Әдебиет • 18 Маусым, 2018

Иген Хасенұлы. Жамбыл ата шарапаты

917 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өз басым бір Жаратушының бар екеніне шәк келтірген емес­пін. Оған алты жасыма дейін атамнан алған тәрбием негіз салған шығар. Тәрбие бол­ғанда, ұзын ақ көйлек, ақ дамбалды, көзі күлімсіреген, шоқша сақалы бар атамның еңбектеп жүріп, «мына күшік­тің басының мықтысын көр­дің бе?» деп әбден ысылдап шарша­ғанша бізбен сүзісетіні есімде.

Иген Хасенұлы. Жамбыл ата шарапаты

«Кәпірмісің? Мұсылманбы­сың?» дейтін сұрақ-жауапты жаттататыны, ертеңіне жатқа айтып беретінбіз. Ал менің осы күні Құран оқып жүрген аятымды қашан үйреткені есімде жоқ. Атамды далаға алып шыққанын, көп кісілер болғанын, аппақ қармен шағылыстырып күміс шашқанын білем. Атам жүзге таянып дүние салғанда мен алтыда екем. Бала кезімізде «Әжекем аруағы атсын» деп қарғану ақ екеніңді куәландыру болып табылатын. Ол кісінің «өліп тірілген Ысқақ қажы» деген атқа ие болып, көріпкел әулиелігімен біраз елге мәлім болғанын есейгенде білдік. Менің әкем Хасен атамның дүниеден өтіп кеткен Әбубәкір, Сыдықтан кейінгі үлкені.

Шешем Тәжен он үшінде келін боп түсіпті. Менің жүрегіме ұялап қалған апамның атам туралы айтқандары. Атам ауыл молдасынан сауат ашып жүріп, шимен құмалақ атып ойнау кезінде бір баланың көзін шығарып жібереді, оған шашыңды алып беремін деп келесі бір баланың кірпігін қырып тастауы қосылып, молдадан өлімші боп таяқ жейді. «Бүйткенше өлгенім жақсы» деп өзенге қашып барып, басын жарға беріп жатып ұйықтап кетсе, өзеннің ар жағынан бойы көк тіреген бір қара сұр адам «мына ақымақтың оқуға бармай жатқанын қара» деп жағынан тартып жібереді. Шошып оянған бойда мектепке бір-ақ кірген бұзық бала, төрт сыныпты екі жылда бітіреді. Құранды жатқа айту дәрежесіне жетеді. Алайда, зергерлік жолын қуады. Ақборық деген шешесі аруақ қонған жердің қызы екен, көшкен сайын баласының құралын біртіндеп жұртқа қалдырып отырады. Баланың бір күні қайтыс болғаны, оны ақ жуып, арулап жерлемекші болғанда шешесінің үш күн күзете тұруға сұрап алуы, қолына сарбас қамшы алып, мәйіт жатқан киіз үйді айналып үш күн күзетуі, төртінші күн дегенде балаға жан бітуі, тура ертегі сияқты баяндалады. Оның ертегі емес, болған оқиға екеніне менің анам куә.

Осы оқиғадан кейін Ақборық анамыз өліп-тірілген баласын қажылыққа жібереді. Атамның мазары Қарағанды – Жезқазған тас жолының Жәйрем қала­шығына бұрылар айырығынан батысқа – Жезқаз­ғанға қарай үш шақырымдай өткенде, жолдың сол жағында, Сарысу өзенінің жағасында тұр. Атам бар ғұмырын Алланың ақ жолына арнаған адам болса керек. Пәни дүниемен тіршілігінде қоштасыпты. Талай ғарыпқа шарапаты тиіп, олардың алғысын алыпты.

Ақжүрек пионер кезімде апамның «Атаң емдеген адамынан ештеңе алып көрген емес» дегеніне сенбей қойған соң, мынадай бір әңгіме айтқаны бар. «...Атаң кенеттен қатты ауырсын. Ауырғанда зікір салсын. Ондайда жанымыз шығып, қай жерден жаза бастық деп тары қауызына сыйып қаламыз. Ет адал, сүт ақ дәке арқылы сауылған. Атаңа берілетін асты әзірлейтін өзім. Жаңа құдыққа қонғанымызға көп болмаған, еркектер құдықты да аршыды. Таза. Көкең «үйді басқа жерге тігіңдер, ескі жұрт болар» деген соң, атаңды сыртқа отырғызып, үйді жығуға кірістік. Қойшы, содан атаң отырған көрпешеден бір сорлының тығып кеткен ақшасы табылғаны ғой. Ақшаны иесіне қайтарған соң, үш күн бойы нәр сызбай зікір салумен әбден әлсіреген атаң есін жиды» деп апам бір толқып алған еді.

Кісілігі мол Туғанбай інімнің үйінде қонақта отырғанда бір егде тартып қалған әйел маған көзін тіктеп «айып етпесеңіз, сіз туралы айтқым келіп отыр десін.

Менің сасып қалғанымды байқаған Туғанбай «бұл кісінің емшілігі бар» деп ескертті. Жұрт тарқап, «өзіміз бір дұрыстап шай ішейікке» бөгеп қалған болатын.

Әлгі әйел маған қадалған қалпы біссімілласын «сіздің піріңіз Жамбыл ата екен» деп бастады. Одан әрі неше жас жасайтыным, өмір жолым, тағы-тағылар туралы айтып жатыр. Мен болсам, «мына кісі атамды Жамбылмен шатастырып тұр-ау, сірә» деген күдіктен шыға алмаудамын. Көз алдыма бала кездегі Рәбиғаның кітаптан Жамбыл Жабаевтың суретін көрсетіп «Әтәт, Әтәт» дейтіні келе қалды. Рәбиға кіші көкемнің менен бір жас кіші қызы. Тинемдейінде қатты шошып, тіл-құлақтан біржола айырылған, нәзік жандының сұлуы – мылқау Рәбиға болатын ол. Ал Рәбиғаның Жамбыл ата көзіндегі атама ұқсас мейірім шуақты ұнатуы, әлде жалпы кейпінің атама келуінен бе? Әйтеуір «Әтәт, Әтәт» деп суреттен айырылмайтын.

Жаным ата! Атажаным! Сіз мені әрқашанда қорғап-қоршап жүретін атамсыз. Мына емші «Пірің Жамбыл ата» дейтіні қалай? «Сіз туралы айтқым келіп тұр» дегеніне қарағанда оған солай деп айтқызып тұрған бір құдіреттің болғаны ғой? Аруағыңнан айналайын Жамбыл ата сіз де менің қорғаушым екенсіз. Сіз мені қай кезде жебеп-желеп жүрсіз?

Емші әйелдің сөзі ойымннан кетпей, өткен күнге оралумен болдым. Сөйтіп ойым онға кетіп жүріп Жамбыл атаның қысылған шағымда жебегенін таптым, ақыры. Оның ұшқыны ұстазым Темірғали Нұртазин айтқан әңгімеден жылт етті.

Университеттен кейін қызметте жүрген кез. Зайыбым демалысына шығысымен балаларды алып, Қапал-Арасандағы төркініне кеткен. Демалыс ала салып, арттарынан бардым.

Сөйтсем, ұстазым Темкеңнің сондағы шипажайда демалып жатқанын Нүсіп ақсақал естіп отыр екен. Бір кезде Темкеңнен дәріс алған қызы айтса керек.

– Балам, ертең ана ұстазыңа сәлем бер. Демалыс­қа тура келіп тұр екен, ат ала бар. Бір малдың басын жеп кетсін, – деді. Бұрыннан ойлас­тырған шаруалары шығар деген оймен бір атты жетекке алып, Темкеңе бардым.

Темкең сонау көмей жақтан сыңғырлай шыға­тын мысқыл аралас даусымен:

– Әйелді жақсы жерден алыпсың, деді біраз әңгі­менің басы қайырылған соң. Тек табиғатын мақтап тұр-ау деген оймен сөзін іліп әкеттім:

– Осы жерден 7 шақырым, тауға қарай, Суық­сай ауылы. Келініңіздің әкесі Нүсіп Өзенбаев сол ауылдың ертеде басқармасы болған адам. «Ашаршылық жылдары тұқымға деген бидайдан бір шайкеседен үлестіріп талай аш-арықты ажалдан аман алып қалған Нүсағаң емес пе» деп ол кісіні бұрынғы көз көргендері осы күнге дейін ерекше құрметтейді. Ұстазыңды алып кел, үйден дәм татып кетсін деген соң ат ала келдім.

 – Осы сен бір көрікті қызға үйленген сияқты едің, ұмытпасам аты Рыс қой?

 – Иә, Рыс.

 – Бала-шағалы шығарсыңдар?

 – Үш кішкентайым бар.

 – Қызмет қайда?

 – Ғылым академиясында.

 – Иә, Мұхамеджанның қарамағындамын де. Айтқан. Баратын ауылымыз Суықсай болса, онда Баянжүректетіп жүрейік, саған айтатын әңгіме бар. Жүруге әзір болған Темкең маңғаз кейіппен маған қабағын кере бір қарап алды да, кереуеттің аяқ жағында салбырап тұрған жаялықтай қара ішкиімді күміс шапқан таяғымен іліп алып ванна есігінің тұтқасына қыстырды. Темкең менің диплом жұмысыма жетекші болған-ды. «Бейімбет Майлиннің жарық көрмеген шығармалары» деген тақырыптан қорғатып, қорғау үстіндегі айтыстан жаным қыл үстінде тұрғанда бір Алла қағып қалған еді. Ойламаған жерден Мұхамеджан Қаратаев кіріп келіп, таразы басын мен жаққа аударғаны есімде. Сөйтсем, есіл боздақтардың жаулары әлі арамызда екен.

Суықсайға Баянжүрек тауын бөктерлей тарт­тық. Темкең сол баяғы әдетімен мен оқымақ түгілі атын да естімеген «Чингизхан с телеграфом» деген секілді біраз кітаптар туралы әңгіме қозғады. Әңгімесін іліп әкетіп, пікір бөлісетін шәкірттен күдер үзді ме, бір кезде:

 – Осы сен оқуға қалай түскеніңді білесің бе? – деп ерге біржамбастай жайғасып алды.

 – Жоқ. Оқуға түскен тізімнен өзімді таба алмай, Шоқан Уәлиханов, 5 деген жертөледе жербауырлап жылап жатқанымда емтиханды бірге тапсырып жүрген жерлесім Сағатбек марқұм келіп, сені декан шақырып жатыр дегені есімде. Түстен кейін оқуға түскен балалар тізімінде бар болып шықтым.

 – Ендеше, тыңда. Бірлі-жарым медальға бітіргендердің шығармаларын көргім келді.

Сенің шығармаңның әр жерінен бөтен сиямен тыныс белгілерін қаптатыпты да үш қойыпты. «Мыналарың не? Не сұмдық?» дегеніме, біреуі жұмған аузын ашпады. Сен солай түскенсің, шырақ.

 – Бәсе, Жамбыл Жабаевтың «Ұлы Отан соғы­сына арнаған өлеңдері» тақырыбына жазғам. Әдебиеттен беретін мұғаліміміз Әбдікәрім Әб­дірайымов деген бір керемет кісі болатын. Сөзге шешен, оқулықтан тыс тартымды мағлұматтарды айтып, назарымызды баурап алатын. Ақындарды жат­қа айтуы, әріпті маржандай тізіп жазатыны, бәрі-бәрі қызықтыратын. Ол кісі жаздырған шығар­маларды жаттап алатынбыз. Оқуға түсерде жазған шығармама Жамбылдың:

 «Фашизм пиғылы пасық құтырған аң.

 Көзі күңгірт, көбікті аузында қан.

 Талайды тарпа бас сап әлі келсе

 Табанына түссін дейд әділдік заң»

деген бір ауыз өлеңін эпиграф етіп алғанмын.

 – Сендім – деп жымиды Темкең.

Апыр-ау, мынадай жақсылығын осыншама ішке сақтап келуі қалай? Қорыққаны ма?

Кімнен? Әлде, шәкірті дұшпанын көбейтіп алмасын деді ме? Қалай болғанда да, үлкен парасат иесі­нің маған жасаған қамқорлығы болса керек. Асау арынның байырқалайтын тұсын күткені шы­ғар.

Жаратушы жаппар ием! Жамбыл ата! Аруағың­нан садаға кетейін, Жәкем! Жер бауырлап «Ата! Көкеме не айтам? Көмектеспегенің қалай, ата!» деп жа­лынғанымда атам сізге:

«Ана найсаптарды иманына келтірші» деген екен-ау. Өзіңізді жан жүрегімен жақсы көретін бір балаңыздың әділетсіздік тырнағына іліккен шырылын естіп, қызыл жолбарысыңызды жіберіпсіз-ау, Жам­был ата.

Жамбыл ата! Аруақтарға жұма сайын бағыш­тай­тын дұғамнан сізді қалдырмайтын болдым. Сіздің есіміңізбен аталатын көшеден өтсем, қа­ладағы ескерткішіңізді көрсем бет сипаймын.

Ақ көйлекті емші әйелдің аузына сіздің есіміңізді Алла салған шығар. Сізді маған пір еткеніне мың тәубе.

Иген ХАСЕНҰЛЫ,

жазушы