Аймақтар • 20 Маусым, 2018

Оралдағы жаңа аудандағы құрылыс қарқыны қалай?

419 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орал қаласының іргесінен «Ақжайық» атты жаңа шағын аудан салынатыны жөнінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов жыл басында тұрғындар алдында есеп­тік кездесуде алғаш жариялаған болатын. Одан бері бір­неше ай ішінде не өзгерді? Құрылыс қарқыны қалай? Өңір басшысымен бірге жаңа құрылыс алаңын аралаған жур­налис­тер болашақта бой көтеретін нысандар туралы біліп қайтты.

Оралдағы жаңа аудандағы құрылыс қарқыны қалай?

Бірден айта кетейік, негізгі құрылыс жұмыстары келер жы­лы басталады. Аумағы 425 гектарды құрайтын «Ақ­жа­йық» жаңа шағын ауданын өз алдына жеке қалашық де­се болғандай. Себебі «Гра­­до» жобалау фирмасы жа­саған жоба бойынша бұл жер­­­де көп қабатты 150 тұр­ғын үй, сегіз мектеп, тоғыз ба­­лабақша, емханалар, 78 ойын алаңы салынбақ. Жаңа қалашық Оралдың негізгі орталығынан оқшаулау, Ша­ған өзенінің сыртында ор­наласқан. Жоспар бойынша өзенге көпір салынып, тұр­ғындардың жол-көлік қа­рым-қатынасын да оңтайлы шешу қарастырылған. Бұл мақ­сатқа бюджеттік және ше­телдік қаржылар да тартылады. Мысалы, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының өңірдің әлеуметтік жобаларына жыл сайынғы бөлетін қаржысы 20 млн АҚШ долларынан 30 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтылды.

– 2030 жылы облыс ор­талы­ғында тұрғындар саны 400 мың адамға жетеді деп отырмыз. Оларды қайда орналастырамыз деген сұрақ туындайды. «Ақжайық» ша­ғын ауданы осы мәселені ше­шу мақсатында салынады. Инфрақұрылымы жаңа, жол­дары кең, «Ақылды қала» талап­тары ескерілген жаңа шағын ауданда 50 мыңдай тұрғын тұратын болады, –дейді өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Бүгінде құрылыс орнын­да инфрақұрылым желілері тартылып жатыр екен. Инженер­лік желілердің жалпы ұзын­дығы – 124,8 шақырым болса, оның жалпы құны – 3,92 млрд теңгені құрайды.

«Ақжайық» шағын ауда­нының су шаруашылығы ны­сан­­­дарын жүргізуге байла­ныс­ты өткізілген тендерді «ПМК-117» ЖШС ұтып алып­­­ты. Қазір үш экскава­тор мен үш бульдозер тың дала­ның төсін тіліп, болашақ қаланың «қан тамырларын» тартып жатыр. «Бұл жұ­мысты биылғы қазан айын­да аяқтаймыз», дейді меке­ме бас­шысы О.Попова. Жа­ңа­ қалашықты сумен қамта­масыз ету жұмыстарына 370,025 млн теңге бөлінген. 11,4 км тұрба төселмек. Қа­зір­дің өзінде 30 млн теңге иге­ріл­ген.

Бүгінде кез келген нысан­ның жүйке жүйесі – электр қуа­ты. «Ақжайық» шағын ауда­нын электрмен қамту үшін 2 330,045 млн тең­ге қа­рас­тырылған. Жаңа аудан­дағы электр желілерінің ұзын­­дығы 91,9 шақырымға созыл­мақ. Мердігер – «ЭЛМО»­­ акционерлік қоға­мы.­ Сон­дай-ақ жаңа ауданды газ­бен қамту ісіне – 329,225 млн теңге, кәріз жүйелерін салуға – 887,225 теңге бөлініп қойылған. Мердігерлер де анық­талған.

– Жаңа құрылыс алаңында техникалық бақылауды «Орал­­стройград» ЖШС мамандары жүргізіп жатыр. Жоба бойынша мұнда 25,7 шақырым су құбырлары, 170 темірбетон құдық, 105 өрт гидранты, 6 сусақтағыш салынады, – дейді «Оралстройград» мекемесінің директоры Е.Бабаев.

– Жаңа шағын ауданда 70 мыңға дейін халық орналасатын болады. Бүгінде біздің мердігерлер құрылыс алаңында су, электр, газ, кәріз жүйелерін салып жатқанын көрдіңіздер. Биыл құрылыс жұмыстарына бөлінген 1,7 млрд теңге қазан айына дейін толық игерілетін болады. Құрылысқа, мысалы электр желісіне біз ең соңғы үлгідегі жерасты сымдарын қолдандық. Жаңа қалашықта жарық диодты электр шамдары орнатылады, цифрландыру бағдарламасы аясында біз мұнда ай жарығымен жұмыс істейтін жүйе орнатпақпыз. Инженерлік коммуникация желілері салынып бітісімен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысы қолға алынады, – дейді Орал қала­сының әкімі Мұрат Мұқаев.

– Инфрақұрылым желі­лері құрылысын жауын-шашын маусымы басталғанға дейін аяқтау қажет. Жаңбыр мен еріген қар суы ағатын арықтардың салынуын басты назарда ұстаған жөн. Электр желілерін тарту кезінде цифр­ландыру аясындағы жұ­мыстарды да бірден қолға алу керек, – деп тапсырды өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»