Футбол • 18 Маусым, 2018

ӘЧ: Қызықтың бәрі алда

513 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлем чемпионатының алғашқы күндері әртүрлі көңіл сыйлады. Ұйымдастыру жағы сынға алынып, қонақ болып келген жанкүйерлер ауыр жағдайға түсті. Дегенмен соғылып жатқан голдар мен командалардың өнері күткеннен де артық болуда. Ал әзірге Еуропа футболы үстемдік құрып тұрғаны анық. 

ӘЧ: Қызықтың бәрі алда

Екатеринбургтегі бос трибуналар

Екатеринбург қала­сын­дағы стадионда өткен Мысыр мен Уругвай ойы­нында бос трибуналар болды. Телекөрсетілімде бұл жағ­дай анық байқалып, әлемдік баспасөз қазір Ре­сей­ді ұйымдастыру жағынан сынға алды. Әлемде көптеген адамдар мундиаль көре алмай, сандалып билет таппай жүргенде бұл қалай болды дейді? Оның да бірнеше жауабы бар. Ең қарапайымы, сол ойынның алдында билеттер сатылымға шыққанда электронды қызметтер істен шыққан. Яғни оған ФИФА-ның да қатысы бар. Жүйеден ақау кетіп, көрермендер керекті билеттерін ала ал­мап­ты. Билет сататын сайт қазір реттеліп, қалпына кел­тірілді.

Роналдудың солосы

Чемпионатта болған әзірге ең тартысты матч Ис­пания мен Португалия ара­сында өтті. Осының алдын­да өткен ойындардың бар­лығы аса қатты тартысты бола қоймап еді. Футбол ма­мандары тіпті голдар аз соғылып жатыр, ойындар қызық емес деп те қобалжи бастаған. Бірақ Криштиану Роналдудың хет-тригі чемпионатты қыздыра түсті. Алма-кезек гол соғып, таразы басын әрлі-берлі тең­­селткен ойынның ең соңғы есебі 3:3 болды. Ал Ронал­ду­дың соңғы минутта айып добынан соққан го­лы биылғы чемпионаттағы әдемі гол болып тұр. Әрине уа­қыт­ша деп сенейік.

Журналистер қауымы Ро­налдудың бұл ерлігін асыра жазып, мақтауын келістіріп жатыр. Биылғы «Алтын доп­ты» португалдық ойыншы алуы тиіс деп ерте бас­тан пікір айтқандар да жоқ емес. Чемпиондар лигасын жеңіп, әлем чемпионатында да атой салса, «Алтын доп­ты» Роналду алмағанда кім алсын? Алайда чемпионат тек енді ғана басталды.

Месси мүлт кетті

Роналду бар қырынан кө­рініп Португалияны жалғыз сүйреп жүрген соң, Месси де солай өнер көрсетуі тиіс болды. Лионель де Ар­ген­тинаны алға жетелеп шық­ты. Исландияға қарсы өткен ойын ыңғайсыз әрі сәт­сіздікпен өрілді. Есеп 1:1 бо­лып тең аяқталғанымен, Ар­гентина бұл нәтижеге қанағаттанбады. Ойын барысында Месси де пенальтиден гол соға алмады. Лео соңғы тепкен 7 пенальтиінің 4-ін соқпады. Ал жалпы алғанда, осы біріншілікте 2 рет пенальти голға айналмады. 2014 жылмен салыстырғанда бұл ендігі біреуге артық. Бразилиядағы чемпионатта тек бір ғана пенальти қиыс тебілді. Франция шабуылшысы Карим Бензема мүлт кеткен болатын.

7 жанкүйерді қағып кетті

Мәскеудің қақ ортасында 7 жанкүйерді такси қағып кетті. Жол сақшыларының мә­лімдеуінше, такси жүр­гізу­шісі Қырғызстан азаматы екен. Автокөліктің тіз­гінінде отырған ол қалғып кетіп жол жиегіне шыққан. Соның салдарынан 7 жолаушы зардап шеккен. Олардың ішінде екеуі Мексика құра­масының жанкүйері екендігі де анықталды. Ең бастысы, ешкім аса қатты ауыр жарақат алмаған.

Қиын жағдайға түскен такси жүргізушісі оқиға ор­нынан қашып кеткен. Бі­рақ кейіннен ұсталып, өз кінәсін мойнына алды. Полицейлерге айтқан жал­ғыз уәжі – 20 сағат бойы ұйықтамай, рөлде болыпты. 

Дайындаған Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар