Руханият • 18 Маусым, 2018

Ұлттық домбыра күні ұлықталады

2893 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Ұлттық домбыра күнін ұйымдастыру мен өткізу шараларын кеңінен насихаттауға бағытталған баспасөз мәслихаты өтті. 

Ұлттық домбыра күні ұлықталады

Жиынға Астана қаласы мәде­ниет және спорт басқар­масының басшысы Болат Мажағұлов, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бекболат Тілеухан, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші Секен Тұрысбек, профессор, күйші Айтжан Тоқтаған және Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері, композитор Айтқали Жайымов қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекі­тілген жаңа мейрам – Ұлт­тық домбыра күні жыл сайы­н шілде айының алғашқы жек­сенбісінде аталып өтілетін болады. Биыл бұл мерекенің тұсаукесері 1 шілдеге тура келіп отыр. Айтулы домбыра думанына қатысуға қазірдің өзінде 1300-ден аса өтінім келіп түскен.

 – Ұлттық домбыра күніне орай еліміздің мыңдаған музыкант домбырашысының қатысуымен өтетін «Домбыра – асыл мұра» атты концерт аталған мерекенің көркін кел­тіріп, қазақ даласын ұлттық аспаптың күмбіріне бөлейтіні сөзсіз. Айтулы шарада өнер жана­шырлары танымал қоғам қай­раткерлері Секен Тұрысбек, Бек­болат Тілеухан, Айтжан Тоқ­таған, Айтқали Жа­йымов, Айгүл Үлкенбаева, Нұржан Тәжі­кенов, Асылбек Ең­сепов, «Арт домбыра» триосы мен «МузАрт» тобы бастаған өнер­паздардың өнерін тамашалайды. Сонымен қатар аталған шараның тағы бір ерекшелігі – мерекелік кон­цертке asyldombyra.kz сайтында онлайн тіркеліп, «Көңілашар», «Адай», «Балбырауын», «Сары­ар­­қа», «Ерке сылқым» күй­лерін жатқа білетін кез келген орындаушы қатыса алады. Арқа төсін күмбірлеген домбыра үніне, ұлттық рухқа бөлейтін мұндай ауқымды шара елордада бұрын-соңды болған емес», – деп Б.Мажағұлов айтулы думанның негізгі ерекшелігі мен маңызына тоқталып өтті.

Жоғарыда аталған тізімнен бөлек, бас шаһардағы Ұлттық домбыра күнін мерекелеуге, сон­дай-ақ Құрманғазы атын­дағы Қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрі, «Отырар са­зы» ұлттық аспаптардың фольк­­­­лорлық-этнографиялық ор­­кестрі, Астана қаласының мем­­лекеттік академиялық филар­­мониясының Ұлттық аспап­тар оркестрі және Ақтау қала­сының Қазақ ұлттық аспаптар ор­кестрі арнайы келіп өнер көрсетеді.

Мәдениет және спорт бас­қар­масының басшысы Болат Бауыр­жанұлының айтуынша, Ұлттық домбыра күнінің құрметіне Ас­танада халықтық серуен ұйым­дастыру жоспарлануда. Мұнда өнер жанкүйерлері мен қала қонақтары аталған шараға арнайы тігілген киіз үйлердің ішінен домбырадан бөлек, басқа да ұлттық аспаптардың сан алуан түрін көріп, олардың тарихымен танысуға мүмкіндік алады. Кәсіби музыканттар халық шығармаларын орындайды. Сонымен қатар дәл осы күні жиналған қауым домбыра жасау барысымен танысып, «Қазақ Елі» монументі алдындағы алаң­да Ортеке өнерін де тамашалай алады.

– 1 шілдеде «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда халықтық серуен өтеді. Киіз үй­лер тігіліп, қа­зақ ұлттық аспап­тарының му­зейі ашылады. Му­зейде Құр­манғазы, Дина Нұр­пейісова, Ахмет Жұбанов жә­не тағы да басқа көптеген күй өнері шебер­лерінің тартқан дом­быра­лары көпшілік назарына ұсынылады. Өйткені дом­­быраның қазақ өмірінен алар орны үлкен. Өскелең ұрпақ­ты ұлтжандылыққа, рухани терең­дікке тәрбиелейміз десек, бұл шараның мәні ора­сан. Бұған Елбасымыз да өзі­нің «Рухани жаңғыру» бағдар­ламалық ма­қаласында айрық­ша назар аудартқан болатын. Дом­быра секіл­ді басқа ешбір музыкалық аспап ұлтымызды осылай бірік­тіріп, рухымызды көтере аламайды», – деді Б.Мажағұлов.

Көмейінен күмбірлі күй төгіл­ген қасиетті қазақ аспабы, міне, енді дәстүрлі түрде жыл сайын ұлттық деңгейде аталып өтілетін болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан айтулы домбыра думаны Аста­наның 20 жылдығына үлкен тарту болады деп күтілуде.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»