Әдебиет • 18 Маусым, 2018

Сәдуақас Сейфуллин. Не қылдыңдар?

478 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тіл – ұлттың жаны. Ұлттың болмысын ең алдымен сөзінен көреміз. Ал мұны сақтауға осыған анық көзі жеткен кез келген ұлт өкілі шыр-пыр болмақ. «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 жылғы №118 санында жарық көрген Сәдуақас Сейфуллиннің «Не қылдыңдар?» мақаласы соның айғағы.   

Сәдуақас Сейфуллин. Не қылдыңдар?

Қазақстанның орталық кеңесі (совет) коми­тетінің жаңадан болып өткен 3-ші жалпы жиылысы «Қазақстанда қазағы көп жерлерде мекеме істері қазақ тілінде жүрсін, бұл алдымен болыстарда бас­талсын» деп қаулы қылды.

Бұл туралы алдында жазғанбыз һәм бұл туралы 12-ші партия жиылысының қаулысы да бар.

Және бұл туралы біздің Қазақстанның сот істерін басқаратын ғаділия комиссариаты һәм Қазақстанның ішкі істерін басқаратын комиссариа­ты да губерния-губернияға бұйрықтарын жіберді. Бұйрықтар тығыз.

Және қағаздан гөрі игі ғой деп биыл жазға Орын­­бордан әр елге бара жатқан қазақ оқушы­ларына, студенттеріне Қазақстанның ішкі істерін бас­­қарушы комиссариатынан қағаздар алып беріп, бұл істі тапсырып жібердік.

Мұндағы мақсұт – бұлар әр губернияға барысымен қазақ тілінің дүкенін ашып жіберіп, қайнатып қазақ тілін жүргізіп жіберер деген емес, әйтеуір, адам барған соң губерния-губерниялардағы, ояздар­дағы қазақ еңбекшіл табының шын ілгері басуын ойлаған һәм сол еңбекшіл таптың үкіметінің шын көркеюін, гүлденуін ойлаған қайратты азаматтар болса, тұра қалып ойланып, бұл зор тарихи іске белсеніп кірісер ме екен деген еді.

Ақмола, Семей, Бөкей, Қостанай губерниясына жіберген жігіттерден хабар алынды. Хабарлары өте уайымды. Бәрінің айтатын сөздері: «ешбір жерде қазақ тілін ешкім іске асыруға ойланған жоқ һәм ойланатын емес» дейді.

Іс қиын, іс уайымды екені рас, көп ақша керек екені рас. Бірақ қандай іс болса да ынтамен болмақ. Сол ынта губерниялардағы, ояздардағы әртүрлі қызмет басындағы жігіттерде бар ма?...

Келген хабарларға қарағанда, ондай ынта, қалай қылсақ та болдырайық деген шын көңіл жоқ.

Жоқты бар қылады деген, ауыр қиындықтарды жеңеді деген қызмет басындағы жігіттер құр уайым айтатын түрі бар. Құр «бұған қаражат керек, бұған анау керек, бұған мынау керек» деген сөздерді айтатын түрлері бар.

Жалпы, ынта болып, жігер-қайрат болса, өзі-өзіне сенген кәміл иман болса, ержігіттің істей алмайтын ісі жоқ.

Қызыл әскер жалпы жұмылған ынтаның, қайратты жігердің, ерліктің арқасында, иманның арқасында қамаған қалың жауын жеңді.

Қазақ тілін жүргізу ісі қиын болса сондай-ақ болар.

Бұған жалпы ынта, қажымас қайрат керек.

Келесі жалпы жиылыста губерниялардағы, ояздардағы қызмет басындағы жігіттерден бұл іс туралы не қылғанынан әйгілі жауап алынбақ. Губерниядағы һәм ояздағы халықпен қатынасып отырған іс бастарындағы жігіттер бұл сұрауға лайықты жауаптарын даярлай берулері керек.

Дайындаған Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар