Білім • 20 Маусым, 2018

Тәрбие тәлімі: Бірігіп іздену оқушының сенімін арттырады

625 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемдік білім беру кеңіс­тігіне кіруге бағытталған жаңа білім беру жүйесі мұға­лім­дер қауы­мына зор жауап­кер­шілік жүк­теді. Шыны керек, қазір­гі мектеп оқушыларының психология­сын, жалпы дү­ние­танымын он-жиырма жыл бұрынғы балалар­мен салыстыруға келмейді.

Тәрбие тәлімі: Бірігіп іздену оқушының сенімін арттырады

Жа­ңа ғасырдың перзенттері за­ман­ға сай технологияларды тез меңгеруге қабілетті. Қиын тап­сырмалардың өзіне зерделілік танытады. Алайда бастауыш сыныпқа енді қабылданған ба­лалардың бір-бірлеріне, мектеп талабына үйреніп кетуіне бі­раз уақыт керек. Екі жыл бұ­рын қабылдаған сыныбымда осындай жағдай болды. Оқу­шылардың бәрі дерлік озат, оқу үлгерімдері жақсы. Сабақтан бос уақыттарында үйірмелерге қатысады. Бірақ қайда болса да бірігіп емес, жеке барғанды қалайды. Бір-бірімен пікір алмасу, бірігіп талдау кезінде қина­лады. Ортамен қарым-қатынас жасау жағы дамымаған. Ұстаз ре­тінде бұл жағдай мені ойлантпай қоймады. 

Оқушылардың бір ұжым болып қалыптасуы үшін не іс­теуім керек? Сабақ беріп тұр­­­ған кезде де осы мәселеге на­зар аударатын­мын. Балалар­ды бір-бірін сый­лауға, тың­дау­ға, көмектесуге бау­лу бас­ты мақсатыма айнал­ды. Ізде­нулерім нәтижесіз қал­мады. RWCT бағдарламасы ар­­қы­лы сұрақтарыма жауап тап­­тым. Бұл бағдарлама мені қы­­зық­тырды, оқушыларыма да өзгеріс ене бастады. Cабақтың мазмұнына байланысты стратегияларды үнемі пайдаланып отырдым.Оқушылардың пәнге деген қызығушылығы және топпен жұмыс істеу арқылы ұйым­шылдығы арта түсті. Сабақ барысында ұйымдасып, пайдалы іс­пен шұғылдану арқасында ұжым қалыптаса бастады. Оқу­­­шы­­лардың өзара қарым-қа­­тынасы, олардың бірлесіп ат­қа­ра­тын істері мен мақсат-мүд­делерінің бір арнаға тоғысуы мені қуантады. 

Биыл бұл оқушылар төртінші сы­ныпта оқиды. Оқу жылының ба­сында сыныпқа жаңа оқушы­лар келді. Бір қызығы, олар ор­та­ға тез бейімделіп кетті. Қа­­­­лып­­тасып қалған ұжым еш­кім­­ді шеттетпеді. Тек Марат есім­ді оқушы ғана тіл табысуда біраз қиналды. Мінезі тұйық, білгенін басқалармен бөліспейді, өзіне сенімсіз. Оқушымды бұл жағдайдан шығарғым келіп, тағы да RWCT бағдарламасына сүйендім. «Дауыс пен Көрініс» журналынан Саллидің «Білімді сұрақ ретінде беру, сұрақ арқылы білім алу» атты мақаласын қай­­та-қайта оқитынмын. Мақа­ладағы Кристің «Сұрақ саба­ғы циклін» қолдануы мені қызық­тырды. Сұрақ саба­ғын енгізу – мұғалімнің дәнекерлік рөлін қолдайтын үдеріс. Дәнекердің рөлі білім мен баланың қабі­летінің, тапсырманың қажеттігі немесе оқытылып отырған әре­кеттің арасындағы көпір тәріздес. Л.С.Выготский мұны баланың өсіліп-жетілу айма­ғында болатын жұмыс деп атайды. Ба­ланың шын мәніндегі жетілу дең­гейі проблеманы өз күшімен шешуі арқылы анықталады. «Сұрақ сабағы» циклін өз тәжі­рибемде қолдана отырып, Маратты бақылауда ұстадым. Оның кіммен әңгі­мелескенін, қандай сұрақ қой­ғанын үнемі жазып отырдым. Алғашында «Әдебиеттік оқу» сабағына қа­тысты номенкла­туралық сұ­рақтарды қойып жүрді. Абайдың қара сөзінің мағынасы, өлеңді қара сөзге қалай аударуға болады? Бұл сұрақтарды қою бары­сында ол жолдастары­нан жауап алатын болды, сынып­тастарының сұрақтарына ойланып, жауап іздей бастады. Достарымен ортақ мәселені ше­­шуде қарым-қатынас орныға түсті. Мен Мараттың сұрақ қой­ған кезінде көзінен ұшқын атып, өзіне деген сенімділігі орныға бастағанын байқадым. 

Бірде «Дүниетану» саба­ғында «Ғарыш туралы алғашқы тү­сінік» тақырыбын оқыдық. Бұл сабақта Мараттың сұрағы күрделене түсті. Ол сыныптастарына «Күн жүйесінің құрамына қандай аспан денелері кіреді?» деген сұрақ қойды. Күтпеген сұраққа оқушылар жауап іздей бастады. Мен Мараттан досына көмектесуді сұрадым. Ол өзі оқыған кітаптардан, ақпараттар мен деректерден мәліметтер берді. Бірде сабақ соңында бір топ оқушымен өз өлкесінің эко­логиялық жағ­дайын айтып әңгімелесіп отырғанын көр­дім. Қоршаған орта проблемаларын шешуге қалыптастыру мақсатында Маратқа тақырыптан тыс тапсырмалар беріп отырдым. Мектеп көлемінде өте­тін «Ғы­лымға қадам» атты кон­фе­рен­цияға өз өтінішімен дайындала бастады. «Ластанған ауаның Батыс Қазақстан халқының денсаулығына зияны» деген та­қырыптағы ғылыми ізденіс жұмысына ол бар ынтасымен дайындалғаны ұстаз ретінде мерейімді өсірді. Кітапханаға бар­ды, қала экологтерімен кездесті, аурухана дәрі­гер­ле­рінен сұхбат алды, мұға­лімдермен ой бөлісті. Осы кезде де RWCT бағ­дарламасына сүйеніп бағыт бе­ріп отырдым. Тақырып таңдау, ин­тервью алу, нобайын жазу, қайта өңдеу стратегиялары оқу­шының ізденіс жұмысын әр­лендіріп, оның құлшынысын арт­тыра түсті. Нәтижесінде конферен­цияда Мараттың ізденіс жұ­мысы жоғары бағаланды. Кон­ференцияға қатысқан оқу­шылар мен мұғалімдер бұл жұ­мысты шараның қалалық ке­зеңіне ұсынды. Кейін тіпті рес­публикалық «Ғылыми жоба» зерттеу жұмысы сайысында бірінші орынға ие болды. Бұл Мараттың жетістігі және ғы­лымға жасаған алғашқы қадамы еді. Бір кездегі үндемейтін, өзі­мен өзі томаға тұйық қана жү­ретін оқушымның қазір сабаққа, айналасына деген көзқарасы өзгергенін көру маған қуаныш сыйлады. Мұндай мысалдар аз емес. 

Айтқым келгені, жаңа педа­гогикалық технологияларды қолдану арқылы керемет көрсет­кіштерге қол жеткізуге болады. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы оқушының білімге деген құштарлығын арттырып қана қоймай, өздігінен ізденуге мүмкіндік береді. Ал мұғалім үшін зерделі шәкіртінің жеңісінен артық қандай қуаныш бар? 

Эльмира ЕСМҰҚАНОВА,

ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия мұғалімі

АТЫРАУ