойымдағы қан қазақ.
Мен – қазақпын,
Мен шырқайтын ән қазақ...
Мен – қазақпын,
Түрім қазақ, тіл қазақ.
Мен – қазақпын,
Мен айтатын жыр қазақ!» деп сапта жүрген сарбаздар шеруде асқақ үнмен ұлт әнін әуелетті. Бұл да төрге озған тілдің мерейін өсіріп, жүректі тербеген сәт болды.
Соңғы кездері жоғарыдағы лауазым иелерінің «тілі шығып», тірліктері оңала бастады. Бұрын тілі мүкістер имене қоймаушы еді. Енді кім не дер екен деп жасқаншақтап қалды.
Тіпті кейбір министрлер көсіле сөйлеп, ұлт тілінің беделіне бедел қосып жатыр. Оларға қараған біраз бағыныштылар да тыпырлай бастаған секілді. Бұл арадағы басты мәселе, уақыты келеді деп арқаны кеңге салудан, енжарлықтан, «үйренеміз ғойдан» құтылсақ, бойкүйездіктен айрылсақ, «Өзге ұлттың жастары, тіпті жасамыстары да біле бастаған менің тілім маған неге жат болуы тиіс», деп намысқа қамшы бассақ, тек тамырымызға терең көз жіберіп ес жисақ, тіл білу қызмет үшін емес, бабалар алдындағы парызымыз десек, ана тілін түсінбейтіндер жойылып, тіл тұғыры бекитіні айдай анық.
Иә, мұндай ұлт ісіне ерекше жауапкершілік қажет. Біз үшін осы кемшін болып тұрған тәрізді . Жасыратыны жоқ, төрге озған ана атымен аталатын тілдің қасиетін әлі біле қоймаған бір толқын ұрпақ бар секілді. Ондайлар орын теуіп отырған мекемелер де аз емес-ау! Баршылық.
Соларға қараған біраз жас: «о да адаммын деп жүр ғой» (Абай) дей ме екен, біразының бойынан селқостық байқалады. Дегенмен әлгі толқын жаңарған соң, төрге озған тіл төренің де, олардың төңірегіндегілердің де, қазақ жерін мекен еткен ақ адал азаматтардың да тіліне айналатын шығар.
Бұл арадағы басты мәселе, қайталап айтсақ, ащы да болса ақиқат –қазақтың өз тіліне деген жанашырлығының кемдігінде болып тұр. Осы жанашырлықты кінәласпай, жұдырықтай жұмылып тез арада жөнге салсақ, төрге озған тіліміздің бағы да жанады, мәртебесі де артады, артық-кем әңгіме де тыйылады.
Ендеше, ана тілмен аталатын қазақ тілінің тағдыры намыс оты найзағайдай жарқылдаған өз бойымызда, жанымызда, қанымызда жатқанын білетін кез келгенді қойып, өтіп бара жатқандай ма, қалай? Мұндай ұлт ісіне алдымен мәңгілік тілді терең білмей шұбарлайтындар, сөз мәнін ұқпай шұбырта беретіндер, шимай-шатпақ жазып, сөйлейтіндер, немқұрайдылыққа бой алдырып жүргендер, ұлт ұпайын өз ұпайын түгендеуге бейім тұратындар зейін қойса, «Қайран тіл, қайран сөз, наданға қадірсіз» (Абай) екенін, «Тілін білмеген түбін білмейді» (Ғ.Мүсірепов), «Жылататын да, жұбататын да – сөз» (Б.Момышұлы) дегенді жалпы қазақ ұқса, ұтылмас еді. Сонда төрге шыққан тіл қырандай самғап, қазақтың төрт құбыласы алаңсыз түгенделер еді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»