Тарих • 20 Маусым, 2018

М.Әуезов атындағы драма театры музейінде 300 мыңнан астам жәді­гер сақ­талған

921 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өзінің өткенін ардақтай білетін, әрбір істен мән-мағына тудыра алатын халық музей ашуға пейілді келеді. Музей – халықтың тарихи танымының шежіресі, түрлі оқиғалар мен кезеңдердің, ұмытуға болмайтын сәттердің куәгері. Мұндағы әр заттың өзіндік тарихы бар. Сол затқа назар сала отырып, біз руханият дүниесіндегі бірнеше параллель оқиғалар мен кезеңдерді, дәуірлік құнды деректерді байқаймыз. 

М.Әуезов атындағы драма театры музейінде 300 мыңнан астам жәді­гер сақ­талған

М.Әуезов театрының музейі жарты ғасыр уақыт ішінде өзінің жәдігерлерін толықтырудан бө­лек, халықты театрдың өт­ке­німен таныстыратын, аяулы да ардақты актерлердің өмірнамасының ел біле бермейтін беттерін жинақ­тап, көрерменге жеткізетін рухани орын. Музейдің ашылу тарихы туралы айтқанда, театрдың ір­ге­тасын қалаушылардың бі­рі Қапан Бадыровтың «Ес­тен кетпес есімдер» атты кіта­бын­дағы «Тарих қоймасы» атты мақа­ласындағы «Алғашқы ашыл­ған театрды зор қуанышпен қарсы алған қазақ елі сонша көп сыйлықтар тартты. Кілем, түс­киіз, қасқыр ішік, түлкі ішік, түлкі тымақ, түйе жүн шекпен, құндыз бөрік, жібек шапан, күміс ер тоқым, сырлы аяқ, күміс ожау, ағаш шара, сары тос­тағандар, дастарқандар, аша бақан, күміс кісе, жібек белбеу, әртүрлі өрілген қамшы театр құр­метіне тартылған-ды. Ал қыздар киер үкілі тақия, кәмшат бөрік, сәукеле, оқалы шапан, кес­телі көйлек, омырауына түрлі теңге таққан камзол, сылдыраған шолпы, білезік, балдақтардың талайы сыйға келгенін білеміз» деген жолдары ойға оралады. Көрнекті актер кезінде осы­ның бәрінің қадіріне жете ал­мағандарына өкініш білдіреді. Себебі халық сыйға тартқан осын­шама мұра-жәдігерлер му­зей болмағандықтан тозып, іске алғысыз дүниеге ай­налған. Егер 1926 жылдан бергі бар­лық экспонаттар сақталған болса, көрер­менге тарту етер құнды дүние тіптен мол болар еді. Ештен кеш жақсы. Қазірдің өзінде музей қоры Қазақстандағы театрлар музейлерінің ішіндегі ең байы, толымдысы. Мұндағы заттар сан алуан, тарихи құны аса жоғары бағалы дүниелер мол.

Музей 1968 жылы ашылды. Сол жылдары Қапан Бадыров, Нұр­мұхан Жантөрин, Сәбира Май­қанова, Шәкен Айманов, Хади­ша Бөкеева, Шолпан Жан­дарбекова, Асанәлі Әшімов, Есмұ­қан Обаев, Әубәкір Рахимов бас­таған аға-апаларымыз бар күшін салып, жәдігерлердің жи­­нақ­талуына, көбеюіне, олар­дың хронологиялық тәртіп­пен реттелуіне зор үлес қос­қан. Бүгінде театр му­зе­йінен 92 жылдық тарихы бар қа­ра­шаңырақтың өнер белес­терімен кезең-кезеңімен таны­суға болады. Елімізге белгілі өнер тұл­ғаларының майлы бояумен са­лынған 30-дан астам портреті қаз-қатар тізіліп, ілініп тұр. Актерлердің әр жылдары, әртүрлі қойылымдарда киген костюмдері – баға жетпес байлығымыз. Музей жұмыс істегелі бергі зерлі, асыл ма­тадан тігілген киім үлгілері бар. Актерлердің марапаттары, медальдары, алғыс хаттары, қолданған бұйымдары сақ­таулы. Әр спектакльден түсі­рілген фотолардың қоры да мол. Фотолар мұрасына үңілген кезде, сонау театр құрылған жыл­дардан бастап, күні бүгінге дейінгі кезеңді қамтитын, режиссерлер, актерлер, басшылар, техникалық қызметкерлер, басқа да театрға қатысты бейнелерді көресіз. Белгілі актерлердің өзі тұ­тынған заттары, әшекей бұйым­дары, кейбір күнделіктері мен қолжазбалары, тілектері де табылады. Соңғы жылдары қо­рымыз әртүрлі бейнежазба­лармен толығу үстінде. Спектакльдердің бейнежазбасын да сақтап, қажет уақытта пайдалануға мүмкіндік туғызып отырмыз.

Музейдегі ең құнды дүние­лердің қатарына қойылымдардың афишаларын жатқызуға болады. Мысалы, 1926 жылы 13 қаң­тарда Қызылордада қойылған ең алғашқы қойылым – Қошке Кемеңгерұлының «Алтын са­қа» пьесасының «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған афиша­сының көшірмесі бар. Осы құн­ды дерек қазақ театрының тари­хын терең зерделеудің негізі бо­ла алады. Бұдан кейінгі жыл­­дардағы афишалар арқылы қазақ театрының тақырыптық, мазмұндық ерекшеліктерін бай­қаймыз. Қорымыздағы көзге оттай ыстық басылатын тағы бір құнды дүниелер – суретшілердің қойылымдарға дайындаған киім үлгілерінің эскиздері. Оларға қарап отырып суретшілердің театр әлеміндегі айрықша еңбегіне тәнті болмай тұра алмайсыз.

Музей қорында қазіргі таңда 300 мыңнан астам жәді­гер сақ­талған. Әуезов театры жыл сайын «Театр көктемі» фести­валін өткізіп келеді. Аса мәртебелі мере­кенің кезінде «Фестивальден фес­тивальге дейін» деген көрме ұйымдастырылуда. Музей жылжымалы көрмелерін де өткізіп келеді. Елеулі даталар бойын­ша, республикалық мерейтой­лар кезінде өзге облыстарда көрме ұйымдастыру қолға алын­­ған, сонымен қатар театрда үлкен кешенді көрмелер ұйым­дас­ты­рылды. атап айтқанда, 2016 жылы театрдың 90 жылдық мерейтойына бүкіл театр тарихын 4 кезеңге бөліп көрсетілген арнайы көрме өтті. 2016 жылы Қазақстан тәуелсіз­дігінің 25 жылдығына орай Ас­тана қаласында, Ұлттық музей ғимаратында «Тарих толқы­нын­­­дағы театр шежіресі» атты көрме жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Ел­басымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақа­ласы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қол­да­уымен Токио қаласында өткен гастрольдік сапарын­да «Рухани қазына» атты көрме ұйым­дас­тырып, жапондық көрер­мен­дердің театрдың бай тарихымен танысуына мүмкіндік жасалды. Театр музейі көрерменнің өнер шаңырағындағы уақытын оңтайлы пайдалануы үшін белсене қызмет етіп келеді. Әр күні қойылым көруге келген көрер­мендердің кемінде тең жартысы бізге келіп, театрдың тарихымен, бүгінімен танысады.

 Наргиз ТАМАБЕКҚЫЗЫ,

 М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық

драма театры музейінің жетекшісі