Бокс • 19 Маусым, 2018

Жәнібек жұлқынып тұр

513 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Танымал боксшы Жәнібек Әлімханұлының жүріп өткен жолы барша қазақ жанкүйерлерінің көз алдында. Жастар буыны арасынан суырылып шыққан бетте-ақ ересектер дуына еркін қосылып, әуесқойлар арасында орасан зор табысқа қол жеткізген ол енді кәсіпқой рингте күш сынасуға белді бекем буып отыр. Күні кеше ғана қазақ жігітінің даңқты промоутер Боб Арум жетекшілік ететін «Top Rank» компаниясымен келісімшартқа отырғанын естіп кәдімгідей қуанып қалдық. 

Жәнібек жұлқынып тұр

Бәрі де күні кешегідей көз алды­мызда. 2012 жылы Астанада өт­кен Қазақстан чемпионатында тосын нәтижелер көп тіркелген жоқ еді. Жеңіс тұғырының ең биік сатысына әдеттегідей әккі бокс­шылар бірінен кейін бірі кө­теріліп жатты. Бас жүлдені ол­жа­лаған Біржан Жақыпов, Ілияс Сүлейменов, Қайрат Ералиев, Берік Әбдірахманов, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов, Алмат Серімов, Антон Пинчук және Жан Кособуцкий сынды саңлақтардың есімін барша жұрт жақсы біледі. Бұл жарыста тек 75 кило салмақ дәрежесіндегі жағдай өзгеше болды. Басты фавориттер – Рустам Сыбаев пен Ерік Әлжановты қапы қалдырған 19 жастағы Жәнібек Әлімханұлы осы салмақта топ жарып, өзінің өрелі өнерінің арқасында сан мың көрерменнің көзайымына ай­нал­ды. Міне, Жәнібектің үлкен спорттағы жеңісті жолы осылай басталған еді.

– 2002 жылы белгілі кәсіпкер және меценат Бауыржан Оспанов өзінің кіндік қаны тамған жері – Алматы облысы, Алакөл ауда­ны­ның Жыланды ауылында бокс үйірмесін ашып, бапкер болу жөнінде маған ұсыныс айтты. Жәнібекпен сол жақта табыстым. 7 жасар баланы анасы қолынан жетектеп әкеліп, маған табыстады. Содан қауырт жұмыс басталды. Арада біраз уақыт өткенде Жәнібек өз қатарластары арасынан оқшауланып, өзгелерден оқ бойы озық екенін байқатты. Содан бұл балаға бүкіл көңілімді бөліп, бар білгенімді үйрете бастадым. Бірде мынадай қызық жағдай болды: Қауырт жұмыстан қо­лы бір сәтке босап, ауылға кел­ген Бауыржан аға: «Қалай, жұ­мысың оңды ма? Жыландыда мық­ты жігіттер бар ма екен?» деп тіл қатты. Сол мезетте мен: «Аға, бір үйір жылқының ішінен на­ғыз дүлдүлді жазбай таныдым. Бойын­да бұла күш бұлқынып, кө­зі жанып тұр, қарап тұрыңыз, бұл бала келешекте әлем чемпи­оны атанып, қазақтың мақтан тұ­тар ұлына айналады» деп, қа­сымдағы жасы әлі 10-ға да тол­маған Жәнібекті көрсеттім, – деп атақ­ты боксшының жеке бапкері Мұрат Сиқымбаев өткенді еске алды. 

Уақыт оза білікті маманның айтқаны айнадай келді. Ел бірін­ші­лігіндегі жеңісінен кейін Қазақ­стан ұлттық құрама коман­дасы сапына қабылданған Әлім­ха­н­ұлы 2013 жылдың шілде айдында Иордания астанасы – Амманда Азия чемпионы атанды. Арада үш ай өткеннен соң төрткүл дүниенің дүлдүлдері Алматыда бас қосты. Алатау баурайында да Жәнібек жасын­дай жарқырады. Бастапқы бәсе­келерде әзербайжандық Сұл­тан Мигидинов, мексикалық Хуан Антонио Меркадо және румы­ниялық Богдан Журатониді жең­се, жартылай финалда ағыл­шын боксшысы шаршы алаң­ға шығудан бас тартты. Ақ­тық айқаста қандасымыз ирлан­дия­лық Джейсон Куиглиді қапыда қал­дырды. Сол бәсекені тама­шалау үшін Қазақстан Рес­пуб­­ли­касының Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың өзі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына ат басын арнайы бұрған еді. Елбасының көз алдында Жәнібек қар­сыласын ұрып жыққанда, барша жанкүйерлердің ерекше шаттыққа бөленгенін көзіміз көр­ді. Сөйтіп 20 жасында Әлім­хан­ұлы әлем чемпионы атанды. Ал 2014 жылы Инчхонда алауы тұтанған жазғы Азия ойындарында қазақтың ұлы алтын тұғырдан қол бұлғап, өзінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді. 

Осы жеңістерге масаттанған жан­күйерлердің барлығы да «енді Жәнібек Әлімханұлын тоқ­та­татын күш жоқ» деп ойлады. Расында да сол тұста ол садақтың адыр­насындай ширығып тұрған еді. Екі қолының да соққысы зілдей, қимылы ширақ, рингте өзіне өте сенімді. Бір сөзбен айтсақ, жас болса да, бас болуға лайық азамат! Сондықтан да келесі әлем чемпионаттары мен Олимпия ойындарында да осы жі­­гіттің жеңіс тұғырына кө­те­­рі­летініне күмәнданғандар кем­де-кем еді. Бірақ көз тиді ме, әлде сөз тиді ме, әйтеуір, содан кейін-ақ Жәнібектің жолы бір оңғарылмай-ақ қойды. 2015 жыл­ғы Азия біріншілігінде өзбек­стан­дық Бектемір Мелекузиевтен ұтыл­са, әлем чемпионатында ирлан­диялық Майкл О’Рейллиге есе жіберді. Екі ретінде де ол же­ңіс тұғырына сынық-сүйем қал­ғанда сүрінді. 

Десек те осы сәтсіздіктерден кейін де жас боксшыға деген ел сүйіс­пеншілігі еш суыған жоқ. Кері­сінше, көп кешікпей бір жақ­сылықтың болатынына сендік. Әсіресе Рио Олимпиадасы қар­са­ңында Жәнібектің жолына үміт­пен қарап, дарынды жас­ты жеңіс тұғырынан көрсек деп армандадық. Алайда ол се­нім ақталмады. Ширек финал­да қандасымыз ойда-жоқ­та Қазақ­станда туып-өскен әзер­бай­жан боксшысы Шамран Шах­суварлыдан ұтылып, елге еңсесі түсіп оралды. 

Соңғы рет Жәнібек 2017 жылы Шымкентте өткен Қазақ­с­тан чемпионатында күш сына­сты. Бұл жігітке не болғаны белгісіз, бастапқы бәсекелердің бірінде есімі көпшілікке бей­мә­лім қостанайлық Михаил Кохан­чикке есе жіберді. Тіптен, рингке шыққан бетте жұдырықтасуға зауқы соқпай, жеңісті өз қолы­мен қарсыласына ұстата сал­ған­дай көрінді бізге. Содан кей­ін Әлімханұлы спортсүйер қауым­ның назарынан тыс қалды. 

Жуырда Жәнібек кәсіпқой боксқа ауысатыны жайында мә­лім­деп, БАҚ өкілдерінің қаты­суымен ашық жаттығу өткізді. Белгілі менеджер Эгис Климаспен «тіл табысып», Америкаға аттанып бара жатқанын айтты. Ал күні кеше қазақ боксшысының Боб Арум жетекшілік ететін «Top Rank» компаниясымен келі­сімшартқа отырғаны белгілі болды. 

86 жастағы Боб Арум кәсіп­қой бокс әлеміндегі ең беделді тұлғалардың бірі әрі бірегейі. Сонау 1962 жылы ол әйгілі Флойд Патерссон мен атышулы Сонни Листон арасында чем­пи­ондық белбеу үшін жекпе-жек ұйымдастырып, өз есімін дүй­ім жұртқа мәшһүр етті. Әр жыл­дары Мұхаммед Әли, Джо Фрейзер, Джордж Форман, Марвин Хаглер, Роберто Дюран, Карлос Монсон, Томас Хирнс, Хулио Сесар Чавес, Шугар Рэй Леонард, Оскар Де Ла Хойя, Эрик Моралес, Мигель Котто, Мэнни Пакьяо, Флойд Мейвезер және тағы да басқа көптеген шоқ жұлдыздар жоғарыда есі­мі аталған абыз ақсақалдың ша­пағаты мен қамқорлығын көр­ді. Қазіргі кезде де Боб Арум бас­қаратын ұйымда Василий Лома­ченко мен Теренс Кроуфорд бастаған дарабоздардың қалың шоғыры өріп жүр. Енді сол азамат 25 жастағы қазақ жігіті Жәнібек Әлімханұлын кәсіпқой бокс әлемінің ең ұшар шыңына шығарады деп үміттенеміз. 

Ал Жәнібектің өзі жаттығу жұмыстарын бастап, жекпе-жекке шығамын деп жұлқынып тұр. Сөз жоқ, даңқты Боб Арумен жұмыс істеу осы спорт түрін серік еткен әрбір азамат үшін үлкен мәртебе. Оның үстіне, қандасымыз кілең саңлақтармен бір залда даярланады. Жұлдыз­дар­мен бірге жаттығып, бірге жүру­дің өзі кәсіпқой бокста алғаш­қы қадамдарын жасап жүр­ген Жәнібек Әлімханұлына ерекше рух беретіні даусыз. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан» 

АЛМАТЫ