Өнер • 20 Маусым, 2018

Жұмат Әнесұлының шығармашылығы

441 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Суретші – сусыған уақытты тоқтатып, тарихтың  бір сәтін қылқалам құдыретімен тоқтатқан шебер.

Жұмат Әнесұлының шығармашылығы

Көзімен көргенді жүректен өткізіп, көрерменге ұсынады. Сондай ерекше жандардың бірі – суретші Жұмат Әнесұлының  «Алматы және оның аңыз адамдары» атты жеке сурет көрмесі Алматы музейінде ашылды. Көрмеге қылқалам шеберінің пейзаж, портрет, натюрморт, кескіндеме жанрларында жазылған 50-ден астам туындысы қойылған.

Бейнелеу өнері – Ж. Әнесұлының шығармашылығының бір қыры ғана.  Ол талантты суретші ғана емес, сонымен қатар публицист,  жазушы, бірнеше кітаптың авторы.  Ежелгі грек  Эзоп негізін қалап, француз Жан де Лафонтен,  орыс  жазушысы Иван Крылов дамытқан, Ахмет Байтұрсынов қалам тербеген мысал жанрын меңгеріп, уытты сатирасымен қазіргі қоғам келеңсіздіктерін  аямай түйреп жүрген де осы  шығармашыл тұлға.

«Жұмат Әнесұлының шығармашылығы суретпен ғана шектелмейді. Проза, публицистика жанрындағы еңбектері елге танылса, ақындық жүрегімен салған суреттері – көрерменге енді жол тартып, өз бағасын алары сөзсіз»,- деді, кеш қонағы әрі суретшінің кейіпкері, қазақтың жыр аққуы атанған ақын Марфуға Айтқожина.

Ақын, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы қазақты әлемге таныту, ұлт ретінде мойындату халықтың өнері мен мәдениетін насихаттаудан бастау алатынын тілге тиек етті. Тағдырлы тарихымыз, өр өнеріміз, ұлт мәйегі – мәдениетімізді «...өзіміз ғана біліп, өз қазанымызда өзіміз қайнай беруге болмайды. Шартарапқа танытуымыз керек».

Көрменің ашылу салтанатына арнайы шақырылған ақындар Аян Нысаналин мен Зейнолла Тілеужанов жиналғандарды жырмен сусындатса, көрмеге ақ жол тілеген белгілі күйші Талап Қараш Нұрғисаның «Аққуын» әуелетті.

Шебердің қолынан шыққан «Ботаникалық бақ», «Төле би көшесіндегі аллея», «Ескі алаң», «Қызыл үй» картиналары  Алматының өзіне ғана тән атмосферасын шебер жеткізсе,  өмірлері Алатау баурайындағы әсем қаламен біте қайнасқан Ахмет Байтұрсынов, Айгүл Үлкенбаева, Шөмішбай Сариев, Аян Нысаналин, Марфуға Айтқожина, Кеңшілік Мырзахметов сынды тұлғалардың портреттік галереясы терең психологизммен ерекшеленеді.

«Сурет –  адамзат тарихындағы ең ежелгі  өнер саласы. Тасқа қашап сурет салған бабаларымыздан бастау алған  киелі өнердің қазақ дүниетанымында да алар орны ерекше. Қазақ бояуға, түске терең мән берген халық. Киіз үй жасауларының, тұрмыстық заттардың  қанық бояуы, табиғат түстері  баланың қиялын дамытып, көңіл көкжиегін кеңейтетінін ата-бабаларымыз ертеде ақ байқаған. Сондай тәрбиеге қанып өскен Жұмат Әнесұлының шығармашылығы да экспрессияға бай, портреттері кейіпкер мінезін дәл беруге ұмтылған»,- деп,  атап өтті көрменің ашылуында сөз алған «Алматы қаласы музейлер бірлестігі»КМҚК директорының орынбасары Қайрат Тарбаев.

Алматы музейіне алғысын білдірген суретші Жұмат Әнесұлы музей қорына өткен ғасырдың 60-70 жылдары өзі қолданған бірнеше фотоаппаратты тарту етті. Құнды жәдігерлер музей экспозициясынан лайықты орын алары сөзсіз.

Т.Махамбетәли,

музей қызметкері

АЛМАТЫ