Әдебиет • 20 Маусым, 2018

Сұлтан Оразалы. Жетім құжыра (Хикая)

1385 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалы «Сталин өлген жыл» атты көлемді кітабын аяқтады. Тың шығарма көркемдігімен, өзінің ерекше болмыс-бітімімен көңіл аударады. Автор оның жанрына «гибридті хикая» деп тосын анықтама беріпті. Шындығында, хикаяның әр тарауы жеке-дара туынды бола тұрып, онда тарихи әрі көркемдік қиялдан туған оқиғалар, деректі прозаның ұшқындары, естелік, эссе, көсемсөз жанрлары жымдасып, кірігіп кетеді. Жазушы елуінші, алпысыншы жылдары халқымыз бастан кешкен ауыр кезеңді, атом сынағының астында қалған шерлі аймақтың тақсыретін шынайы көрсеткен. Оқырман назарына осы шығарманың бір бөлімін ұсынып отырмыз.

Сұлтан Оразалы. Жетім құжыра (Хикая)

Сталиннің мұрасы... «жетім құжыра» құлап түсті...

Сағадағы жар қабақта ескіден қалған екі үй тұратын. Бірін «қойма» дей­тін­біз. Даңғарадай кең, сыртынан құ­лып­­талатын жалпақ есігі бар, едені – жер, төр жағында әйнексіз сығы­рай­ған терезенің жарығы шамалы, ала кө­лең­келі қора еді. Ол кезінде астық қой­ма­сы да, мал қора да, бірнеше отбасы тұр­ған үй де болыпты. Қабырғасын ыс басқан, сылақ көрмеген сол қораны біз де бір жаз паналадық. Ал соның ірге­сіндегі жәпірейген қоржын үй әлім­сақтан «жетім құжыра» атанып кет­кен. «Құжыра» деген сөзді сирек қолда­на­тын бұл ауылда ондай атаудың қайдан шыққанын ешкім білмейді. Тоқал тамның төбесін жапқан күлі күлгін тартып әлдеқашан топыраққа айналып, алабота қаптап өскен құжыраны зер салып қарамасаң дөңкиіп жатқан үйіндіден ажырату қиын. Оның сорайған мұржасы мен бір бүйіріндегі опырайған есігі ғана адам тұрағы екенін аңғартады.

Бұл «үйде» кімдер тұрмады? Жарық­тық Қара апайды айтсаңызшы! Өзінің Ағайша аты ұмытылған, жасы алпысты еңсерсе де жүзінен шуақ шашып тұ­ра­тын, мейірімді адам еді-ау. Ері мен екі ұлы соғыста өлген, өзі қара шаңы­ра­ғын кү­зе­тіп, отын өшірмей жалғыз тұра­тын. Бү­­кіл ауыл өр мінезді Қара апайдың жас ке­­лін­шек кезінде қораға түскен ар­лан қас­­­қырмен алысып, буындырып өлтір­ге­нін аңыз ғып айтады.

– Е, тәйір, қайбір батырлығым ұстады дерсің?! «Балаларыма шаба ма деп, өлсем өзім өлейін» деп қасқырмен жағаласқаным рас», – деуші еді. – Бір иттік шамамыз бар ғой...

Қара апай жаныңа келсе күңгірт дала жарқырап, жан-жағың жайнап қоя береді. Естіген-білгенін әзілмен айтып, елді күлдіріп, сергітіп тастайды. Сон­ша­ма қайғыны бастан кешсе де рухы жасы­маған адам. Жазда мал базы­нан бақан жинап, Қара апайдың ұзын қыл арқанын сұрап алып, өзеннің жаға­сын­дағы көгалға алтыбақан құра­мыз. Кешке қарай Шыңғыстың сары желі тыншып, ауыл момақан, қоңыр күйге кіргенде бала-шаға тегіс алтыбақанға жиналамыз. Қасымызға Қара апай келсе, дүйім жұрт қосылғандай қуаныштан дуылдап кете­тін едік. Қара апай ауылдағы екі-үш әйелді шақырып:

– Әй, қатындар, келіңдер, күні бойы күйбеңдеп жүре бересіңдер ме, біраз ән салып, шер тарқатайық, – дейді. Өзі алтыбақанның бір басына отырып, қарсы жағына менің шешемді шақырады.

– Кел, Күлән, сенің ән салатын даусың бар ғой. Мені қосташы, – дейді.

«Аспанда-әй ай болмаса адасады,

Көңілді көтермесе кір басады-е-е-й».

Қара апайдың даусы ашық, әрі ащы. Мүлгіген маңай дүр сілкінеді. Кешкі сауынға кешігіп қалған бірен-саран сиыр алыстан мөңірейді.

«Ахау, Семей! Тіл мен көмей,

Басылмас жанған жүрек, сәулем келмей, ай-хай».

Алтыбақанда ән салып отырған екі әйелге ауылдағы жасөспірім қыздар мен ұлдар шуылдап түгел қосылды. Сағаның бойына жан кіріп, думанға айналды. Қара апайдың көзі күлімдеп, әлдебір алыс күндерді есіне түсіргендей бірнеше әнді тоқтаусыз айтты. Ара-арасында:

– Әй, ұлдар, алтыбақанды серпе тербетсеңдерші, – деп қояды. 

Қара апай туралы әке-шешеміздің әңгімелерін талай естігеміз. Өзі Аягөз жақтағы сыбанның ерке қызы екен. Әкесі бай болып, тәркілеуге іліккен. Тобық­ты­ның бір марқасқа сері жігіті Жәркенге ға­шық болып, кедейлігіне қарамай, үйі­нен қашып кетіп, қосылыпты. Ақтар кетіп, қызылдар келіп жатқан жылдары бірінің артынан бірін, екі балпанақтай ұл туыпты. Сері жігіт, көркем келіншек, екі жас Құндыздыны әнге бөлеп, жоқтық пен аштықты, аласапыран күндерді қайыспай көтеріп, екі ұлын аман өсіріпті. Соғыс басталғанда алдымен Жәркен жауға аттанып, ұзамай қаза тауыпты деседі.

Қара апай ойнақы әндерін азайтып, енді мұңды әуенге ауысты.

«Көшкенде жылқы айдаймыз-ахау 

аламенен,

Ауылыма келуші едің-ау даламенен

Түскенде сен есіме, беу Жәркенім

Сағынып сарғаямын санаменен». 

Қара апай әннің сөзін бұрып өзінше айтады. Екі көзін тарс жұмып алған.

– Екі-ау жирен, жалын түйген,

Жалғанда ғашығымсың-ау жаным сүйген...

Ай туды. Сағаның екі қапталындағы биік шоқылар ақ сәуленің астында қалқып тұр. Төменде көсілген Ақ жазық буалдыр тартып, көкшіл түске енген.

Қара апай жалғыз өзі шырқап отыр. Бір әннің басын екінші әннің соңымен жалғайды. Ішкі шерін, шемен боп қатқан қайғысын ақтарады. Бір кезде көзін ашты. Қарсы алдында үнсіз егіліп отырған менің анамды жаңа көргендей:

– Әй, Күлән-ай! Сенің де қайғың аз емес қой. Шәріп қандай азамат еді?! Оны да жау жалмады. Бірақ сен бақытты әйелсің! Қасыңда Сақаның бар. Шәріптің соңында тұяғы қалды, өшкен жоқ. Ал менде ешкім жоқ... Қос қозымыз қыршынынан қиылды. Тұлдырмыз... Алданышым да жоқ бұл дүниеде, – деп еңіреп жіберді. Біраздан кейін Қара апайдың зарлы үні қайта шықты. Алтыбақанның жібіне асылып, бір жақ бүйірін таянып алыпты. Ешкім жұбата алған жоқ.

Маңырайсың ақ ешкі-ау лағыңа, 

ой, дүние-ай,

Емшек беріп өсірген шұнағыңа, 

ой, дүние-ай.

Кел екеуміз қосылып зарланайық, 

ой, дүние-ай,

Жетер ме екен алланың құлағына, 

ой, дүние-ай!

Айхай, дүние-ай

Салдың күйге-ай,

Омырауымнан үзіліп түсті,

Екі-ау түйме-ай, ой, дүние-ай.

Ербол, Нұрбол қарағым-ай,

Қу соғыстан болды-ау 

сенің ажалың-ай, ой, дүние-ай

Сендер өліп, жалғыз қалып

Жетер емес ажалым-ай, 

ой, дүние-ай...

Қара апай жоқтап отырған Жәркен де, өрімталдай Ербол мен Нұрбол да біздің Сағаның топырағында жаратылып, тай-құлындай еркін өскен, Құн­дыз­дының суына шомылып, көга­лына аунаған. Ананың зары Сағаның да сай-сүйегін сырқыратып тұрғандай. Ай да жабы­ғып ұясына батты. Елінен топырақ бұйырмаған ерлердің рухы ғана мынау қараңғы далада ұшып жүрген тәрізді...

Көп ұзамай Қара апайды төркін жұрты көшіріп әкетті.

Бос қалған «құжыраға» Сағымбай деген жалғыз ұлы бар толықша келген сары әйел көшіп кірді. Бұл әйелдің шын атын білмейміз. Елдің бәрі «жынды қатын» дейтін. Өзі де соған үйренген. «Жынды екенім рас қой», – деп жүре береді. Тек көктем мен күзде тау демейді, дала демейді, басы ауған жаққа жүріп кете­ді. Ен далада жалғыз өзі сөйлеп, өт­кен қызық­ты шақтарын әңгірлеп айта жү­ре­ді, бірақ тірі пендеге зияны жоқ. Бала­сы Сағымбай да шешесінің мінезіне үйренген, анасын тосып, шай-суын әзір­леп отырады. «Жынды қатынның» сескенетіні – «қара дүкен», сыйлап, табы­натыны – ұста Сақан. Түн болса «қара дүкенді» маңайламай, алыстан орағытып өтеді. Кейде тоқтай қалып, тың тыңдайды:

«Әне, Сақан аға, шыққан соң, дүкен­нің киесі оянды. Шықылдатып балға со­ғып жатыр», – дейді. Өзінің жасы Сақан ағамен шамалас болса да, оны «аға» деп, алдынан кесе-көлденең өтпейді. Кейде жалғыз сиырынан жиған азын-аулақ майының бір шөкімін орап біздің үйге әкеледі:

– Күн бойы ыс жұтып, отқа қақталып, өзегі талды ғой. Мына майды ағаға берші, талғажау етсін, – дейді өздері де ішер асқа жарымай отырып.

Сағымбай болса, әлжуаз, шыбықтай жіңішке, ақ сары бала. Он үш-он төрттегі бозбала демейсің. Күні бойы менімен ойнап, айтқанымнан шықпайды. «Қара дүкеннің» қасында бандымен соғыс кезінен қалған ескі қосауыз, жалғыз ауыз, шолақ мылтықтардың құндағы, шаппасы, оқпаны, шүріппесі шашылып жататын. Сағымбай содан құрастырған «мылтығын» мойнына асып алып, тау кезіп кетеді.

– Менің құлыным азамат болды, аң аулап жүр, – деп шешесі мәз. – Әкесі соғысқа дейін аңшы болған, көрдіңдер ме, әкесіне аумай тартқан.

«Жынды қатын» бұл ауылдың тумасы емес. Абыралы жақтан келген. Кезінде елге қадірлі, бұлғақтаған өңді келіншек, ерімен бақуатты ғұмыр кешіп­ті. Соғыс басталысымен күйеуі май­дан­ға аттанып, бір жылдан кейін «қара қағаз» келген екен. Қайғыға бат­қан әйел орны­нан тұра алмай жатып қалыпты. Күн­дердің күнінде көтеріліп ауырып, жалғыз ұлын жетектеп ел кезіп кетеді. Біреу­дің ауласын сыпырып, біреудің отын жағып, күлін шығарып, күнін кө­ріп жүргенде Сағаға жеткен. Колхоз бас­тығы жаны ашып, ортадан сауып ішу­ге бір бұзаулы сиыр, бір қап бидай бө­ліп, «жетім құжыраға» орналастырады. «Қара дүкеннің» ішін сыпырып, керек кезде көрік басып, көмектес» деп тапсырады.

«Қара дүкен» «жынды қатынға» ерекше әсер етті. Алғашқыда ішіне кіре алмай дірілдеп, үркіп тұрғанын көріп Сақан аға өзі жетектеп апарды. Бірақ ұста жоқ болса, әйел дүкеннің маңын бас­пайтын. «Қара дүкеннің» иесі менен көз алмай, бағып отырады. «Оғаш қы­лық жасасаң буындырып өлтіремін» деді, – деп «жынды қатын» менің шешеме «сырын» айтыпты.

Сталин өлген жылдың алдындағы көк­темде әйел тағы көтеріліп ауырды. Орынсыз сөйлеп, сақылдап күліп, «жал­ғыз қайың» жақтағы қалың тоғайды шарлап қайтты. Сақан аға оны есік алдында тосып алып:

– Қайда жүрсің? – деді қатқыл дауыспен. Әйелдің көзі ойнақшып, құты­рынып біраз тұрды да, тез жуасыды. – Кір, дүкенге! – деді ұста. – Қара дүкен­нің иесі сені күтіп отыр, оны тыңдамасаң киесі атады. Әйел жылап жіберді, бірақ айтқанға көніп, ішке кірді. Не болғанын білмейміз, жарты сағаттан соң екеуі де сыртқа шықты.

– Үйіңе барып ұйықта. Сен жазылдың, – деді ұста.

Шынында да, әйел бұдан кейін оғаш қылық көрсеткен жоқ. Көп ұзамай кол­хоз бастығы оны баласымен қоса «Иса­бай» қыстағына көмекші шопан етіп жі­бе­рді...

«Жетім құжыраның» келесі иесі Бідә апа болды. «Жынды қатынның» ізін суытпай көшіп келді. Белі бүкірейген, өңі әбден тозып, әжім торлаған, арық қара кемпір – Қара апай сияқты өте мейірімді адам еді. Елдің бәрі жақсы көретін. Сондықтан шешем бастатып, бала-шаға түгел жабылып құжыраның ішін жын-шайтаннан аластап, тазартып, әкпен сылап бердік. Кейуананың қуанышында шек болмады.

Шағын ғана ауылымызда соғыста қаза тапқандардың саны өте көп. Қиырдағы бұйығы жұрттың әр шаңырағын соғыс өрті шарпып өткен. Менімен ойнайтын балалардың жартысынан астамы – әкесіз жетімдер. Ал жағдайы бізден де төмен, тұлдырсыз қалған кемпір-шалдар қаншама?! Соның бірі – Бідә апай еді.

Соғыстың алдында ақсақалы қайтыс болып­ты. Өрімталдай бес ұлының екеуі қызыл армияның қатарында Белорус­сия­да әскери борышын өтеп жүргенде соғыс басталып, содан хабарсыз кеткен. Ал үйелмелі-сүйелмелі үш ұлы үйленуге үлгермей, бірінен соң бірі соғысқа аттанып, орыс жерінде қаза тапты. Солардан келген қара қағазды Бідә апа сыры кеткен ескі қобдишасынан шығарып, хат танымаса да ұзақ үңіліп, оңашада балаларын сағынып жылайтын. Хабарсыз кеткен ұлдарының бірі тірі келер деп сарғая күтеді. Қолындағы жалғыз бұзаулы сиыры мен екі-үш ешкісінің сүті мен етін талшық етіп, отын өшірмей, шаңырағын ұстап отыр. Бізді көрсе болды айналып-толғанып аядай тар үйіне ертіп кіріп, қалтамызды құрт-ірімшікке толтырып жібереді. 

– Қарақтарымның бірі тірі болса, оларға да құрт-май табылады ғой, – дейді күбірлеп. – «Ағамыз тірі келсін» деп сендер де тілеп жүріңдер.

Бідә – бұл кісінің шын аты емес. Апа­мыздың азан шақырып қойған Әйім­гүл деген есімі әлдеқашан ұмытыл­ған. Тіпті ауылдағы ескі көздердің өзі де оны тап басып естеріне түсіре алмай қиналатын.

1944 жылдың ерте көктемінде Әйім­гүл­дің кенже ұлы да соғысқа аттанады. Алдыңғы ұлдарынан хат келмей зарығып жүрген, «әшейінде жаман ырым бастамайыншы» деп тістей қатып, шыдамдылық танытатын Әйімгүл бұл жолы бойын билей алмай, дауыс айтып, қатты жылапты. Ешкімнің сөзіне жұбанбай, әлдебір жамандықты сезгендей, екі бүктеліп егіледі. Арада үш ай өтпей жатып үш ұлдың қара қағазы бірге келсе керек. Бір адамның басына осыншама қасірет әкелген, қатыгез тағдырға не айтарсың! Соғыс кезінде жер ауып келіп осы ауылда тұрып жатқан бір топ неміс, орыс отбасылары болатын. Мына сұмдық хабарды естіген олар да қазақтармен бірге қайғырып, әйелдері Әйімгүлді құшақтап:

– Ой, беда!.. ой, беда... – деп көрісіпті.

Сол күннен бастап Әйімгүлдің аты – Беда – Бідә болып өзгерсе керек.

Тамыз айында атом сынағынан үркіп көше қашқанымызда Бідә апаны тастамай ала кеттік. Көксеңгірде екі апта бір үйде тұрдық. Сүйенерлік жақыны жоқ, же­тім кемпір жалтақкөз бе, кім білсін, бе­лін жаза алмай, екі бүктетіліп жүрсе де тыным таппай келіндерге қолғабыс жасап, азын-аулақ ас-суын ортаға қойып, бәйек болды. Соны байқаған атам мен апам оны жандарына шақырып, үй шаруа­сына араластырмай, үшеуі бірге өткен-кеткенді еске түсіріп мәз болды. «Тең-теңімен» деген осы. Бідә апа осы екі аптаның ішінде жадырап, мерейі өсіп, қайғыдан көң болып қатқан кө­ңі­лі жібіп, мынау мейірбан, қамкөңіл адам­дар­дың ықыласы бойына қуат берді. Елге көшерде атам Сақан аға мен келінін оңаша шақырып:

– Қарақтарым, панасыз адам ғой, мына Бідәға шамаларың келгенше қорған болыңдар, – деп тапсырды.

Осы жылдың күзі ерте түсті. Қазан айының соңында қар ұшқындап, Саға бойындағы үш-төрт үй өкпек желден ығып, бұйығы жатқан. Жер дүние сар­ғыш тартыпты. Бідә апаның қоржын тамы суықтан тоңғандай бүрісіп, кіші­рейіп, жербауырлап, сорайған жал­ғыз мұржасы ғана көрінеді. Әке-шеше­м­із күн сайын таңертең балаларын жұм­сап, апаның амандығын біліп отырады. Біз малының астын тазалап, отын-суын кіргізіп береміз.

Бідә апам соған мәз болып, батасын аямайтын. Әр барған сайын соғыста өлген ұлдарының балалық қылықтарын айтып, өңі нұрланып, бізді жібергісі кел­мей, ұзақ ұстайды. Жалғыздықтан жа­лы­ға ма, әлде балаларын сағына ма, кім білсін! Әңгіменің арасында өзінің немере бауыры Нығметті аузына жиі алады. Тірі жүрген жалғыз тіреніші, сүйенер бауыры сол екен. Алдағы көктемде апасын көшіріп әкетпек.

– Қайтейін, шалымның сүйегі жатқан, балаларымның кіндік қаны тамған жерді қима­сам да, бауырымды режіткім кел­мейді, көшемін, – дейді күрсініп. – Жал­ғызым, жанашырым емес пе, топты бала-шағасы болса да маған алаңдай береді...

Түс әлеті еді. Жел басылған. Ауа тып-тымық. Кенеттен Бідә апаның үй жа­ғы­нан әйелдің ащы даусы мына ты­ныш­­тықты қақ жарып, ұйпа-тұйпа етті. Көкіректен ышқына шыққан зарлы да-

уыс Сағадағы аз ауылды тік көтерді. Жұрт Бідә апаның үйіне асыға-аптыға кірген еді. Төрде отырған кейуананың аппақ сел­дір шашы қобырап кетіпті. Белін таянып алып, зарлап отыр. «Уа, құдай, қу құ­дай! Осыншама зарлататын не жазып едім? Неге соңымнан қалмайсың?! Соң­ғы үмітім, сүйенер соңғы тіренішім Нығметті де жалмағаның ба? Көзін аш­па­ған күшіктей шулап қалған жас балаларына да мейірімің түспеді-ау!» – дейді.

Көптен бері тәубеге көшіп, жалғыз бауырын медет тұтып, өзін тежеп жүр­ген­діктен көкіректе қатқан қалың қай­ғысы қайта ақтарылып кеткендей. Шүй­кедей кемпір екі бүктетіліп зар төге­ді. Өмірінде көрген қорлығын, қыр­шын кеткен ұлдарын жоқтайды. Ха­бар­шының сөзіне қарағанда, бұрын дені сап-сау Нығмет аяқ астынан қатты ауырып, аузы-мұрнынан қара қан кетіп өліпті. Бұрын-соңды кездеспеген беймәлім ауру. Көзі жұмылғанша есін жоғалтпай, сөйлеп жатса керек. Сонда бұрын ешкімге айтпаған бір сырын ашыпты. Жазда атом бомбасын сынаған күндері оны әскерилер шақырып, өзі жүргізетін жүк машинасымен Саржалдың Қарауыл жағындағы жазықта тосып тұруын міндеттепті. Нығмет бомбаның бар сұмдығын сол ашық жерден көріпті. Өзіне осы кеселдің сол жолы жабысқанын әйеліне сыбырлап айтса керек. Мұны естіген Бідә апа, тіпті аңырап кетті. Ол бәрінен түңіліп, соғыста шейіт болған ұлдарын шақырып, оларды жалмаған құдайды да, немісті де, төбемізден бомба төккендерді де қарғап-сіледі. «Бәріңнің де атың өшсін! Сендер де мен сияқты зарлаңдар!» – деді сорлы ана.

Оны қоршай отырған он шақты адамның шарасыздықтан бастары төмен салбырап, жұбатарлық сөз таба алмады...

Нығметтің қырқынан соң, немере келі­ні Сақып, өзі қан құшып отырса да Бідә апаны іздеп келіп, көшіріп әкетті. «Не көрсек те бірге көрейік», – депті.

Қаңырап бос қалған жолан үй көк­тем шыққанша мұржасы сорайып, қал­қиып тұрды. Көп ұзамай үстіне түс­кен қар­ды көтере алмады ма, әлде тозығы жет­ті ме кім білсін, Сталиннің жылына жет­пей, төбесі опырылып құлап түсті. Сөй­тіп «жетім құжыраның» да ғұмыры аяқталды.

Сұлтан Оразалы