Футбол • 18 Маусым, 2018

ӘЧ: Швейцария шыңға шығуды армандайды

440 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Футболдан Швейцария құрамасы әлем чемпионаты тарихында фаворит команда саналмаса да, соңғы үш чемпионаттың екеуінде топтық кезеңге шығуға мүмкіндік алған. Құрамында Штефан Лихтштайнер, Гранит Джака және Джердан Шакири секілді талантты футболшылары бар Швейцария биылғы додада топ жаруға тас-түйін дайын отыр.

ӘЧ: Швейцария шыңға шығуды армандайды

Футбол тарихынан аяқдоп өнері ең алғаш Ұлыбританияда пайда болған деп білеміз ғой. Дегенмен футбол ойындары Бри­та­ниядан бөлек Швейцарияда да ойнала бастаған. Сонымен қатар әлемдегі тұңғыш команда «Санкт Гал­лен» 1879 жылы Лозаннада құрылып, әлі күнге дейін клуб ретіне ойын өт­­кі­зіп келеді. Халықаралық футбол федерациясын (ФИФА) құрған алғаш­­қы жеті мемлекеттің ішінде Швей­­цария болғанын ескерсек, бұл құра­маның да футболға таласы бар екенін аңғартатындай.

Швейцарияға футбол ерте келге­німен, өте кеш дамыды. 1934 және 1966 жыл ара­лығында әлем чемпионатына қа­тыс­қанымен, ширек финалдан әрі аса алмаған. Ал 1970 пен 1990 жылдар аралығында Швейцария әлем чемпионатында да, Еуропа біріншілігінде де жарытып доп тепкен жоқ. Себебі 20 жыл бойы аталған ешқандай біріншіліктің финалына шыға алмай келді.

1990 жылы құрамаға ағыл­шын жаттықтырушысы Рой Ходжcонның келуімен Швей­ца­рия футболы жаңа дәуірге аяқ басып, бұрынғы абыройы­н қайта тіктей бастады. Ең бірінші 1994 жылы АҚШ-та өткен әлем чем­пио­натына қатысып, 1/8 фи­налға дейін, араға екі жыл салып Еуропа чемпио­натында бой көрсетті. Бір қызығы, 1996 жылғы біріншілік Швейцария тарихындағы ең бірінші қарт құрлық чемпионаты ретінде тарихта қалды.

Швейцария құрамасы соңғы рет 2014 жылы Бразилияда өт­кен доп додасына қатысып, 1/8 фи­налға дейін жеткен. «Е» то­­бы­н­да сынға түскен швейца­рия­­лықтар Франциямен бірге ал­ғаш­қы екі орынды бөлісіп, ке­лесі кезеңге жолдама алды. 1/8 кезеңінде болашақ финалист Ар­ген­тина құрамасына тап келіп, қо­сымша уақытта ғана Мессидің командаластарына есе жіберіп қойды.

Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Швейцария құрамасы Португалия, Венгрия, Фарер аралдары, Латвия және Андоррамен бірге бір топта жалғыз жолдаманы сарапқа салды. Жеребе тарту рәсімінен кейін-ақ топтағы ең үздік екі құрама белгілі еді. Тек бірінші орын мен жолдамаға ие болатын команданы ғана анықтау қалған еді. Іріктеу барысында біз чемпион команданы анықтау барысы оңайға соқпағанына көз жеткіздік.

Швейцария соңғы тур алдында 9 ойынның барлығында жеңіске жетіп, топ жеңімпазы ретінде жолдаманы иеленуге бір табан жақын тұрған-ды. Ал Роналду бастаған Португалия құрамасының алғашқы турда Швейцариядан жеңіл­генін айтпағанда, 8 жеңіспен екінші орында Швейцарияны ізбе-із қуып келе жатқан болатын. Жолдаманы нақты қай команда иеленетіні Португалияда өтетін соңғы турда анықталатын еді. Тар­­тысқа толы өткен матчта алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетіп, швей­цариялықтар топта екінші орынға түсіп қалды. Дегенмен Швейцария құра­масы жолдама берер қосымша матчта Солтүстік Ирландияға қарсы ойнап, тәжірибесінің арқасында жол­дамаға иелік етті. Осы жетіс­тігі­нің арқасында Владимир Пет­кович шәкірттері ФИФА рей­тин­гінде сегізінші орынға дейін көтерілуге мүмкіндік алды.

Әлем чемпионатының финал­дық кезеңінде Швейцария «Е» то­бында Бразилия, Коста-Рика және Сербия құрамасына қарсы ойын өткізеді. Швей­цариялықтар ал­ғашқы турда-ақ әлемнің бес дүркін чемпионы Бразилиямен сынға түседі. Екінші турды Сер­бия­ға қарсы өткізсе, соңғы турда Коста-Рика құрамасымен жолығады.

Швейцария құрамасының тізімі:

• қақпашылар: Роман Бюрки («Боруссия Д», Германия), Ивон Мвого («Лейпциг», Германия), Янн Зоммер («Боруссия М», Германия);

• қорғаушылар: Мануэль Аканджи («Боруссия Д», Германия), Йоан Джуру («Антальяспор», Түркия), Нико Эльведи («Боруссия М», Германия), Михаэль Ланг («Базель»), Штефан Лихтштайнер («Арсенал», Англия), Жак-Франсуа Мубандже («Тулуза», Франция), Рикардо Родригес («Милан», Италия), Фабиан Шер («Депортиво», Испания);

• жартылай қорғаушылар: Валон Бехрами («Удинезе», Италия), Блерим Джемаили («Болонья», Италия), Желсон Фернандеш («Айнтрахт», Германия), Ремо Фройлер («Аталанта», Италия), Джердан Шакири («Сток Сити», Англия), Гранит Джака («Арсенал», Англия), Стивен Цубер («Хоффен­хайм», Германия), Денис Закария («Боруссия М», Германия);

• шабуылшылар: Йосип Дрмич («Боруссия М», Гер­ма­ния), Бриль Эмболо («Шальке», Гер­мания), Марио Гавранович («Динамо», Хорватия), Харис Сеферович («Бенфика», Португалия).

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»