Қазақстан • 20 Маусым, 2018

Нығметжан Есенғарин: Маған бұл қаланың әр бұрышы, әр кірпіші ыстық

858 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Танымал мемлекет және қоғам қайраткері, темір жол саласының білгір маманы Нығметжан Есенғариннің өмір жолы мен еңбек жолы Астананың өткен ғасырдың орта шенінен бергі тарихымен қатар өріліп келеді. Ол осы өңірде жүріп қатардағы жұмысшыдан бастап, мемлекеттік дәрежедегі белді лауазымдарға көтерілді. Елорданы Арқа төсіне көшіру жөніндегі комиссияға жетекшілік жасады. Бас қаланың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында шаһарға шарапаты тиген азаматпен аз-кем әңгімелескенді жөн көрдік. 

Нығметжан Есенғарин: Маған бұл қаланың әр бұрышы, әр кірпіші ыстық

Еңбек жолым Целиноградта басталды

– Өмірбаяныңызға қарап отырып, өмір жолыңызда бұрынғы Цели­н­оград, Ақмола, бүгінгі Астана маңызды орын алғанын бай­қадық. Қаламен қатар өрбі­ген жо­лыңыз қалай басталып еді?

– Менің еңбек жолым, өмір жолым темір жол саласымен тығыз байланысты. Ал өзім ұзақ жыл­дар жұмыс істеген Тың темір жолының кіндігі қазіргі Астана – бұ­ры­н­ғы Ақмола, Целиноград қала­сында болды. Сәл әріден бас­тай­тын бол­сам, 1964 жылы инс­титутты тәмам­дап, теміржолды автомат­тан­дыру, телемеханика және байланыс маман­дығын иеленіп шықтым. Ол кезде темір жол мамандарына сұраныс өте жоғары болатын. Біздің қайда жұмыс істеуге баратынымызды Алматыдағы Жол бас­қар­масы шешетін. Соңғы курста оқып жүр­генде диплом алдындағы тәжі­ри­беден өту үшін Целиноград сигнализация және байланыс дистанция­сына келіп, үш ай жұмыс істедім, диплом жаздым. Студент екеніме қарамастан, мені сол мекемеге жұмысқа алды. Ол кезде студент үшін тұрақты еңбекақы алудың өзі бір керемет еді. 

Мен жас кезімнен бастап өзіме қандай жұмыс тапсырылса, соны бұлжытпай орындауға тырыс­тым. Осы қасиетімнің арқа­сында ұжымға ұнадым, ұжым да маған ұнады. Диплом алғаннан кейін Целиноград сигнализация және байланыс дистанциясы ар­найы сұраныс жіберіп, өзде­рі­не жұмысқа шақырып алды. Болашақ елордамен байланысым осылай басталған-ды. 

Бірақ арада үш ай өтпей жатып әскери борышымды өтеуге алып кетті. Бұрынғы әріптестерім «Әскерден кейін бізге кел» деп хат жазып тұрды. Ол кезде шешем Қостанай облысы Семиозер ауданында тұратын, әкем ерте қайтыс болған. Әскерден кейін анамның өті­ні­шімен ата-бабамыздың мекен­деген жері деп Қостанайға қай­тып барып едім, ол жақта онша жылы қабыл­дамады. Сөйтіп Целино­градқа оралдым. 

Бес ай қатардағы инженер болып істегеннен кейін сол дистан­ция­ның бас инженері қызметіне тағайын­далдым. Бір жарым жылдан кейін Целиноград темір жолының бөлім бастығы етіп жоға­рылатты. Жақсы технолог ретінде көріндім, қала­дан пәтер алдым. Еңбегім баға­ланып, Алматыға жұмысқа шақы­рыл­дым. Екі рет бас тартсам да, үшінші рет Алматы темір жолы­ның бас и­н­женерінің орынбасары қыз­ме­ті­не келісім беруіме тура келді, бір­неше жыл Алматыда жұмыс істедім. 

1977 жылы Қазақстан темір жолы үлкен-үлкен үш құры­лымға бөлініп, Тың темір жолы құрылатын болды. Мен сол тұста өзім жұмыс бастаған, бұрыннан жақсы білетін өлкеге қайтып келіп, Тың темір жолы­ның бас инженері қызметіне кіріс­тім. Кеңес үкіметінде 31 темір жол бөлімі болса, 31-ге жаңа тол­ған мен сол бөлімдерінің бас инженер­лерінің ішіндегі ең жасы едім. 

«Әуел бастан әлеуеті зор қала»

– Жал­пы бұрынғы Ақмолада халық саны аз, қаланың аумағы шағын бол­ға­нына қарамастан, осы өлке­дегі алатын орны зор шаһар бол­ға­ны байқалады. Бұл немен байланысты? 

– Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл қала әуел бастан тоғыз жолдың торабында орналасқан. География­лық жағынан алғанда Қарағанды мен Жезқазған да орталықта қоныс тепкен. Бірақ көлік-коммуникациялық, логисти­калық жағынан Ақмоланың орны қашанда бөлек. Қала сонау отызыншы жылдардың өзінде аймақтағы басты орталық саналды. Географиялық орналасу орнының тиімділігіне қоса, инф­рақұрылым салынғаннан кейін маңызы арта берді. Қыр­қын­шы жылдары Қара­ған­ды магистралі Омбы темір жолы­­ның құрамынан бөлінгенде Ақмола орталығы ретінде таңдал­ды. Елуінші жылдардағы Тың игеру науқанында одан сайын кү­­шейді. Көлік түрлерінің ішін­дегі ең маңыздысы – темір жол қаты­на­­сының қуаты артқан са­йын қаланың экономикасы, хал­қы­ның әлеуметтік жағдайы да жақ­сара берді. Ақмола – пойызбен де, автокөлікпен де, авиация­мен де жетуге болатын шаһар еді. Қаланың елорда ретінде таң­да­­луына ықпал еткен басты фак­торлардың бірі де осы. 

– Темір жол саласында бас­шы­­лық қызмет атқара жүріп, қаланың көркеюіне қанша­лықты үлес қоса алдыңыз?

– Тың темір жолы еліміздің сол­­түс­тік және орталық аймағын­дағы 8 облысты біріктіретін аса үлкен ұжым болды. Сол жылдары «Целинтрансстрой» тресі Жеңіс даңғылындағы қызмет­­тік ғимараттарды салды. Теміржол­шы­­ларға арналған жаңа аурухана пайдалануға берілді. Бес жыл­дың ішінде Екібастұз, Бурабай стансаларында жаңа вок­зал­дар бой көтерді, Арқалық пен Есілдегі ескі вокзалдар кеңей­тілді. Оң жағалаудағы вокзал­дың зәулім биік жаңа корпусы да сол жылы салынды. 1986 жылы Қазақстан Компартиясы Орта­лық коми­тетінің хатшысы Қара­тай Тұрысов­қа Целиноград вок­залының жаңа корпусын көрсет­кенім­де, ол кісі: «Вокзалды Алма­ты­дағыдан да биік етіп салып­сың, таяқ жеп қала­мын деп қорық­пай­сың ба?» деп әзіл­дегені бар. Мен де қалжыңдап: «Кім біледі, астана бізге келіп жатса, дайын болайық дегенім ғой» деп жауап бердім. 

Жалпы, Тың темір жолы бір ғана Целиноград қаласының өзін­де отыздан астам ірі құрылыс нысандарын салды. Олардың ішінде темір жол ауруханасының хирургиялық корпусы, 200 орын­дық туберкулез диспансері, жүз­деген адамға арналған емхана, стан­саларды сумен жабдықтайтын шеберханалар, тағы басқалары бар. Жалпы аумағы 28 мың шаршы метрге тең баспана берілді. Қарап отырсам, жыл сайын 840-қа жуық пәтер беріліп отырған екен. Мұның бәрін не үшін айтып отыр дерсіз. Оның себебі, бүгінгі елорда­мыздың негізгі іргетасы сол жыл­дары қалыптасты. Темір жол қала­­ның инфрақұрылымына негіз қа­лады. Төңіректің барлығымен бай­ланыс күшейді. Бұл жұмыстың бәрін тек өзімнің есіміммен байла­ныс­тырудан аулақпын, мен осы қыр­уар істің басы-қасында жүріп, өз көзім­мен көргендерімді айтып отырмын. 

Тың темір жолы ең дамыған, жетекші жолдардың бірі болды. Бес жыл тапжылмай еңбек еткен­нен кейін әрі қарай білімімді жетіл­діру керектігін түсініп, Мәс­кеу­дегі Министрлер кеңесінің жанын­дағы Халық шаруашылығы ака­демиясына оқуға түстім. 2 жыл­дай оқып, кандидаттық диссер­тация қорғап, бітіргеннен кейін өзім сұранып Целиноградқа қайта оралдым, үлкен Тың темір жолын басқардым. Қарап отырсам, осы өлкеге бірнеше рет өзім ниеттеніп қайтып келіп отырған екенмін. Сөйтіп алғашында қарапайым инженер болып бастаған Тың темір жолында 150 мың адамнан артық адамға басшылық жасайтын дәрежеге дейін жетіппін. 

Целиноград менің туған жерім сияқты болып кетті. Осы жерде еңбек жолымның басым бөлігі, саналы ғұмырым осында өтті. Өзім Қазақстандағы жұмы­сым­­ды одан әрі жалғастыр­ғым кел­­ген. Бірақ сол кездегі КСРО Жол қа­ты­настары министрі Нико­лай Ко­наревтің шақыруы­мен министр­дің орынбасары қыз­метіне тағайындалып, Мәскеуге кетуіме тура келді. 

– Білуімізше, сол тұста мұн­дай жоғары лауазымға таға­йын­­дал­ған қазақтар некен-саяқ еді ғой?

– Дұрыс айтасыз. Жалпы, кеңес кезінде кадрларды іріктеу өте қатал, бірақ біршама әділ бола­тын. Жоғары лауазымды қыз­мет­терді атқару үшін кадрлардың төменгі сатылардың бәрінен өтуі­не ерекше назар аударылатын. Бұл жүйенің бір кемшілігі, Қазақстан және басқа да Орталық Азияның жергілікті кадрларына қатысты көзқарас аса жақсы болған жоқ. Ең алғаш Совнар­ком төрағасының орынбасары болған адам – көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов болды. Аз уақыт КСРО Энергетика ми­нистрі­нің орынбасары қыз­метін Ибрагим Тәжиев те атқар­ған. Бұл екі азаматтан кейін арада қырық жыл өткен соң КСРО Жол қатынастары министрінің орынбасары қызметіне мен тағайын­далдым. 

– Мәскеуден елге ертерек қайтуыңызға не себеп болды?

– Мәскеуде жақсы жұмыс істе­­дім, Орталық комитет пен үкі­метте бір кісідей беделім болды. Секс­е­нінші жылдары одақтағы эко­но­­­­ми­­калық қиындықтар, оны түбе­гей­лі шешуге деген талпы­ныс­тар­дың әлсіздігі бірден сезіліп тұрды. Бұл темір жол саласына да қа­­тысты. Локомотивтер, шпал, рельс сияқты ең басты қажетті­лік­­тер­дің жетпеуі, бұрынғы тех­ни­ка­лар­дың тозуы сияқты мәсе­ле­лерді шешуге орталық орган­дар­дың онша құлықты емес екені көрініп тұра­тын. Қайта құрудан нәтиже шық­пай­тынына сол жақ­та жүріп көзім жетті. Жағдай қиын­дамаса, жақсар­майтыны, алда қиын жылдар келе жатқаны бел­гілі еді. Сөйтіп «Есің барда елің­ді тап» дегендей, мен Қазақ­стан­­ға қайту туралы ойлана бас­та­­дым. Қандай қиын жағдай бол­са да өз еліңде, өз үйіңде, хал­қың­­­­н­ың ортасында болған артық деп шеш­­тім. Көп ұзамай Алматы Темір жолы­ның бастығы болып ауыстым.

– Астананы Ақмолаға көші­ру мәсе­лесі қозғалған тұста сіз Премьер-Министрдің бірін­ші орын­б­асары қызметін атқарып жүр­­діңіз. Артынша елорда­ны көш­ке дайындайтын үкімет­тік ко­мис­сияға төрағалық жасады­ңыз. Бұл ұлан-­ғайыр жұмыс қалай жүргізілді?

– Астананы ауыстыру мәселесі қозғалғанда бірнеше қаланың кандидатурасы ұсынылғаны белгілі. Ақмола, Көкшетау, Қарағанды қала­лары­ның аты аталғанда мен өзім жақсы білетін Ақмоланы бір­­ден қолдадым. Қаланың әр ғи­ма­ра­­тын, әр бұрышын, төңірегін түг­ел білетін, өлкедегі ахуалдан жан-жақты хабардар адам ретінде ко­ми­с­­­сия­ның төрағалығы маған жүктелді. 

Жаңадан құрылған комиссия Ақмолаға бірнеше рет келіп, жос­пар құрдық. Орталық ведомстволар орналасатын ғимараттарды ұсындық. Темір жолға тиесілі біраз ғимараттарды министрліктерге беретін болдық. Қазіргі Абай – бұрынғы Ленин көшесіндегі Тың темір жолы басқармасының ғима­ратына Көлік және коммуникация министрлігі мен Ауыл шаруашы­лығы министрлігі орналасты. Облыс әкімдігінің ғимаратына Үкімет көшіп келді. Желтоқсан мен Кене­сарының қиылысындағы темір жол техникумы Ұлттық қауіпсіз­дік комитетіне, Кенесары көшесін­дегі темір жолдың интернаты Респуб­ликалық Ұланның штабына берілді. 

– Жаңа елорда тез қанат жайып, үлкен шаһарға айналатынын сол кезде білдіңіз бе?

– Бірден айтайын, астананың құрылысы соншалықты қарқынды жүргізіледі деп ойлаған жоқпын, оны елестетудің өзі мүмкін еместей еді. Біз жұмыстардың барлығы біртіндеп жүргізіледі деп ойладық. Экономикалық жағдай өте қиын болды, басқа шығын­дар­ды айтпағанда халық­тың еңбек­ақысын уақтылы төлеп отыру­дың өзі қиынға түсті. Бір жерде жарық жоқ, енді бір жерде су жоқ, газ жоқ... Жағдай шынын­да да күрделі болатын. Апта сайын селекторлық жиын өткізіп, күн сайын талдау жасап, проблема­ларды нарық жағдайында қалай шешу керектігін үйрендік. Осы­ның бәрін көзімізбен көріп отырып елорданы бірден салынады деп кім ойлаған?! Елорданың сон­ш­алықты жылдам қарқынмен салын­ғаны, аз уақыт ішінде гүл­ден­ген қалаға айналғаны, ең бірін­ші кезекте Президенттің ерік-жігерінің арқасы деп санаймын. 

Вокзал – қаланың жаны 

– Астанаға екінші вокзал керек екендігін ең алғаш баспа­сөз бетінде айтқандардың бірі едіңіз. Былтыр ашылған «Нұрлы жол» вокзалын көрдіңіз бе? 

– Вокзал деген тәуліктің 24 сағатында тіршілік толастамайтын, өмір қайнап жататын жер. Қаланың жаны деуге болады. Жолаушылар да, машиналар да, қоғамдық көліктер де вокзалға, вокзалдың маңына жиналады. Үлкен қалаға бір вокзал аздық етеді, мегаполистерде 2-3 вокзалға дейін болады. Астанаға да жаңа вокзал керек екендігін айтуыма осы себеп болды. 

Мен баспасөзде осы вокзал мәселесін шешудің бірнеше жолы бар екенін айттым. Біріншісі – ескі вокзалды үлкейту, екіншісі – 40-шы стансадан салу. Үшінші нұсқам мүлде басқа жерден жаңа вокзал салу болды. Ескі вок­залды үлкейткеннен мәселе шешілмейтіні түсінікті болды. Ал жаңадан салынған «Нұрлы жол» вокзалы болашақта халық санының артуына да, жолау­шыларға ыңғайлы болуы жағынан да, темір жол қатынастарына, машина мен қоғамдық көліктер қатынасына да ыңғайлы етіп салынған. Болашақта елорданың халқы 1,5-2 миллионға жетсе де, жаңа вокзал олардың бәрін қабылдауға дайын. 

– Қазіргі елорданың сәуле­тіне қатысты қандай көзқарас­тасыз? Бас­қаша жасағанда бұдан да жақ­сы болар еді дейтін жері бар ма?

– Астана көз алдымызда салынды, аз ғана жылдардың ішінде көркейді. Бұрын сайын дала болып жатқан сол жағалау адам танымастай өзгеріп, үлкен қалаға айналды. Мұның барлығы үлкен еңбекті, қажыр-қайратты қажет етеді. Мен ендігі уақытта қаланың тек жаңадан салынған бөлігіне ғана емес, оң жағалаудағы аудандарына да назар аударылса деймін. Астанада үш қаланың сәулет нышаны бар. Есілдің сол жағалауы – жаңа Астана болса, оң жағалаудағы бұрынғы базардың маңайында, вокзал жақтағы аудандарда Ақмола мен Целиноградтың белгілері сақталған. Енді сол бұрынғы аудандар да жаңарғанын, жасар­ғанын қалаймын. Ескі қаланы ұмытып кетпей, қаланың жаңа бөлігімен бірге дамыту керек. 

Астанада дамыған инфра­құры­лым да, су да, табиғат та, тарих та бар. Елорда болу үшін қалаға керек деген басты құнды­лық­тардың бәрі осы жерден табылады. Біраз уақыт Алматыда тұрсам да, Астана мен үшін ерекше ыстық. Тау-тасты жерден гөрі дала жаныма жақын, қайда жүрсек те Арқаның даласы тартып тұрады. Еңбек жолымның, өмір жолымның ең ұзақ та қы­зық­ты сәттері осы қалада өтті. Це­лино­град кезінен бастап маған бұл жердің әр бұрышы ыстық.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар