Бұл басылым осыдан екі жыл бұрын «Ұлы дала арулары» сериясымен жарық көрген «Сүйінбике» деген жинақтың заңды жалғасы деуге болады. Осы арада ұлт руханиятының өркенін өсіру, өрісін кеңейту ісіне де, түркі дүниесі мен қазақ әлемінде өзіндік орны бар айтулы аруларды кейінгі ұрпақпен табыстыру жолындағы озық идея мен жобаның, көркем хикаяттардың авторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенова екенін айта кетсек дейміз.
Қаламгер «Бозоқ аруында» Астананың іргесіндегі ежелгі Бозоқ қаласына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ару қаңқасына тіл бітіре отырып, елдік мәселенің иіріміне қатысты танымдық, тағылымды ойларды қозғайды. Бүгінгі елорда тарихы кешелі беріден емес, ежелгі дәуірлерде іргетасы қаланғанын, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ортағасырлық Бозоқ қаласы – Ақмоланың тікелей атасы, ал оның соңғы ұрпағы – қазіргі Қазақстанның елордасы Астана деп есептеуге болады», деген сөзін дәйекке келтіре отырып, Бозоқ қаласын топырақтан аршыған археолог-ғалым Кемел Ақышевтің дәлелдерін, оның ішінде қазба жұмысы кезінде табылған әйел мүрдесінің екі жағына қойылған 800 інжу моншақтың табылуы мысалдармен айтылып, хикаяттың басты кейіпкері Шырақбектің түсіне елес болып тіл қататын Інжу арасында дамиды. Шырақбектің прототипі – Кемел Ақышев болса, Інжу 800 інжу маржанмен көмкерілген қыпшақ аруы еді.
Ұлт тарихының тамыры терең екенін зерделей білген Шырақбектің болжамы ақиқатқа айналады. Қала сілемі ашылып, адам қаңқасы табылады. Зерттей келгенде сүйек әйел затына тән болып шығады. Жас айым (ару) екені де анықталады.
Түркі жұртының қызы да атқа мініп ел мен жерін қорғағаны әлімсақтан белгілі. Толған айдай сәуле шашқан Інжу Шырақбектің түсіне жиі енеді. Он ғасыр көмескіде қалған ару рухы оянып, Шырақбекке сыр ашады. Бірақ ол өз атының Інжу емес, Бану-Шешек екенін айтады. Шырақбекті ол батыр жігіт дейді. «– Айтшы, Бану-Шешек, сен мені неге Батыр жігіт дейсің?» дегенде қыз: «Жұрт жанынан өтуге жүрексінетін обаларды сескенбей қазып жүрсің. Бұл – батырлық емес пе?» дейді. Шырақбектің өзіне деген сезім ниетін аңғарған да Бану-Шешек: «– Батыр жігіт, мен тірілер санатында жоқпын. Елеспін», дейді де өзінің өмір жолын баян етеді.
Жалпы, хикаяттағы аңыздай айтылатын оқиғалардың астарында ақиқат жатқанын аңғару қиын емес. Мұндай оқиғалар қазақтың ауыз әдебиетінде молынан екені де белгілі. Жазушы осыны заманға сай әдемі икемге келтірген. Әрбір көріністі көркем тілмен баяндаған тұста, кейіпкерлердің түр-тұлғасы биік дәрежеде көрініс табады. Түйінді шешімдер де иландырады. Соның бәрінің астарында – елдік идея, халықтық қалып жатыр.
Шырақбек соңғы бір әңгімесінде оғыздар бұл қаланы қалай атаған дегенде, Бану-Шешек «Бозоқтар қонысы» деген дейді. Әйтсе де, Шырақбек ендігі жерде бұл қонысты «Бану-Шешек бегім қаласының орны» десек қайтеді деп ұсыныс айтады. Ару бұл қонысқа ешқандай еңбегінің сіңбегенін, Хан-Төренің аруағына кінәрат түсіруге болмайтынын тілге тиек етеді. Онда еңбегі сіңген Хан-Төренің атын беру жайын қозғағанда ол «Күйеу баланың атын қойып, аруақты жерді күңірентпексің бе?» деп тек Бозоққа ғана тоқтайды.
Бану-Шешек Шырақбекке: «Бұл – сен тапқан қала. Оған ешкімнің дауы жоқ... Абырой-атағының бәрі сенікі. Менің рухымды кеңістікке алып шықтың... Менің Хан-Төрем өз заманының ер-жігіті болса, сен – өз заманының ер-жігітісің. Арамызда он ғасыр жатыр. Он ғасыр... Он ғасыр... Он ғасыр...». Осылай деп Бану ғайып болады.
Сол кезде Шырақбек: «– Қош, Бану-Шешек! Қош, оғыздың аяулы перзенті! Қош, Бозоқ аруы! Сенің тәнің он ғасыр бұрын өлгенімен, рухың мәңгі тірі. Ол көне қала үстінде ұшып жүрері аян. Рухтар өлмейді... Мен соған сенемін». Бұл Шырақбектің түйін сөзі. Ал біз қазір жаңа қала тұрғындарымыз...
Ал жаңа қала тұрғыны саналатын автор: «Бану-Шешек бегімнің сыр-дастанын қағазға түсіріп отырған мен де: «Қош, Бозоқ аруы! Осы жазғаныма рухың риза болғай, оғыздың асыл туған перзенті!» дегенімде көзімнен бір тамшы жас үзіліп түсті...» дейді.
Екінші бөлімнің бастау басынан Шәрбану Бейсенованың «Ұлы даланың ұлы анасы», «Адалдықтың ақ құсы – Бегім сұлу» атты екі туындысы орын алыпты. Біріншісінде – Домалақ Ана туралы тарихи баянды таратып айтса, екіншісінде – Бегім сұлу жайлы аңыздың түп-тамырында ақиқат жатқанын алға тартады.
Аналар галереясы жинақталған бұл бөлімдегі Ж.Аймұхамбеттің «Үкөк ханшайым кім еді?», «Үржар айымының оянуы», сол секілді Б.Қорғанбековтің «Әулие аналар жайлы», «Лала бибі», «Әнуар ана», «Гауһар ана», «Айша бибі», «Ақбикеш», «Қарашаш», «Ұлбике» туралы әпсаналары топтастырылыпты. Кітап «Ешқашан өкініштен пенде өлмейді, Ешбір жанын сүйген жанға тең келмейді. Тұтқасы қолдан шығып, сынып қалған, Ақ сандық енді қайта жөнделмейді», өзге де отты өлеңдерімен талайды талмаусыратқан, 22 жасында қызғаныштың құрбанына айналған Ұлбикенің өкінішті өмірімен түйінделеді. Сөзбен өрнектелген кітаптағы суреттерді Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі суретші Камиль Муллашев салғанын айта кетелік.
Міне, қазақ кітап әлеміне қосылған бұл жинақта түркі арулары, қазақ аналары қайта жаңғырып отыр. Тіпті, мұндай құнды кітапты қазақ арулары мен аналарының әпсанасы десек, жарасатындай.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»