Өнер • 20 Маусым, 2018

Мирас: Атбегілік – үлкен өнер

1287 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атбегілікке қызығушылық танытатын­дардың қатары көп болғанымен, ат баптау ісі екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние.

Мирас: Атбегілік  –  үлкен өнер

Дегенмен, ауданымыздың Көктерек ауылдық округіндегі ат баптау ісіне ынталы азаматтардың қатары артып келеді. Солардың қатарында көктеректік Нұрболат Әдетов пен Анарбек Жайлаубаевтардың есімдерін атап айтуға болады. Атбегілердің тыныс-тіршілігімен танысудың сәті аудан әкімі Абат Шыныбековпен бірге мал қыстақтарын аралаған кезде түсті.

Шағын ғана Оразғали ауылында «Ақжол» шаруа қожалығын құрып, атакәсіпті жандандырып отырған ағайынды Қолғанат пен Нұрболат Әдетовтер төрт түлік мал өсіріп қана қоймай, текті жануар жылқыға ерекше көңіл бөледі. Осы жігіттердің ат қорасында жоғары қанды және асыл тұқымды ағылшын жылқылары бағылуда. 

 Атбегі Нұрболатты әңгімеге тартқаны­мызда біздің атқорада 15 бәйге аты бапталып күтілуде. Осы жылқылардың көбін Ресей жерінен сатып алдық. Кейін өзіміздің еліміздегі текті жылқылардың құлындарын да алдық. Бәйге аттарын баптауды қаңтар айының басынан бастаймыз. Қыстағы дайындық мықты болса, сәйгүлік жазда бәйге бермейді, ал көктем айынан бастап дайындалған ат тез алқынып қалады, дейді. Сол себепті қыс айы ат баптаудың нағыз таптырмас уақыты. Аттың қырын білетін адам ғана аттың жан дүниесін түсінеді, деді.

 Сонымен қатар бұл қожалықта қазатың еділбай қойын өсіруді де дұрыс жолға қойған екен. Ауданымыздағы асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын «Қамқор» шаруа қожалығынан 400 бас еділбай тоқтыларын сатып алған. Тағы бір байқағанымыз еңбекқор азаматтар мал бордақылауды да қолға алған екен. Арнайы орында 20 бас ірі қараны жемдеп отыр.

Жылқы десе ішкен асын жерге қоя­тын ат­бегілердің бірі, «Төлеген» шаруа қожалығының жетекшісі – Анарбек Жайлау­баев деген азамат. Сарыөзен бойындағы Көктікен қыстағында орналасқан ағамыздың шаруашылығында жылқы малына арнап жаңа үлгідегі ат қора салынған. Бұл қорада 10 асыл тұқымды ағыл­шын аттары бапталуда. 

– Егер тұлпардың қанында тектілігі болса, ол бәйге бермейтіні анық. Сол себеп­тен шамамыз келгенше асыл тұқымды жылқыларды баптаймыз. Атбегінің сөзіне сүйенсек, жылқының жақсысы тамақты да талғап жейтін көрінеді. Яғни шын жүйрік бәйге алдында қанша жем берсең де, тек мөлшерімен жеп, өз-өзін аламанға дайындайды екен. Бұл жылқы малының ерекше қасиеті, – дейді атбегі.

Бұдан басқа Анарбектің шаруашылығында 200 бас ірі қара, 100 бас жылқы, 1500-ге тарта қой өсірілуде. Сондай-ақ жаңа мал қораның да құрылысын бастап қойған.

Міне, біз осындай жарасымды тірліктің куәсі болдық. 

Қайрат ЖАҚЫП,

Батыс Қазақстан облысы, 

Қазталов ауданы